Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Ынтымақтастықты жандандырған жол
121
оқылды

Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құр­мет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президент ор­кестрі Қазақстан мен Оманның әнұран­дарын шырқады.

Бұдан кейін мемлекеттер басшы­лары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент мәртебелі мейманға ілти­пат білдіріп, Оман Сұлтанының Қа­зақ­станға жасаған бірінші сапарының  маңызды оқиға екенін атап өтті.

– Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге ал­ғаш рет мемлекеттік сапармен кел­ген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәр­тебе. Мұның тарихи мәні ерекше еке­ніне сенімдімін. Өйткені бұл ел­деріміз арасындағы сан қырлы ын­ты­мақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпал­дас­тық­тың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдеріміз сенімді серіктеске айналуы үшін барынша күш салатынын айтты.

– Қазақстандықтар еліңізге ерек­ше құрметпен қарайды. Оманға саяхат­тап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оман­ның басқа да қалаларын көр­ме­ген отандастарымыз бар. Елдеріміз ара­сында қосымша тікелей коммер­ция­лық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз. Сіздің сапарыңыз аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды ке­лісімге қол қойылғанынан хабар­дар­мын. Бұл да қос тараптың өзара қарым-қатынасты ілгерілетуге мүд­делі әрі дайын екенін көрсетеді. Мұны ортақ жетістігіміз деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оман Сұлтаны қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшы­сына алғыс айтты.

– Кейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарым-қатынасымыз айтар­лықтай ілгерілеп, нығая түсті. Бүгінгі кездесуіміз қол жеткізілген нәти­же­лерді бекемдеп, екіжақты байла­ныс­тар­ды жаңа деңгейге көтереді. Сапар аясында өзара түсіністік жөніндегі бір­қатар келісім мен меморандумға қол қоямыз. Сіздің қолдауыңызбен эко­номика, саяси және мәдени-гума­нитарлық салаларда берік байланыс орнатамыз деп сенемін. Біз екі ел ара­сындағы барыс-келістің артуына мүд­деліміз. Президент мырза, жылы қарсы алғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Өзіңізбен жақын арада Маскат қаласында жүздесеміз деп ой­лаймын, – деді Хайсам бен Тариқ Әл Саид.

Құрмет пен қолдау

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Оман Сұлтанына ілтипат танытып, оның Сұлтан ретінде Орталық Азияға алғаш рет сапармен келгенін атап өтті.

– Оманды Қазақстанның араб әле­міндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы ай­тулы дата – Қазақстан мен Оман ара­сындағы дипломатиялық қарым-қа­тынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі деле­гацияның Астанаға жасаған жемісті са­пары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көр­сетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қол жеткізген уағдаластықтар бауырлас халықтарға айтарлықтай пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

– Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақүй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид ыстық ықыласпен қарсы алғаны және табысты келіссөз жүргізгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-оман ынтымақтастығының жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтті.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы кез келген уақытта Оманға сапармен ке­луге шақырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты қарым-қаты­настарды дамытудың алдағы бағыт-бағ­дарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Екіжақты байланысқа серпін

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты «Алтын қыран» орденімен марапаттады. Президент Оман Сұлтанының сапары тарихи сипатқа ие екенін тілге тиек етіп, оның екіжақты байланыстарға шын мәнінде серпін беретінін айтты.

– Оман – Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі. Ынтымақтастығымыз отыз жылдан бері өзара сенім, түсіністік пен қолдау рухында өрбіп келеді. Бүгін Сізбен Астана төрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды елеулі тарихи деңгейге көтергелі жатырмыз. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін. Дәстүрлі мұнай мен газ секторын немесе көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды, сонымен қатар сауда байланыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жолға қою мүмкіндіктері жөнінде өзара ақпарат алмасуды осындай маңызды салалардың қатарына жатқызуға болады. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің әрдайым ықыласты екенін атап өтті.

– Аса Мәртебелі Сұлтан, Сіз айтулы мемлекет қайраткерісіз. Ел басқару ісін­дегі көреген ұстанымыңыз бен ұзақ жылдардан бері халқыңызға жасап келе жатқан қалтқысыз қызметіңіз зор құр­метке лайық. Қазақстан халқы Сізді ерекше қадірлейді, сонымен қатар Оман­ды серіктес қана емес, достас әрі бауырлас ел деп атай алатынын мақтан тұтады. Сіздер стратегиялық мақсат қою арқылы мемлекетті гүлдендіріп, дамудың даңғыл жолына түсіруге болатынын дәлелдедіңіздер. Оны адам капиталына инвестиция құю, инновацияларды игеру және келешекке бағдарланған экономика құру қадамдарынан байқауға болады. Oman Vision 2040 бағдарламасы ұлттық болмыс-бітімді, елдің құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай отырып, әртарап­тандырылған, бәсекеге қабілетті және орнықты экономика қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағдарыңыздың дұрыс екенін көрсетеді. Көшелі көшбасшы, бейбітшілік сақшысы әрі парасатты тұлға ретінде Сіз дүниежүзіндегі көптеген жанды, танымал саясаткерлерді тәнті етіп келесіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент Оманның аймақтағы тұрақтылықты нығайту, дінара­лық диалогты өрбіту және гуманитарлық бастамаларды іске асыру ісіндегі рөліне тоқталды.

– Түрлі тараптар арасына дәнекер болып, өзара түсінісуіне талай мәрте ықпал еттіңіз. Осы алғырлығыңыз Оманды өңірлік және халықаралық қатынастарда салмағы бар елге айналдырды. Біз бұл ұстанымды жоғары бағалаймыз. Еліңіз шын мәнінде әділ әрі ешкімге бұра тарт­пайтын бейтарап мәмілегер саналады. Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар жылнамасында маңызды кезең ретінде жазылады. Аса мәртебелі Сұлтан, халық­тарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескеріп, Сізге «Алтын Қыран» орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге сапармен келген Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.

АХҚО басқарушысы Ренат Бек­тұров мәртебелі меймандарға орталық жұмысының нәтижелерін таныстырды. АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.

Іскерліктің іргетасы

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты. Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.

– Қазақстан – Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауын­ша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын қуаттай түседі.

– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Оманның жақында құры­лған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз. Екі ел қаржы институттарының бір-бірімен тікелей байланыс орнатуы инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың негізгі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тә­жірибе­сіне егжей-тегжейлі тоқталды.

– Энергетика, логистика және тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық табысты серіктестігіміз оң нәтижесін бере бастады. Біз мұны мақтан тұтамыз. Өмірлік маңызы бар осы салаларда әлеуетімізді біріктіру екі елдің игілігіне қызмет ететін бірлескен жаңа кәсіпорындардың пайда болуына септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік-логистика саласында ынтымақ­тастық әлеуеті зор екенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру және экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет екенін айтты.

– Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін серіктестік байланыс орнату, келешегі зор жобаларды пысықтау және инвестиция ауқымын кеңейту мақсатында Іскерлік кеңес мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырамын. Іскер топтар белсенді үлес қосса, экономикалық әріптестігіміз жаңа деңгейге көтерілетіні анық, – деді Мемлекет басшысы.

М.Жалғасұлы