Ақмола облыстық соты Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жантүршігерлік газ жарылысына қатысты апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін негізінен өзгеріссіз қалдырды.
Щучинскідегі жарылыс: 12 адамның өмірін қиған кафе ісі бойынша сот шешімі шықты
223
оқылды

Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған еді. Апелляциялық алқа үкімнің тек сипаттау-дәлелдеу бөлігін нақтылады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Бүгін Ақмола облыстық сотында елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаға қатысты сот процесінің апелляциялық кезеңі аяқталды. Судья Әскербек Жақұлин төрағалық еткен сот алқасы Бұланды аудандық сотының үкіміне енгізілетін өзгерістерді қарады.

Еске салайық, Щучинскідегі «Центр плова» дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан 12 бірдей адам көз жұмған. Тағы 11 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша дәмхана иесі, жанармай құю бекетінің директоры және газ жеткізуші сот алдында жауап берген.

Апелляциялық отырыста прокурор бірінші сатыдағы соттың үкімімен жалпы алғанда келісетінін мәлімдеді. Алайда айыптау тарапы жанармай құю бекетінің иесі мен газ жеткізушіге қатысты жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың үкімнен алынып тасталуына байланысты апелляциялық өтініш түсірген. Мемлекеттік айыптаушы соттан аталған екі тұлғаның жауаптылығын ауырлататын мән-жайларды үкімнің сипаттау-дәлелдеу бөлігіне енгізуді сұрады. Сонымен қатар дәмхана иесіне қатысты үкімдегі зардаптар туралы мәліметті нақтылау қажеттігін алға тартты.

Прокурордың пайымдауынша, сот үкімінде 11 адамға ауыр дене жарақаты келтірілгені көрсетілгенімен, шын мәнінде олардың сегізі ғана ауыр зиян алған. Қалған үшеуінің жарақаты өзге дәрежеде бағаланған. Осы тұста айыптау тарапы сотталушы адвокатының үкімнің сипаттау бөлігін нақты деректерге сәйкестендіру туралы өтінішін де қолдады. Ал жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өзгерту туралы өтініштерін қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Сот қандай шешім қабылдады?

Апелляциялық сот алқасы Бұланды аудандық сотының үкіміне өзгеріс енгізу туралы қаулы шығарды. Атап айтқанда, сотталғандарға қатысты эпизодтарда бұрын қате көрсетілген «11 адамға ауыр дене жарақаты келтірілді» деген тұжырымның орнына: «11 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, оның сегізіне ауыр зиян келтірілді» деген нақтылау енгізілді. Бұдан өзге бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді. Алайда қабылданған шешіммен келіспеген процеске қатысушылар кассациялық сатыға шағымдана алады.

Сотталушыларға қандай жаза тағайындалған еді?

Бұған дейін Бұланды аудандық соты «Центр плова» кафесінің иесін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабы  3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған еді. Яғни, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты тұлғаның оларды бұзуы абайсызда ауыр зардаптарға, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге және екіден астам адамның өліміне әкеп соққан. Сот кәсіпкерді жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет атқаруға тыйым салынды. Ал жанармай құю бекетінің директоры Қылмыстық кодекстің 306-бабы  3-бөлігі бойынша, яғни тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету салдарынан бірнеше адамның денсаулығына зиян келтіріп, адам өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған да жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Газ жеткізуші осы баптың 3-бөлігі бойынша алты жылға сотталды.

Осылайша, 12 адамның өмірін қиып, 11 адамды жаралаған Щучинскідегі алапат жарылысқа қатысты сот үдерісінің апелляциялық кезеңі аяқталды. Сот үш сотталушыға тағайындалған жаза мерзімдерін өзгертпей, үкімдегі жарақат алған адамдардың денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесіне қатысты деректерді ғана нақтылады.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы