Продюсер Гүлзира Айдарбекова жастарды коучтардың ақылын тыңдап, айтқанымен жүрмеуге кеңес берді, – деп жазды Aikyn.kz.
Продюсер Роза Әшірбаеваның сөзіне жағасын ұстағанын жасырмады. Коуч әйел бір жерге барарда енесінен, күйеуінен сұранғанын қалыпты дүние деп санамайтынын айтқан еді.
Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі осындай жағдайлар жастардың тәрбиесіне кері әсер етіп жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Сұранса, бір жері кеміп қала ма? Сұранбай кетсе, мүйіз шыға ма? Жастар онсыз да өз ата-анасын емес, осылай ақыл айтатын адамдарды тыңдап, өзгеріп бара жатыр. Үлкенді құрметтеу жоғалып, бұлай азғыруға болмайды. Осындай ақылды өз ұрпақтарына үгіттеп бере бергені дұрыс-ау. Осыдан кейін отбасыларында қалай ауызбіршілік болсын? Мен де енемін. Келіндеріме бір нәрсе айтсам да, өзім бір жаққа барсам да ескертпей кетпеймін. Біз бір отбасы емеспіз бе? Кейде келіндеріммен ақылдасамын. “Не киемін, не алып барсам болады?” деп сұраймын. Олар да көмектесіп, қажет болса сыйлыққа тапсырыс беріп жатады. Осыдан кейін керемет көңіл күймен үйден шығамын. Күйеуіңнен сұрансаң, не болыпты? Бір жағдай болса, жүгіріп келетін де сол отбасың, күйеуің емес пе? Әрине, Роза емес. Мен Розамен сыйласамын. Бірақ мына сөзі денемді тітіркентті. Құрметті аналар, келіндер, біреудің емес, өз ақылдарыңызға жүгініңіздер. Мүмкіндік болса, өз анаңызбен ақылдасыңыз. Қандай болса да, енеңіз де сіздің анаңыз. Сіз оның өмірін жалғастырып, сол әулеттің ұрпағын тәрбиелеп отырсыз. Нағыз жанашырыңыз – осы адамдар. Ерегісті, менмендік пен өзімшілдікті тоқтатып, бір-біріңізге мейіріммен қарап өмір сүріп көріңіздер. Сонда жолыңыз ашық, өміріңіз керемет, табысыңыз берекелі болады», - деді продюсер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
