Келесі сәрсенбіде депутаттар Жоғары аудиторлық палата Төрағасы Әлихан Смайыловтың ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетігінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін тыңдайды.
Күн тәртібіне баламалы энергетиканы дамытуға қатысты заң жобасы да енгізілді. Құжат электр энергиясын жинақтау жүйелерін бірыңғай электр энергетикалық жүйеге қосудың құқықтық негіздерін қалыптастыруды көздейді.
Сондай-ақ инвесторлардың мүдделерін қорғау және жаңартылатын энергия көздері нарығын дамыту мақсатында бизнес субъектілері арасындағы келісімдер жасасу тетігін жетілдіру ұсынылады. Заң жобасында жел, күн және геотермалдық энергияны пайдалану мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек, баламалы энергетика технологияларын жылумен жабдықтау саласына енгізу көзделеді.
Аталған бастамалар Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, цифрландыруды жеделдету және технологиялық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында әзірленген.
Құрылтай отырысының күн тәртібіне Халықаралық жүк тасымалдау шарты туралы конвенцияны және оған электрондық жүкқұжатқа қатысты Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы екі заң жобасы да енгізілді.
Конвенция халықаралық жүк тасымалдау шарттарын жасасу мен орындаудың бірыңғай қағидаларын белгілеп, тасымалдаушылардың жауапкершілігін реттейді. Оны ратификациялау Қазақстанның халықаралық көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және жүк тасымалдау рәсімдерін біріздендіруге мүмкіндік береді.
Ал электрондық жүкқұжатқа қатысты Қосымша хаттаманы ратификациялау халықаралық автомобиль тасымалында электрондық құжат айналымын енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл жүк тасымалдау рәсімдерін цифрландыруға, бақылау уақытын қысқартуға, сондай-ақ құжаттарды басып шығару мен өңдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде отандық автокөлік кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігі артады.
Бюро отырысында Құрылтай депутаттарының заңдарға мониторинг жүргізу қағидалары да қаралды. Сонымен қатар бюро Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы конвенциясы бойынша қорытынды әзірлеуді тапсырды. Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттердің осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.
