Мұндай мүмкіндік несие беру кезінде заң талаптары бұзылғаны тиісті құжаттармен расталған адамдарға қарастырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, несие рәсімдеу барысында заң бұзылғаны қылмыстық қудалау органдарының тиісті процестік құжаттарымен расталса, банк қарыз алушының берешегін толық есептен шығаруға міндетті. Бұл жағдайда азамат несиенің қалған бөлігін төлеуден босатылады. Сонымен қатар банк берешекті өндіріп алуды тоқтатып, кредиттік бюролардағы мәліметтерді түзетуге тиіс. Осы несие бойынша бұрын өндірілген сыйақы мен өсімпұл да қайтарылады.
Дегенмен алаяқтарға алданғанын айтып шағымданған әр адамның несиесі бірден кешірілмейді. Ол үшін қарыздың заң талаптары бұзыла отырып рәсімделгені белгіленген тәртіппен расталуы қажет. Яғни несие бойынша міндеттеменің тоқтатылуы азаматтың өтінішіне ғана емес, істің мән-жайын дәлелдейтін құжаттарға байланысты.
Бұдан бөлек, несиесін өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар заңда белгіленген талаптарға сәйкес банкроттық рәсіміне жүгіне алады. 2026 жылы соттан тыс банкроттық үшін қарыз мөлшері 6 миллион 920 мың 200 теңгеден аспауға тиіс. Әдетте берешектің кемінде 12 ай бойы өтелмеуі және азаматтың атында мүлік болмауы талап етіледі. Заңда жекелеген жағдайларға арналған ерекшеліктер де қарастырылған.
Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін азаматтың заңда көзделген қарыздары тоқтатылуы мүмкін. Бірақ мұның салдары да бар: банкрот деп танылған адам бес жыл бойы жаңа банктік несие мен микрокредит ала алмайды, үш жыл бойы қаржылық жағдайы бақыланады. Қайта банкроттық рәсіміне жеті жылдан кейін ғана жүгінуге болады.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда барлық азаматтың несиесін жаппай кешіру бағдарламасы жоқ. Қарызды есептен шығару тек заңда белгіленген негіздер мен талаптар бойынша жүзеге асырылады.
