Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен генерал-майор Марғұлан Аманбаев Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Марғұлан Аманбаев 1973 жылғы 20 қаңтарда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
Екі жоғары білімі бар. 1995 жылы Жезқазған тау-кен технологиялық институтын, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. Мемлекеттік награда – II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2000 жылы Астана қаласы Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің № 8 өрт сөндіру бөлімінің инженері лауазымынан бастаған.
Қызмет жылдары кәсіби және басқарушылық қалыптасудың барлық негізгі сатыларынан өтіп, елорда гарнизонының әртүрлі басшылық лауазымдарында қызмет атқарған.
2020 жылы Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2023 жылдан бастап ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.
Қызмет өткерген жылдары Марғұлан Аманбаев азаматтық қорғау жүйесін дамытуға, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жұмысты жетілдіруге, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
