– Ерлан аға, өнер жолына қалай келдіңіз? Өзіңіз актер болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба, әлде біреулердің ықпалы, оқиғасы әсер етті ме?
– Балалығымнан өнер жолын аңсап, армандадым дей алмаймын. Керісінше, оқушы кезімде өзге салада қызмет етемін деп ойлайтынмын. Өйткені бала кезімнен өнер мектебінде білім алып, өнердің қаншалықты қиын әрі жауапкершілігі мол жол екенін ерте бастан түсіндім. Оның қиындығын өз көзіммен көріп, сезіндім. Марқұм әкем менің басқа салада білім алуымды қалап, әрдайым «мектептегі өнер бір басқа, ал өмірде өзге мамандық меңгеру керек» деп айтып атыратын. Өзімнің де өнерге деген құлшынысым болмады. Алайда «адамның ойлағаны емес, Алланың жазғаны болады» дегендей, өмірдің өзі мені осы ортаға әкелді. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болар. Себебі, әскердің өзінде де өнерден алшақтай алмадым. Ондағы бүкіл мәдени шараға араластым. Сөйтіп, әскерден оралғанымда басқа салада еңбек етемін деп жоспарладым, бірақ өмір мені тағы өнерден алыстатпады.
Кейін Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың класында білім алдым. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай ағамыздан тәлім алдым. Осы ұлағатты ұстаздардың тәрбиесін көріп, өнер жолымды бастадым.

Оқуымды аяқтаған кезде, 1996-1997 жылдары жас актерлерді Ақмоладағы театрға шақырды, соның ішінде біз де бармыз. Бір жылдан кейін қала Астана атауын алды. Бастапқыда біраз уақыт жұмыс істеп, кейін Алматыға қайта ораламын деп ойладым. Өйткені туған жерім де, ағайын-туғаным да, достарым да сол жақта еді. Алайда тағдыр мені Қалибек Қуанышбаев атындағы театрмен табыстырды. Содан бері осындамын, бүкіл шығармашылық ғұмырым осы театрда қалыптасты десем артықтық емес.
Театрға алғаш келгенімізде бізді Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев ағамыз қарсы алып, қамқорлық етіп, көптеген рөл мен образды сеніп тапсырды. Кейін театрға Халық қаһарманы, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов келіп, сол кісімен қанатының астында өсіп-жетілдік. Әзірбайжан Мәмбетов – қазақ театр өнеріндегі аса ірі тұлға. Ол – Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрының сахнасында ұзақ жыл еңбек етіп, көптеген өнер майталмандарын тәрбиелеп шығарған жан. Сондықтан оның бізге келуі – үлкен қуаныш еді. Өйткені өнер академиясында алған білімімізді шыңдап, актерлік шеберліктің қыр-сырын осы кісінің шеберханасында үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, театр өнерінің талай құпиясын меңгердік. Сол себепті де актер ретінде қалыптасуыма Әзекеңның орны ерекше еді.

Осы театрда жүріп Жастар сыйлығының лауреаты атандық, «Дарын» жастар сыйлығын алдық, кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болдық. Бүгінде театрдың репертуарында өзіндік қолтаңбам, ізім бар деп сеніммен айта аламын. Қалибек Қуанышбаев атындағы театры мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, жанымның бір бөлшегі. Осы театрда еңбек етуді жазған тағдырыма алғысым шексіз.
– Кейіпкерді сахнаға алып шығарарда қалай дайындаласыз? Оны зерттеп-зерделеу, ішкі әлемін тану процесі қалай жүреді?
– Негізі актерде «мына рөлді ойнаймын, мына рөлді ойнамаймын» деген таңдау еркіндігі бола бермейді. Сомдаған барлық образдарым – қазақ классикасы болсын, орыс немесе шетел классикасы болсын, жанымнан, жадымнан орын алған бейнелер. Олардың барлығы мен үшін өте қымбат. Себебі, әрбір рөл – менің ішкі әлемімнен, түн ұйқымды бөлген ойлардан, тебіреніс пен ізденістен туған образдар. Оның қай-қайсысы да маған қымбат.
Оларды жақсы немесе жаман деп бөліп қарастырмаймын, себебі әрқайсысында қаншама еңбек, ізденіс, тер төгу жатыр. Біз – компьютер секілді алдын ала жазып, тоқтатып, қайта жалғастыра салатын жүйе емеспіз. Кейде шабыт та, денсаулық та, көңіл күй де сахнаға толық дайын болмай жатады. Соған қарамастан, берілген рөлді орындау – біздің міндет. Сондай сәтте жасалған әрбір образ – еңбегіңнің жемісі, сенің тарихыңның бір бөлігі. Ол театрдың шежіресінде де, сенің шығармашылық өмірбаяныңда да мәңгілікке таспаланады. Сондықтан әрбір рөлдің өз бағасы, өз орны бар.

– «Кұнанбай» қойылым өзіңізге қандай әсер қалдырды? Шығармашылық тұрғыдан өзіңізге қандай тәжірибе алдыңыз?
– «Құнанбай» спектаклі – жарты ғасырлық шығармашылық өмірімнің бір есеп беруі іспетті. Осы қойылымды театр репертуарына алып келуге өзім бастамашы болдым. Автор – Таласбек Әсемқұлов, режиссері – Болат Ұзақ.
Құнанбай бейнесін сахнада сомдағым келетін. Тіпті, бұл образды өз шығармашылық кешімде көрсетсем деп ойлағанмын. Содан көптеген еңбектерді, тарихи жазбаларды қарап, іздене бастадым. Ақыры театрмен бірлесіп, спектакльді сахнаға шығардық. Құдайға шүкір, көрермен тарапынан да жақсы қабылданып, көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Әр халықтың өз болмысын танытатын, тарихында ерекше орны бар тұлғалар болады. Сондай тұлғаның бірі – Құнанбай. Ол – Абайдай ұлы ойшылды тәрбиелеген әке, биік парасат иесі. Меніңше, Құнанбай бейнесі – Абайдан да биік деңгейде тұрған тұлға.
Жалпы, өзім сомдаған әрбір бейнем өзіме қымбат. Олардың жақсы не жаман қабылдануы – көрерменнің еншісінде. Бірақ «Құнанбай» спектаклі мен үшін ерекше. Бұл қойылым – өнер жолымдағы үлкен белестің бірі. Себебі бұл – шетелдік немесе орыс классикасы емес, қазақтың тарихы, қазақтың қаны, қазақтың болмысы. Сондықтан бұл образ менің жан дүниеме жақын болып, ерекше әсер қалдырды. Осы рөлді сомдау мен үшін үлкен жауапкершілік әрі үлкен жетістік.

– Өзіңіз сынға қалай қарайсыз және оны қалай қабылдайсыз?»
– Біздің мамандықта сын пікірдің болуы – заңдылық. Өзім сынға әрдайым оң көзқараспен қараймын, оны қабылдаймын. Әрине, сынның да өз орны бар: бір жерін қабылдайсың, бір жерін өз тәжірибеңе қарай електен өткізесің. Негізі мақтау болсын, сын болсын – бәрін де қабылдай білу қажет деп есептеймін. Себебі әр адам өз көзқарасымен айтады, ал сен оны өз ойыңмен, өз түсінігіңмен саралайсың. Сондықтан сын міндетті түрде дұрыс немесе бұрыс деп бөлінбейді. Ең бастысы, әр адамның өз ойын ашық әрі шынайы жеткізе білуі дұрыс.
– Сізді көрермендер актерлік қырыңызбен қатар Бәйтерек тобының мүшесі әрі әнші ретінде де жақсы таниды. Оған қалай келдіңіз?
– Мен үшін өнер – біртұтас әлем. Әншілік болсын, актерлік, цирк немесе балет болсын – барлығы өнердің бір саласы. Оның ешбірін бөліп-жармаймын. Оларды ешқашан бір-бірінен бөліп қарастырмаймын. 2004–2005 жылдары Нұркен, Сайлау үшеуміз ортақ шығармашылық ойымыз бір жерде тоғысып, топ ретінде «Бәйтерек» жобасын бастадық. Ол кезде актерліктен гөрі әншілікте өзімізді сынап көрмек болдық. Шүкір, әнші ретінде танылдық. Кейін театр сахнасында, сериал мен фильмдерге түсе бастағанда да жұрт солай қабылдады. Қазір көрермен бізді Қалибек Қуанышбаев театрының актері ретінде жақсы біледі.

– Сіздің актерлік жолыңыз тек театрмен шектелмей, кино мен сериал саласында да жалғасын тапты. Осы бағытқа қалай келдіңіз, кинода актер болу мен театр сахнасында ойнаудың ерекшелігі қандай?
– Қазір де кино мен сериал бойынша түрлі шақыру түсуде. Әуелде «Қазақ хандығы», «Көшпенділер» сияқты фильмдеріне түсіп, эпизодтық рөлде ойнағанмын. Кейін досым, продюсер Ақылбек Досжанов «Бақытсыздар бағы» атты 100 сериялық сериалға шақырып, осы жобадан кейін ұсыныс көбейе түсті. Соңғы жобам – «Salem Inter» платформасындағы «Тренер аға» сериалы, өзі жақсы қаралым жинап жатыр.
Театр мен киноның айырмашылығы жоқ, екеуі де – өнер. Тек орындалу стилі бөлек. Кинода театрдағыдай қатты ойнауға, дауысты көтеруге болмайды, онда табиғилық қажет. Өмірдегідей шынайы ойнау керек, себебі камера бәрін жақыннан, анық көрсетеді. Ал театрда керісінше, эмоцияны көрерменнің соңғы қатарына дейін жеткізу үшін ішкі энергияңды күшті беріп, кеңірек формада ойнауға тура келеді. Бірақ қайсысы болса да мен үшін өнердің біртұтас әлемі.
– Актер әрі әнші болмағанда, қандай мамандық иесі болар едіңіз? Ата-анаңыз өнер жолын таңдағаныңызға қарсылық білдірмеді ме?
– Өнерге келмесем, әскери қызметкер немесе физкультура, тренерлік бағытқа кетуім де мүмкін еді. Бірақ тағдыр мені өнерге әкелді. Басында әкем қарсы болған, ал анамда ондайды көрсетпеді. Нағашы жағымда өнерге жақын болғандықтан, әсер еткен болар. Кейін халықтың алдына шыға бастағанда әкем ісіме түсіністік танытып, ақ батасын беріп, қолдау көрсетті. Әрине, отбасының қолдауы өте маңызды. Өйткені халық алдында жүрген адам үшін жақындарыңның демеуі үлкен күш береді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
