Астанада халықаралық технологиялық AI & Digital Bridge 2026 форумы аяқталды. Ауқымды шара технологиялық бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды, халықаралық компанияларды, инвесторларды, стартаптарды, әзірлеушілер мен сарапшылар қауымдастығын біріктірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» тақырыбымен өткен форум Қазақстанның өңірлік жасанды интеллект экожүйесін қалыптастырудағы рөліне, өз инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналды. Екі күндік ашық бағдарлама аясында форум алаңына 47 мыңнан астам рет келу тіркеліп, 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысты. Іскерлік бағдарламаға 429 бірегей спикер, соның ішінде 114 шетелдік сарапшы қатысып, 106 панельдік сессия өтті. Көрме алаңында Startup Alley форматында 96 стартап, 49 IT-компания және 42 жеке стенд таныстырылды.
Форумның алғашқы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен пленарлық отырыс өтіп, Мемлекет басшысы елдің технологиялық трансформациясының негізгі бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінің ашылу рәсімі өтті. Президентке цифрлық және AI-жобалар таныстырылды. Форумның қорытынды күні Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық шешімдермен танысып, марапаттар табыстады. Сондай-ақ Guinness World Records ресми төрешісі Гленн Поллард HackAlem AI хакатонына қатысушылар саны бойынша әлемдік рекордты растайтын сертификатты табыс етті.
Шара барысында Қазақстан жаңа AI экономикасының барлық бес деңгейін, атап айтқанда энергетикалық инфрақұрылымнан бастап өз тілдік модельдері мен қосымшаларына дейін жүйелі түрде дамытып жатқаны атап өтілді. Орталық Азиядағы ең ірі «Деректер орталықтарының алқабы» мегажобасы жүзеге асырылуда. Жиынға Баладжи Шринивасан, Кай-Фу Ли, Яцинь Чжан және басқа да әлемдік сарапшылар қатысып, жаһандық өзгерістерді талқылады.
Сонымен қатар кино саласындағы Astana AI Film Festival (AAIFF) байқауына 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті. Astana Hub Battle байқауының жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары қатарында eGov.GPT (GovTech Project), GoPrep (EdTech Project), Rette (Startup of the Year), Aventa AI (Corporate AI), Higgsfield AI (International Breakthrough), MA7 Ventures (VC of the Year) және ōzen (Creative Industry) аталды.
Форум қорытындысы бойынша, 61 меморандум мен келісімге қол қойылды. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз туры аясында 20 елден 52-ден астам шетелдік БАҚ қатысып, шараны кеңінен жариялады. EXPO халықаралық көрме орталығында өткен ауқымды форумды Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
