Көрмедегі Қазақстанның ұлттық стендінде Қытай нарығында сұранысқа ие отандық май өнімдерінің кең ассортименті ұсынылған.
Қазақстанның Қытайға май өнімдерінің экспорты 1 миллион тоннаға жетпек
165
оқылды

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығы мен оған мүше кәсіпорындар 5–10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (CIIE) қатысып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көрмедегі Қазақстанның ұлттық стендінде Қытай нарығында сұранысқа ие отандық май өнімдерінің кең ассортименті ұсынылған.

Қазақстан Қытай нарығындағы май өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз Қытайға күнбағыс майын экспорттаушылар арасында 2 орынға ие болып, күнбағыс күнжарасын экспорттайтын ірі үш елдің қатарына енді. Ал рапс майын экспорттау бойынша Қазақстан 2024–2025 жылдары жетекші 5 елдің қатарындағы орнын сақтап қалды. Соңғы үш маусымда Қазақстанның Қытайға өсімдік майлары, күнжара экспорты 3,7 еседен астам өсті. Өткен маусымда Қытайға жалпы құны 438 млн АҚШ долларынан асатын 657 мың тонна өнім жеткізілді.

Қауымдастықтың мәліметінше, бұл нәтижеге қол жеткізуге «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп атқарылған жұмыс та елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы Қытайға өсімдік майларын теміржолмен жөнелту жоспарларын бөлу тетігі жетілдірілді.

Қауымдастық бұл бағыттағы жұмысты 2024 жылдың ақпан айынан бері жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде келісілген тасымалдау жоспарларының орындалу деңгейі 90%-дан асты. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға да жетпеген еді.

Бұдан бөлек, биыл көктемде Қауымдастық «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен және Қытай теміржол әкімшілігімен бірлесіп, түйіршіктелген күнбағыс күнжарасын астық тасымалдауға арналған вагондармен жөнелту жөніндегі пилоттық жобаны іске қосты. Жоба алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп, аталған өнімнің Қытайға экспортын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Қауымдастықтың болжамынша, алдағы екі маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдері экспорты 1 миллион тоннаға жетеді. Бұған майлы дақылдар өндірісінің ұлғаюы, логистикалық инфрақұрылым мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және жаңа өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы ықпал етпек.