Ақтөбе облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған 22 жастағы ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші қылмыс туралы полицияға хабарлағаннан кейін әлеуметтік желіде қудалауға ұшыраған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға биыл 19 мамырда болған. Жәбірленушінің әпкесі Ақмарал Әжіғалиеваның айтуынша, сіңлісі құрбысының үйіне қонаққа барған кезде зорлық көрген. Қылмыс жасаған азамат – құрбысының ағасы, жәбірленушінің бала кезінен танитын көршісі.
Қыз болған жағдайды бір ай бойы жақындарынан жасырған. Өйткені күдікті оны ешкімге айтпауға мәжбүрлеп, өлтіремін деп қорқытқан.
«Көршіміз үйінде зорлады. Бала қорқып, бір ай бойы ешкімге ештеңе айтпады. “Айтсаң, өлтіремін, зорлағаным үшін емес, өлім үшін отырамын” деп қорқытқан. Сіңлім психологиялық күйзелісте болды. Осы оқиғаға байланысты бес ай бойы тергеу жүрді. Кеше сот үкімі шығып, кінәлі азамат 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Соттың әділ шешім шығарғанына қуандық», – деді Ақмарал Әжіғалиева.
Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, полицияға арыз түскеннен кейін қыз әлеуметтік желіде де қудалауға ұшыраған. Жергілікті пабликтерде оның суреттері жарияланып, желі қолданушылары тарапынан қысым көрсетілген. Туыстары осы жағдайға байланысты блогердің үстінен бөлек арыз түсірген. Қыздың психологиялық жағдайы күрделеніп, өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені де хабарланды.
Қылмыстық істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық тәртіпте қарады. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамағанымен, оның кінәсі жәбірленуші мен куәлардың жауаптары, сараптама қорытындылары және заттай дәлелдер негізінде анықталған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қазіргі уақытта жәбірленуші психологтардың көмегіне жүгініп, оңалту курсынан өтіп жатыр. Оқиғадан кейін ол мектептегі оқуын тоқтатып, колледжге ауысқан.
