Вице-Президент Ерлан Қарин Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты.
Ұлы ойшылдың идеяларын дәріптеген басқосу
127
оқылды

Әл-Фарабидің мұрасын дәріп­теуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу туралы бастаманы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді. Биыл ғылыми фо­рум Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатыр.

Халықаралық симпозиумның ашылуында Ерлан Қарин Мемле­кет басшысының құттықтау ха­тын оқып берді. Президент жиынға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында ұлы ойшыл­дардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ оның бәрін заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңыз­­ды екеніне тоқталған.

«Әл-Фараби адамзатқа ортақ мызғымас құндылықтарды кеңі­нен дәріптеп, соңына теңдессіз мұра қалдырды. Оның парасатты адам және қайырымды қоғам туралы тұжырымдары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мұның бәрі ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан», «Адал азамат» идея­ларымен үндеседі» , – деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев.

Симпозиум қатысушылары­ның алдында сөйлеген сөзінде Вице-Президент әл-Фарабидің идеялары қазіргі жаһандану және технологиялық прогресс дәуірін­де ерекше өзекті екенін мәлімдеді. Ерлан Қариннің айтуынша, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай сынды көрнекті ойшыл­дардың мұрасы ғылыми қауым­дастық тарапынан қызығушылық тудырады және қоғамның ру­хани-адамгершілік негіздерін ны­ғайту ісінде айрықша рөл ат­қарады.

Сондай-ақ Вице-Президент әл-Фараби симпозимуы дәстүрлі ғылыми жиынға айналатынын жет­кізді.

– Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тап­сырды. Екі үлкен тұлғаға ар­нал­ған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционал­дық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алуда. Бұл – ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі, – деді Ерлан Қарин.

Форум барысында қатысу­шылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің жаһан­дық гуманитарлық диалогты орнықтырудағы, жалпы­адамзат­тық құндылықтарды ілгерілету­дегі рөлін талқылады.

Халықаралық симпозиумға еліміздің және шетелдің 150-ден астам ғалымдары, зерттеушілері, сарапшылары, сондай-ақ же­текші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

А.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ