Аймақтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті.
Президент Жолдауы: аймақтар әлеуеті артады
188
оқылды

Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері халықпен әлеуметтік қолдау, экономиканы дамыту, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобалар мәселелерін талқылады.

ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТАҒЫ СЕРПІН

Елордада барлығы 10 кездесу өтті. Бизнес өкілдерімен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында, студенттермен Назарбаев Университетінде, мемлекеттік қызметші­лермен «Есіл» ауданының әкімдігінде кездесу болды. Әлеуметтік мәселелер «Жансая» қызмет көрсету орталығында, №70 мектеп-лицейде, Еңбек ұтқырлығы орталығында және № 6 қалалық емханада талқыланды. Тағы үш кездесу Astana Hub, «Нұра» ауданы әкімінің аппаратында және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтті. Бұл формат Жолдаудың ережелерін әртүрлі қызмет салаларының өкілдерімен талқылауға мүмкіндік берді.

Экономикалық және қоғамдық бастама­ларды талқылауға Құрылтай депутаты, профессор Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Табиғат Зей­нұлқабден, жазушы-драматург Роза Мұқанова және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин қатысты. Қатысушыларға Жолдаудың екі негізгі бағыты – Халықтық ауқымды құрылыс және халықтық цифрлық экономика түсіндірілді. Біріншісі әлеуметтік, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды, екіншісі кәсіпкерлікті дамыту және азаматтардың табысын арттыру үшін технологияларды пайдалануды көздейді.

Табиғат Зейнұлқабден Президент тапсырмаларын іске асыру жоғары сапалы басқару шешімдерін және оларды орындаудағы жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Роза Мұқанова қоғамдық этика, оқу мәдениеті және салынып жатқан әлеу­меттік нысандардың сапасы мәселелеріне назар аударды. Азамат Әмрин кәсіпкерлер мен студенттердің экономикаға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Тағы бір бағыт әлеуметтік саясатқа арналды. Кездесулерде Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина атаулы көмектің маңыз­дылығын, қолдау ең алдымен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға жетуі керектігін атап өтті. Ол сондай-ақ ең тө­менгі жалақы деңгейінің өсуіне, инфляцияны тежеу қажеттілігіне және цифрлық қызмет­терді пайдалану қиынға соғатын қарттар мен азаматтар үшін мемлекеттік қызмет­тердің қолжетімді болуына назар аударды.

Ольга Перепечинаның айтуынша, 2029 жылдың соңына дейін «Халықтық ауқымды құрылыс» бағдарламасына аясында салынатын нысандарды таңдау кезінде демографиялық жағдайды, өңірлердің нақты қажеттіліктерін және мектептердің, ауруханалардың, оңалту орталықтарының және басқа да әлеуметтік инфрақұрылымның болашақ сұранысын ескеру қажет. Ол жеке деректерді қорғауға және цифрлық сауаттылыққа ерекше назар аударды.

Astana Hub-та IT қоғамдастықпен кездесуде Құрылтай депутаты, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев Жолдаудың барлық бағыттарында цифрлық шешімдер қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның IT қызметтерінің экспорты бес жыл ішінде шамамен 30-33 млн доллардан 1 млрд долларға дейін өсті. Алдағы міндет – отандық компанияларға сыртқы нарықтарға шығуға, ал өңірлердің тұрғындарына цифрлық платформалар арқылы жұмыс пен сатып алушыларды табуға көмектесу.

Дархан Ахмедиев сонымен қатар құрылысты жоспарлау кезінде цифрлық қосарландыруды қолдану туралы айтты. Мұндай модельдер жаңа объектілердің қажеттілігін алдын ала анықтауға және инженерлік желілерге түсетін жүктемені бағалауға мүмкіндік береді. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин өз кезегінде жасанды интеллект IT кәсіпкер­лікке кіру шегін төмендететінін атап өтті. Оның пікірінше, цифрлық экономиканы дамыту үшін талшықты-оптикалық желілер, деректер орталықтары және білім беру бағдарламалары қажет. 

Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс жаңа жобаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол қазіргі 27 ГВт электр желісінің белгі­ленген қуатына 2029 жылға дейін шамамен 13,3 ГВт қуаттылық енгізу көзделіп отырғанын хабарлады.

ҚОҒАММЕН АШЫҚ БАЙЛАНЫС

Осындай кездесулер Ақмола облысында Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жұмыс сапары аясында делегация Көкшетау қаласында Ш.Уәлиханов атындағы уни­верситеттің оқытушылары мен сту­денттерімен, сондай-ақ «Тыныс» және «Новопэк» кәсіпорындарының еңбек ұжым­дарымен кездесті. Ал Зеренді аудан­ында білім және мәдениет саласының өкілдерімен жүздесу ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудандық өнер мектебінің ұжымымен және Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназия педагогтерімен пікір алмасу өтті.

Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Асхат Рахимжанов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Рахметуллина және Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров болды.

Кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге ерекше назар аударылды. Талқылау өзегіне елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек нарығын дамыту және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелері арқау болды.

Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов 2027 жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялау бастамасының өңірлер үшін маңызына тоқталды.

– 2027 жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялау – еліміздің барлық өңірін қамтитын және азаматтардың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты ауқымды бастама. Бұл бастаманың Ақмола облысы үшін де практикалық маңызы зор. Әр ауданның өзіндік инфрақұрылымдық қажеттіліктері бар. Сондықтан құрылыс жоспарларын әзірлеу кезінде тұрғындардың нақты сұраныстары ескерілуі маңызды. Сонымен қатар жаңа нысандарды салумен қатар, құрылыс сапасына, жұмыстардың мерзімінде орындалуына және инфра­құрылымды одан әрі күтіп-ұстауға да баса мән берілуі қажет, – деді Асхат Рахимжанов.

Жұмыс сапары аясында Қосшы қала­сында да кездесулер ұйымдастырылды. Делегация өкілдері қалалық мектеп-гимназияға, «Виамедис» емханасына және қоғамдық мәдени-спорт кешеніне барып, педагогтермен, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен жүздесті. Кездесулерде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және экономиканы дамыту мәселелері талқыланды.

Құрылтай депутаты Шолпан Каринова мұндай кездесулердің басты мақсаты Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірумен ғана шектелмейтінін, азаматтардың пікірін тыңдап, қоғаммен ашық байланыс орнату да маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесудің мақсаты – Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру ғана емес, азаматтардың пікірін тыңдап, қоғаммен ашық диалог орнату. Өйткені кез келген бастаманың табысты жүзеге асуы – ортақ жауапкершілік пен бірліктің нәтижесі, – деп атап өтті ол.

Аталған жұмыс сапарлардың басты құндылығы – өңірдегі ахуалды жергілікті жерде зерделеп, халықтың ұсыныс-пікірін тікелей тыңдауға мүмкіндік беруінде. Әсіресе білім беру, өнеркәсіп, медицина және басқа да салаларда күнделікті еңбек етіп жүрген азаматтардың көзқарасы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ал тұрғындар үшін бұл – өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, оларды шешу жолдарын талқылауға берілген мүмкіндік. 

ТҰРҒЫНДАРДЫ КӨП ӨЗГЕРІС КҮТЕДІ

Президент Жолдауындағы ауқымды бастамаларды түсіндіру мақсатында Алматы қаласының әр ауданында Үкімет өкілдері, Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің халықпен кездесулері өтті. Жиындар барысында инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік қолдауды күшейту және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған түйінді мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Ұлттық қор қаражатын тиімді игеру, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен өсіру және өңірдегі әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету мәселелері басты назарда болды.

Әлеуметтік қызметтер үйінде Құрылтай депутаты Айдос Сарым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Айгүл Сәдуақасова, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар аталған жұмыс тобы мегаполистегі білім, медицина саласының өкілдерімен және Бостандық, Медеу ауданының тұрғындарымен жолықты.

– Біздің басты міндетіміз – Президенттің идеялары мен тапсырмаларын халыққа жеткізу, сондай-ақ аталған мәселелер бойынша азаматтардың пікірлерін, ұсыныстары мен ұстанымдарын жинақтау. Бүгінгі кездесу барысында әлеуметтік сала өкілдері мемлекеттік деңгейде шешуді талап ететін нақты түйткілдерді көтерді. Айтылған барлық ұсынысты кейіннен жүйелеп, пысықтау үшін тіркеп жатырмыз, – деді Айдос Сарым.

Құрылтай депутаты Сергей Пономарев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев, Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Асқат Қабашев және «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша директоры Шыңғысхан Маманов бастаған екінші жұмыс тобы Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Одан бөлек, Ғылым ордасында ғылыми қауымдастық өкілдерімен, Инвестициялар үйінде кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

–  Кейінгі жылдары елімізде орасан зор өзгерістер болып жатыр. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке инфрақұрылымды жаңғыртудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол үшін Ұлттық қорды мақсатты түрде пайдалану өте маңызды. Яғни мемлекеттік қаражат экономикалық және әлеуметтік қайтарымын беруге тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік тек олардың шоттарына ақша жинап берумен ғана шектелмейді, дамыған ел құрып, оны мұра етіп қалдыру да маңызды. Сол үшін де республикада 70 денсаулық сақтау объектісі және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет объектілері салынады, – деді Сергей Пономарев.

Келесі жұмыс тобының құрамында Құрылтай депутаты Айжан Сқақова, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және Алматы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов болды. Олар Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының тұрғындарымен, сондай-ақ IT қауымдастық өкілдерімен, қала жастарымен кездесті. Онда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымның өкілдері тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту, энергетика, су ресурсын үнемдеу мен азаматтарды қолдау жағын талқылады. Қуандық Қажкенов елдегі энергетикалық сектордың бүгінгі ахуалына тоқталып, алдағы ірі жобалар туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы әрдайым энергетика саласына ерекше назар аударады. Энергетика министрлігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі бұл – электр энергети­касының көмір генерациясын дамыту. Одан бөлек, біздің министрлік газдандыру бойынша құзіретті орган болып есептеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл 123,1 млрд киловатт сағатты құрады. Ал түптік көлемі 124,6 млрд киловатт сағатты құрады, яғни тап­шы­лық бар. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті арттыру және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа генерация қуаттары қажет. 2029 жылды қоса алғанда, жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын энергетикалық қуаттар іске қосылады.  Келесі жылы Ал­маты ЖЭО-3-те 544 МВт қуатпен қамтамасыз ететін тағы орталық іске қосу жоспарда бар. Газдандыруға тоқталсақ,  қазір Алматы қаласында ешқандай үлкен мәселелер жоқ, – деді ол.

Ал Құрылтай депутаты Айжан Сқақова азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін іс-шаралар туралы сөз қозғады. Оның ішінде алматылық арасында экологиялық мәдениетті, әсіресе су үнемдеу мәдениетін дамытудың өзектілігіне тоқталды. 

– Реформаның нәтижесін әр отбасы сезінетіндей болуы керек. Қолдау шынымен мұқтаж жандарға жетуге тиіс, экономикалық өсім жаңа жұмыс орнын ашумен, нақты табыстың артуымен қатар жүруі қажет. Алматы үшін су қауіпсіздігі де аса маңызды: ауызсуды үнемдеп, мүмкіндігінше техника­лық сумен алмастыруымыз керек, – деді Айжан Сқақова.

Үш топқа бөлінген делегация мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын түсіндіру мақсатында 15 кездесу өткізіп, оған 2 500-ге жуық адам қатысты. Өңір тұрғындары мен әртүрлі сала өкілдерін қамтыған бұл ауқымды кездесулер билік пен халық арасындағы байланысты нығайта түсті. Жиын барысында азаматтар көкейінде жүрген өзекті сұрақтарына тұщымды жауап алып, Президент Жолдауындағы жаңа бастамалардың мәні мен маңызын терең түсінді. Әрбір ұсыныс пен пікірдің назарға алынуы – өңірдегі түйткілдердің шешуін табуда халық үнінің әрдайым басты орында екенін айқын көрсетті. Осындай мазмұнды да ашық диалогтар қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті одан әрі күшейте түспек.