Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін болашақ экономиканың құқықтық негізі ретінде жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетін қойған болатын.
Жаңа Азаматтық кодекс: құқықтық тұрақтылық пен азаматтардың мүддесін қорғау – басты міндет
фото: www.istockphoto.com
59
оқылды

Оның маңызы адам құқығы мен мүдделеріне, меншіктің тең дәрежеде қорғалуына және азаматтардың, оның ішінде цифрлық ортадағы құқықтық кепілдікке негізделгенін заң ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Салима Сарина айтып берді, –  деп хабардайды Aikyn.kz.

Заң ғылымдарының кандидаты қолданыстағы Қазақстанның Азаматтық кодексі өз міндеттерін атқара алмай қалды деп айтуға негіз жоқ деп есептейді.

Оның айтуынша, керісінше, оны қолдану жылдарында азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі, меншікке қол сұғылмаушылық, шарт еркіндігі және азаматтық құқықты сот арқылы қорғау қағидаттарына негізделген жеткілікті дәрежеде орнықты азаматтық-құқықтық реттеу жүйесі қалыптасқан.

– Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде осы іргелі ережелерді сақтау және азаматтық заңнаманың сабақтастығын қамтамасыз ету аса маңызды. Мысалы қазіргі экономика айтарлықтай өзгерді. Цифрлық технологиялардың, жасанды интеллектінің, электрондық коммерцияның және кәсіпкерліктің жаңа модельдерінің дамуы азаматтық-құқықтық институттардың жекелеген бағыттарын жетілдіруді талап етеді.

Соның ішінде корпоративтік қатынастарға ерекше назар аудару қажет. Бүгінде оларды реттеудің едәуір бөлігі арнайы заңнамалық актілерде қамтылған. Сондықтан Азаматтық кодексте корпоративтік қатынастар, заңды тұлғаларға қатысушылардың құқығы мен міндеті, корпоративтік басқару және корпоративтік құқықты қорғау тетігі туралы жалпы ережелерді жүйелі түрде бекіткен орынды. Демек, мәселе қолданыстағы құқықтық модельден толық бас тартуда емес, оны қазіргі экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, жүйелі түрде дамыту керек, – деді ол.

Салима Сарина елдегі интернет-алаяқтық мәселесі цифрлық азаматтық айналымның дамуымен тікелей байланысты дейді. Өйткені жұрт барған сайын шарттарды қашықтан жасасып, электрондық сервистерді, цифрлық платформалар мен қаржылық қосымшаларды жиі пайдаланып жатыр.

– Жаңа Азаматтық кодексте азаматтарды цифрлық ортада қорғаудың неғұрлым нақты азаматтық-құқықтық тетігі көзделуі тиіс. Ең алдымен, бұл алдау арқылы жасалған мәміленің құқықтық салдарына, дербес деректер мен электрондық сәйкестендіру құралдарын заңсыз пайдалануға, сондай-ақ келтірілген мүліктік зиянды өтеу мәселелеріне қатысты.

Цифрлық қатынастарға қатысушылардың, оның ішінде цифрлық қызметтерді жеткізушілер мен платформалар операторларының жауапкершілігін, олардың нақты рөлі мен белгіленген міндеттерді бұзу дәрежесін ескеріп бөлу мәселесіне де ерекше назар аудару қажет.

Оның үстіне, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды тек Азаматтық кодекстің нормалары арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Бұл бағытта азаматтық, қылмыстық, банк заңнамасы және дербес деректерді қорғау туралы заңнама өзара кешенді түрде жұмыс істеуі тиіс. Азаматтық заңнаманың басты міндеті – зардап шеккен адамға бұзылған мүліктік құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін түсінікті әрі іс жүзінде тиімді тетігін ұсыну, – деді «Тұран» университеті Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры.

Салима Әбдіқадырқызы мемлекеттік және жеке меншікті бірдей қорғау қағидаты Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде бұрыннан бекітілгенін сөз етіп, Жаңа кодекс азаматтардың баспанасы мен бизнесін іс жүзінде қалай қорғауға көмектесетінін тарқатып берді.

Оның айтуынша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде бұл қағидатты жай ғана қайталап қоймай, оның дәйекті түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, тұрғын үйге және басқа да мүлікке меншік құқығының сенімді қорғалуын білдіреді. Ал кәсіпкерлер үшін мүліктік құқықтың тұрақтылығы, шарттық қатынастың болжамдылығы және бизнесті тиімді қорғау аса маңызды.

– Мүлікті адал сатып алушылардың құқығын қорғау, залалды өтеу, бұзылған меншік құқығын қалпына келтіру, сондай-ақ мүліктік қатынасқа заңсыз араласудан қорғау тетігін жетілдіру қажет. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында заңды тұлғаларға қатысушылардың корпоративтік құқығын қорғау, корпоративтік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, меншік иелерінің, кредиторлардың және азаматтық айналымның өзге де қатысушыларының мүдделері арасында орынды тепе-теңдік орнату ерекше маңызға ие. Сонымен қатар құқықтық қорғаудың тиімділігі заң нормаларының мазмұнына ғана емес, сот практикасының біркелкілігіне, сот төрелігінің қолжетімділігіне және сот шешімдерінің іс жүзінде орындалуына да байланысты. Сондықтан Азаматтық кодексті жаңғырту азаматтық заңнаманы іс жүзінде қолдану тетігін жетілдірумен қатар жүргізілуі тиіс, – деді Салима Сарина.

 Оның сөзінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу – ауқымды әрі жауапты міндет. Өйткені оның ережелері азаматтардың күнделікті мәмілелерінен бастап ірі кәсіпкерлік құрылымдардың қызметіне дейінгі мүліктік қатынастардың барлық дерлік саласын қамтиды. Сондықтан ғылыми қоғамдастықтың, тәжірибелі заңгерлердің, бизнес өкілдерінің, сот жүйесі мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуы принципті маңызға ие.

 – Ғалымдар ұсынылып отырған өзгерістің тұжырымдамалық және жүйелік тұрғыдан негізделуін қамтамасыз ете алады. Тәжірибелі заңгерлер құқық қолдану кезінде туындайтын мәселелерді анықтаса, бизнес өкілдері азаматтық айналымның нақты қажеттіліктерін көрсете алады. Алайда кең ауқымды талқылаудың өзі болашақ заңның сапасына кепілдік бермейді. Ең маңыздысы – кәсіби қоғамдастық ұсынған бастамалар шын мәнінде талданып, талқыланып, заңның түпкілікті мәтінін әзірлеу барысында ескерілуі керек.

Заң ғылымының өкілі ретінде азаматтық-құқықтық реттеудің сабақтастығын қамтамасыз етіп, уақыт сынынан өткен құқықтық институтты сақтаумен қатар корпоративтік қатынасты, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға қажетті жағдай жасау керек деп санаймын.

Біздің ортақ міндетіміз – қоғам мен экономика қажеттіліктеріне жауап беретін, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын әрі құқықтық айқындықты сақтайтын заманауи, жүйелі және тұрақты азаматтық заңнаманы қалыптастыру, – деді «Тұран» университеті Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессор.