Қонаев гарнизонында 35-ші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының саптық алаңында мерзімді әскери қызметін аяқтаған әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі өтті.
Алматы облысында 600-ге жуық десантшы Жауынгерлік тумен қоштасты
Фото: gov.kz
195
оқылды

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен 600-ге жуық десантшы салтанатты шерумен жүріп өтіп, әскери абыройдың, ерліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы саналатын Жауынгерлік туға құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Осы бір жыл ішінде сіздер шыңдалып, тәжірибе жинақтап, өз күштеріңізге деген сенімдеріңіз артты. Жақсы әскери мектептен өтіп, ұйымшылдықпен әрекет етуді және ең күрделі жағдайларда сабыр сақтауды үйрендіңіздер. Қызметтеріңіз бен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің дәстүріне адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, бақ-береке және ашық аспан тілеймін, – деді 32363 әскери бөлімінің командирі, гвардия подполковнигі Рахымжан Серікбаев.

Үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге еңбегі үшін грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтары мерзімінен бұрын берілді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің ата-аналарына да алғыс хаттар табыс етілді.

Қорытынды саптық марш, командирлердің ақжолтай тілектері мен аға буынның ізгі лебіздері олардың жадында мәңгі сақталмақ.

– Армия маған көп нәрсе берді. Осында командалық жұмысты үйреніп, нағыз достар таптым, өз күшіме деген сенімім артты. Қызмет барысында парашютпен төрт рет секірдім. Әр секіру мен үшін үлкен сынақ болды. Ол өзіме деген сенімімді арттырып, қиындыққа мойымай, алға ұмтылуды үйретті, – деді Түркістан облысынан әскерге шақырылған гвардия кіші сержанты Сұлтанбек Рахатұлы.

Жас десантшылардың артында – бір жылдық әскери қызмет, қарқынды жаттығулар мен мол тәжірибе бар. Бұл тәжірибе олардың алдағы дамуына берік негіз болып, жауапты шешімдер қабылдауға және алға қойған мақсаттарына жетуге септігін тигізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.