Іс-шара барысында ресми құжаттарға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен екі университеттің басшылығы қол қойды.
ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі жаңа мәртебеге ие болып, Қытайда Әл-Фараби орталығын ашты
151
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты Халықаралық Фараби симпозиумы аясында маңызды үш ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алғашқы келісім негізінде философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасына  Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO)  өкілдігінің мәртебесі берілді. Өкілдік жұмысы негізгі үш бағыт бойынша өрбиді. Ғылыми-зерттеу қызметі аясында дінтану, мәдениеттану саласындағы зерттеу жұмыстары тереңдетіліп,  ислам әлемі мен Орталық Азияның ортақ тарихи-мәдени мұрасы зерделенеді.

Білім беру және әлеуетті арттыру бағыты бойынша ICESCO-ға мүше мемлекеттердің студенттері мен зерттеушілері үшін арнайы курстар, кәсіптік даярлау бағдарламалары әзірленіп, жазғы мектептер мен академиялық ұтқырлық ұйымдастырылады. Ал диалог және ағартушылық шеңберінде халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізіліп, ғылыми жарияланымдар дайындалады. Ресми құжатқа ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ICESCO бас директоры Сәлім Әл-Мәлік қол қойды. 

Екінші меморандум аясында ҚазҰУ базасындағы «Әл-Фараби» ғылыми-мәдени орталығының кезекті филиалы Қытай Халық Республикасының Чжэнчжоу университетінде ашылады. Мұнда бірлескен жарияланымдар мен аудармалар әзірленіп, ғылыми басылымдар дайындау қолға алынады. Сондай-ақ авторлық құқықтарды қатаң сақтай отырып, тақырыптық кітапхана мен электрондық ғылыми ресурстар базасын құру жоспарланған. Болашақта өзге де халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу қарастырылған. 

Үшінші меморандум ҚазҰУ мен Малайзия халықаралық ислам университеті арасындағы білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған. Келісім аясында оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің іссапарлары мен студенттер үшін қысқа мерзімді бағдарламаларды ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ қос университет ғалымдарының күші біріктіріліп, зерттеушілердің ғылыми жобаларына қаржы бөлінеді және беделді журналдарда бірлескен мақалалар жарияланады. 

Іс-шара барысында ресми құжаттарға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен екі университеттің басшылығы қол қойды.