Роллан Сейсенбаев. Жазушы өмір жолын таңдауда тектік таным, шыққан орта, өскен елінің тамырына байланады, негізіне тартпай қоймайды, генетикалық құбылыстан ешқашан жалтара алмайды. Қазақ мұны қанына тартады дейді, адам баласы тұқым-тегіне тартады. Роллан аға Шыңғыс Айтматов туралы естелігінде: «Абайдай данышпанның туысы, текті тұқымнан екенсің, Жазушылар Одағында халқыңа да, қазақ әдебиетіне де адал қызмет жаса!» деп мені бауы­рына басып құшақтағаны есімде», – деп жазды.
Жүрек пен жад
62
оқылды

Абай-Шәкәрім әлемі Роллан аға үшін рухани Темірқазыққа айналған. Жылдар алға озған сайын маған Роллан аға сол баба­ла­рының өмір шындығын мойын­дап, солар­дың басына түскен жан азабын, қиянат-өкінішін сезіп, тап бір қасында жүріп көзбен көр­гендей қиналып, энергетикасына еніп, тауқымет жолына түсіп кеткендей көрінеді де тұрады. Жарық дүниені көруі, сезіп-білуі, уайым-мұңы соларға ұқсап барады. Абай, Шәкәрім тұлғасын қастер тұтып, асыл мұрасын ұлықтау бір бөлек, қазақтың маңдайына біткен ағалы-інілі қос ғұлама қалдырған рухани сүрлеуге түсіп, солар жұтқан қайғы-зардан арыла алмай, жад, ақыл-ес шырағына еліту, сарын кешу, сана тұңғиығын сезіну қасиеті бір басқа әлем. Бір кем дүние елдік құсасын жүрекпен қабылдап, өларада дүниеқоңыздықты рухани байлық­тан артық санаған қоғам, әдеби орта, жарқ-жұрқ алдамшы тірші­ліктен безініп, өзімен-өзі сырла­сып, бір шетте бұйығы қалғандай көрінеді де тұрады. Шыңғыстау, Жидебай, Саятқора оқшаулану, тақуалық, дүниеден баз кешу тыл­сымын тау-тас, суында, кеңістік жадында тұтып қалғандай. Адамды заманы билейді. Сөйте тұра ағысқа қарсы жүзу ежел­ден бар. Сүйегі 30 жыл құр құдықта қалған Шәкәрім қажы жазмышы өз ұрпағын ойлан­дырмай ма?! Неліктен мұндай жалғыздық дара тұлға, ойлы адамды құрсай бермек? Сол елден шыққан соңғы жырау Шәкір Әбенов-Шәкер ата өзін талай мәрте қуғынға ұшы­ратып, қапас торға тоғытқан сайын қиын заман­ға илігіп бас имеген, ығы зорға жағы­ну-жалтақтау жат, өр мінез, дәруіш қалы­бында өткені жалған емес. 

Роллан Шәкенұлы үлкен әдебиетте, шетелдерде есімі белгілі жазушы, әзірге өзге қазақ ақын-жазушысында жоқ марапат-атақтары бір шоғыр. Бұрынырақ телефонмен тілдескенде Клара тәте Роллан ағаның клас­сикалық әдебиетті жинай беретіні хақында қызық пікір айтты. «Роллан ағаң үйіп-төгіп кітап сатып ала береді, үйге сыймай кетті. Сөйте берсең кітаптар қалалық пәтерде ине шаншар жер қалдырмай, сені де сыртқа шығарып тастайды». Алматыға көшіп келген соң жиған кітаптарды айтқаны. Жазушы отбасы Мәскеуде тұрғанда жеке кітапхана қоры кабинеттен асып, шығаберіс ұзын дәліз қабырғаға қаланып, сөре-сөре созылғаны көз алдымда. Клара тәтенің сөзінде шындық барын мойындай баста­дым. Соңғы 8 жылда үш-төрт жәшік кітапты жұртқа беруге мәжбүр болдым... Роллан Шәкен­ұлы адал жары Клара Серікбай­қызы екеуі рухани болмыс-бітім, интеллектуалдық тұрғыдан өзара өте жақын жандар екенін анық білемін. Клара тәтенің аяулы бейнесін «Майя» атты повесімде өз есімімен бердім. Кітап демекші, туған жер ядролық атом жары­лысын бастан кешкен қияметті сурет­тейтін автобиографиялық «Дүние тас-тал­қан болған күн» атты таңдаулы туындыда далада қозы-лақ бағып жүрген жүгірмек балалардың бірі, жеті жасар ұл Марк Твенді оқыдым дейтіні таңғалдырды. 

Роллан Сейсенбаев прозасында туған жер сарыны айрықша киелі, оның өткені қа­сіретті, ауыр қайғы-зар қазақ халқына ор­тақ. «Тас түс­кен жеріне ауыр», ядролық атом бомбасы 40 жыл сыналған Шың­ғыстау – Дегелең – Абыралы – атамекеннің жүрек-өк­пе, жер қыртысы, су-топырағы сұмдық жа­ра­дан, радиациялық уланудан әлі толық айығар емес. «Дүние тас-талқан болған күн» атты әңгіменің көтерер жүгі романға бергісіз. Полигон тақырыбына жазылған туындыда декоративті ештеңе жоқ. Бастан-аяқ гегемон империялар тақ таласта шыбын жаны шыр­қырап есеңгіреген қайран ел мен көкте ай-күн аманда жер бетінде жерастылық тозақ отына күйген атақонысқа асқан перзенттік сағын­ыш; қара жер теңселіп, галак­тика білі­гінен тайып, құлдилап-аунап лағып кетердей бұлқына күңіренген шер, бұрын-соңды ғаламда болмаған адам айтқысыз трагедияны жеті жасар бала тау ішінде киіз жамылып жатып өз басынан өткергесін тірі жер құса­сын жұту, қасиетті аруақтарды еске алып, өткен күн, жан сүйеніші, ет бауыр жақын-туысты ұмыттыр­мауға арналған реквием. Расында, геодезия ғылымы өлше­мі­мен жер кіндігі Жидебай ғарышқа тік шығатын нүкте болған соң таңдал­ған. Ең бастысы, жазушы оны қиял­дан алып немесе сырттан келіп, көрмей-білмей жазудан аулақ. Оның астарында тектік жаратылыс, шежірелік, әулеттік сарын, жадқа ерен адал­дық бар болмағы сондықтан. Роллан Шә­кенұлы 1953 жылғы жаз өз көзі­мен көрген сұмдық қиянатты – сутегі бом­басы жарыл­ғанда күллі жаһан­намды демімен үрлеп, сорып алғандай ғаламат от шашқан дәу са­ңырауқұлақ шексіз аспанды аунатып жібе­рердей пішінді есейгенде жүрегі қан жылап, жер жылайды деп суреттейді. Тажал жалғыз көзді десе, мынау нақ сол тажал бола­тын. Әсірелеу, ұрандат­қан патриотизм ырым­ға жоқ. Поли­гонды әншейін фон, панора­ма етпектен аулақ. Курчатов есімі екі жерде бар. Архам «Шәкәрім қажының жерленбеген сүйегі осы маңда құдықта жатыр», – дейді. Естіген ел үнсіз, Шәкәрім әлі ақ­тал­маған, халық жауы. «Оны Өтеген біледі, аудандық НКВД-да қызмет еткен», – дейді Дүйсехан. 

Әңгіме Мәскеуде тұратын жазу­шыны ой қамап, әке аруа­ғымен тілдесуден басталады. Ата, әке, апа, жары және жазушының ұл-қызы өз есімдерімен берілгені көп нәрсені аңғартпай ма? Таң елең-алаңда өң мен түс алмас­қан­дай күйде жазушы Сокольники бағына барды. Қасынан гүрсілдеп өте шық­қан бос трамвай Николай Гумилевтің «Адасқан трамвай» атты мистикалық өлеңде таңба­лаған өркениет зардабын сездірмей ме? Ел тұрмаған шақ марғау қала көрінісімен параллель берілген алыс қалған атақоныс, кейіпкер елден жырақ кеткенімен жүрек қаны, ұлттық код, жад ештеңені ұмыттыр­майды. Этностық сағын­ыш пен күйініштен арылу мүмкін емес. Арбатта сатылған карти­нада тау етегінде құбыжық зұлматтан басын ала қашқан жылқылардың ақсиған тістері, ақ көйлекті кіш­кентай қыз есі шыға отты саңырау­құлаққа қарап қалғаны бейнелен­ген. Ол жарылысты суретші өз көзімен көргенін ұқты. Суретшінің 1960 жылдар соңында обырдан өлгенін картинаны сатып тұрған ұлынан естіді. 

Роллан Шәкенұлы досымен еріп тауға, ата-апасының қабіріне келгенін суреттейді. Шыңғыстау етегінде қойшының жеке шоқи­ған киіз үйіне қонаға түскен. Қойшы­ның келіншегі жасына жетпей шашы ағарған, бір баласы қолсыз, бір баласы төбесі жоқ жа­рымжан туған. Екі бала шетінеген. Полигон қазаққа салған жара оңай жазыл­майды. Досының қарындасы Айша: «Аға, біз ақы­рын өліп жатыр­мыз, бізге үкімет үніңді шығарма деп бұйырған. Қанша жерге арыз жазсам да жауапсыз қала береді. Өлгім келеді, бірақ мына бейшара балаларымды кімге қалдырамын?» – деп жылайды. Бесікте бала жыласа бомба жарыларын сезеді, сол замат дүмпу естілді. 

Роллан Шәкенұлы ардақты әкесі өмір­ден озғанына бес жыл өткенде Мәскеуден елге ұшарда кофе ішетін эпизодта қою ко­фені қара майға теңейді, яғни жүректі тұмшалаған түңіліс, запыран нышан. Сол жазда жер астынан шыққандай он дөңгелекті дәу әскери машиналар ауылға толып кетті, балалар бәрін байқайды, эвакуация бастал­ды. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты делінер мезет құбыжық сутегі бомба­сына айналды. Әңгімеде ата және әке бей­несі сүйіспеншілікпен берілген. Үкіметке қызмет істейтін әке билікке бағынбай қайда бара­ды («Бізге қауіпсіз деп айтты», – дейді әкесі), атасы бұл құбылысқа ерен наразы. Әскери қызметтегі орыс подполковникке ойын бүк­пей, ақтарып салады. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Мына дала көрген қорлық-зорлық, итжек­кенге айдалғандар, Лев Толстойды пір тұтқан Шәкәрім қазасы, сұм­дық аштықтан қырылған халық, соғыстан оралмаған боздақтарды айтады. Жұпыны тұрмыстан көз ашпаған біздің халықтың басына қашан бақ орнайды, сен бізді ажалға айдап отырсың ғой деп тіке сауал қояды. Елге өтем ретінде әр отбасына өкіметтен берілген 500 сом ақшаны тақыр кедей болса да алмай қоятын Дүйсехан («Дүйсехан садақа алмайды!») көптің бірі емес, ол мұның түбін, кесірін болжап тұрған халық үні болатын. Жирен мысық жүні ағарып оралды, хайуан екеш хайуан сорға батты. Атасы медбибі Галяға айтқан сөзінен бала өз әкесімен бірге туған ағасы ашар­шылықта із-тозсыз жоғалып кеткенін естіп білді. Тұңғыш ұлын асырай алмай, балалар үйіне өткізген, қайда екені беймәлім жерге көшіріп жібергенде, ұлын іздеп таба алмаған анасы құса-зардан өлген. Сол бала қайда? Оның тағдыры жұмбақ. Әже ата­сы­ның екінші әйелі болып шықты, туған әже жастай өлген екен. Әңгімені жазушы атамекен кесапа­тын азалап, көкке ұлыған бөрі тәрізді ашынумен аяқтайды. Адам­зат ядролық қоқыс, империялық сордан арылар күн қайда?

 Биылғы Нобель сыйлығына үміткер өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың «Өлі көл» атты әңгімесі полигон трагедиясына арналған. Ержан деген ұл радиа­циядан жетілмей, өмір бойы бойы өспей, бала денесінде қала берген, кейіпкерлер Шәкен, Дәулет атануы тегін емес. Маған әңгіме сюжетін өзбек жазушысына Рол­лан аға берген сияқтанады. Роллан Шәкенұлы 1995 жылы Лондонда Қазақстанның мәдени орталығы «Абай үйін» ашқанда екі жазушы кездеспеуі мүмкін емес. 

 

Айгүл Кемелбаева, жазушы