30 қазанда Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалар үйінің талантты тәрбиеленушілері бас қосады. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Жұлдыз болғым келеді» II республикалық шығармашылық байқауының финалы өтеді. Биыл 800 баланы қамтыған жобаның шешуші кезеңінде 140 қатысушы өнер көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жобаның ерекшелігі – оның бастауында балалар үйінің түлегі тұр. Байқаудың авторы әрі жетекшісі Алексей Лодочников Павлодар облысындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Өзінің өмірлік тәжірибесін негізге алған ол балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға және олардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік беретін жобаны қолға алды.
Былтыр вокал бағытында бастау алған байқау биыл хореография өнеріне арналды. Қатысушылар саны да айтарлықтай артты: 2025 жылы жобаға 170 бала қатысса, биыл олардың қатары 800-ге жетті.
Республикалық іріктеу кезеңдері мамыр-маусым айларында еліміздің барлық өңірін қамтыды. 14 өңірде іріктеу офлайн, қалған өңірлерде онлайн форматта ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 140 өнерпаздан құралған 20 би ұжымы финалға жолдама алды.
Қатысушылардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, хореография педагогі Алила Алишева, мәдениет саласының үздігі, хореограф Құралай Бейсембаева және хореограф, блогер Ердос Усабаев бағалайды.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 5 200 000 теңге.
- Бас жүлде – 2 000 000 теңге;
- I орын – 1 500 000 теңге;
- II орын – 1 000 000 теңге;
- III орын – 700 000 теңге.
Сағат 16:00-де Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
«Жұлдыз болғым келеді» жобасы балаларға тек шығармашылық сайысқа қатысуға ғана емес, өзіне деген сенімді нығайтуға, жаңа ортада тәжірибе жинауға және өнер арқылы өзін танытуға мүмкіндік береді.
