Ақмола облысының Көкшетау қаласында 8 қазанда жоғалып кеткен төрт жасар баланың денесі ашық қалған құдықтан табылды. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
8 қазан күні Көкшетау тұрғындарын төрт жасар Алан Баймахановтың жоғалғаны туралы хабар алаңдатты. Еріктілер әлеуметтік желілерде баланы іздеуге көмектесу туралы хабарландыру таратып, оның суреті мен белгілерін жариялады. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сәйкес, бала сол күні Әшімов көшесі, 223-мекенжайынан шығып кетіп, содан кейін одан хабар болмаған. Сондай-ақ хабарландыруда баланың сөйлеу қабілеті толық қалыптаспағаны айтылған.
Алайда көп ұзамай баланың суға батып кеткені туралы суыт хабар тарады. Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қайғылы оқиғаны растады. Оқиға болған мекенжайда бірнеше ұйым мен орталық орналасқан. Солардың бірінің өкілдері баланың осы мекенжайдан анасынан алыстап, жүгіріп кеткенін нақтылаған.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 8 қазанда Көкшетау қаласында кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы полицияның кезекші бөліміне хабар түскен. Баланы іздеуге полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылған. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде төрт жасар Аланның денесі ашық жатқан құдықтан табылған.
- Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ, – деп хабарлады Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция тергеу мүддесіне және дербес деректерді қорғау талаптарына байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.
Төрт жастағы бүлдіршіннің қазасы қала тұрғындарын алаңдатып отыр. Қазір қайғылы оқиғаның қалай болғаны және оған қатысты өзге де мән-жайлар тексеріліп жатыр. Еске салайық, биыл жазда Ақмола облысының далалы аймағынан дене жарақаттарын алған бес жасар бала табылған еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
