Тұрғындардың банкке кіруге ұмтылған сәті әлеуметтік желіде тарады.
«Ұмай» ипотекасына талас: Алматыда тұрғындар банкке кіру үшін бірін-бірі итермеледі
249
оқылды

Бүгін «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталып, Алматыдағы «Отбасы банк» бөлімшелерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тұрғын үй сарапшысы Қайрат Қожанов әлеуметтік желідегі парақшасында банк бөлімшесінің алдына жиналған адамдардың видеосын бөлісті. Кадрлардан ондаған адамның ғимаратқа кіруге тырысып, бір-бірін итермелегенін байқауға болады. Баспана алуға ниетті тұрғындар таңертеңнен кезекке тұрған.

Бағдарламаға сұраныстың жоғары болуына байланысты банктің онлайн қызметтерінде де кідірістер байқалған. «Отбасы банк» мәліметінше, 3 қараша күні сағат 11:30-ға дейін ел бойынша 300 өтінім қабылданған. Қаржы ұйымы жүйеге жүктеме артқанын растап, техникалық ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Биыл «Ұмай» ипотекасының екінші кезеңіне 20 миллиард теңге бөлінген. Бағдарлама аясында әйелдер жылдық 14,8 пайыздық мөлшерлемемен 50 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда 20 пайыздан, өзге өңірлерде 15 пайыздан басталады.

Бағдарламаның ерекшелігі – қатысушының атында баспанасы болса да, ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бар. Әйелдер жаңа тұрғын үй кешендерінен немесе қайталама нарықтан пәтер сатып ала алады. Дегенмен несие алу үшін төлем қабілетін растау қажет.

Айта кеткен жөн, «Ұмай» ипотекасының бұған дейінгі кезеңінде бөлінген 9 миллиард теңгенің лимиті бірнеше сағат ішінде таусылған. Сондықтан жаңа кезең басталған күні де баспана алуға ниетті тұрғындар құжаттарын мүмкіндігінше ертерек тапсыруға асыққан.