Қарағанды облысындағы Теміртау қаласы мен Ақтау кентінде газдан уланудың алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізілді.
Жанашырлықтың жарқын үлгісі
113
оқылды

Мамандар пеш жылытатын жеті тұрғын үйдің мұржасын тазалап, улы газды анықтайтын датчиктер орнатты. Бұл жұмысты «Әділет» партиясы Qarmet акционерлік қоғамындағы филиалы мен Теміртау қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасы (ТЖБ) республикалық «Қауіпсіз қала» акциясы аясында ұйымдастырды.

Тексерілетін үйлер алдын ала іріктелді. Партия өкілдері ең алдымен көмекке мұқтаж тұрғындарды анықтап, олардың үйіне барды. Бұл – көп отбасы үшін дер кезінде көрсетілген көмек.

«Мұржаны уақытылы тазалап үлгеру мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Алайда бұл жұмыстың қауіпсіздік тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бүгін біздің мұржамыз тазаланып, көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын датчиктер орнатылды. Енді үйіміздің қауіпсіздігіне алаңдамайтын болдық. Осындай көмек көрсеткен «Әділет» партиясына алғыс айтамыз», – деді Ақтау кентінің тұрғыны Елемес Амангелді.

Техникалық жұмыс жүргізумен қатар, ТЖБ қызметкерлері тұрғындармен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесі бойынша әңгімелесті. Олар пешпен жылыту жүйесін пайдалану ережелерін түсіндіріп, мұржа­ларды үнемі тазалау және техникалық қызмет көрсетіп отыру қажет екенін еске салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – қайғылы жағдайлардың салдарымен күресу емес, оның алдын алу.

«Мұржаларды тазалау және улы газды анықтайтын датчиктер орнату – қара­пайым, алайда адам өмірін сақтап қалу ісінде маңызы зор профилактикалық шаралар», – деді «Әділет» партиясы Qar­met акционерлік қоғамындағы фи­лиа­лының жетекшісі Гүлнұр Әбдіғалиева.

Мамандардың айтуынша, көміртек тотығының қаупі – адам оны сезіне алмай қалуында. Бұл газдың түсі де, иісі де жоқ. Егер ол жабық бөлмеде жиналып қалса, адам өлімі де орын алуы мүмкін. Ал дат­чик­тер газдың қауіпті концентрациясын анықтап, тұрғындарды дер кезінде ескертеді.

«Қауіпсіз қала» акциясы «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттарының бірі – тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу. Қарағанды облысында жылу беру мау­сымының басталуына байланысты газдан уланудың алдын алуға ерекше назар аударылды. Акция Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Өңірлерде де адамдарға қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізілуде.

Тілек ҚАБЫЛ