Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тақырыбында Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің отырысы болды. Комитет басшысы Наталья Годунованың төрағалығымен өткен жиында шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелері талқыланды.
Бизнестің жаңа белесі
114
оқылды

Отырыста салалық комитет төрағасы Наталья Годунова Мем­лекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуды экономиканы әрта­раптан­дырудың, тұрақты эконо­микалық өсуді қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқатын арт­тырудың негізгі факторының бірі ретінде қарастырғанын атап өтті.

Құрылтай Төрағасының орын­басары Дания Еспаева өз сөзінде бүгінгі таңда елімізде шағын және орта бизнестің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 40%-ға жеткенін, ал оның негізгі капиталға салын­ған инвестициялардағы үлесі 70%-ға жақындағанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл көрсеткіштер кәсіпкерліктің ұлттық эконо­ми­каның негізгі драйверлерінің біріне айналғанын айқын көрсетіп отыр.

Дания Еспаева Президент жүктеген міндеттерге жан-жақты тоқталды. Ол қазір үштен бірі сауда саласында шоғырланған шағын бизнесті әртараптандыру қажеттігін айтты. Кедергілерді азайта отырып, ШОБ-тың мем­лекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алуларға қатысуын кеңейту, бұған қоса 2027 жылдың басынан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторийді талқылау арқылы әкімшілік қысымды тө­мендету де өте маңызды. Соны­мен қатар қолдау шараларын рефор­малау, бизнесті маркетплейс­термен, банктермен және логис­тикалық операторлармен и­н­тегра­циялауды қамтитын өзгеріс – қаржылық модельден кешенді модельге көшу межеленіп отыр.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Аслан Калиғазин бизнес бүгінде жасан­ды «өсім тосқауылына» тап болып отырғанын айтты. Шикізаттың қымбаттауына байланысты шағын кәсіпорындар кірісті номиналды түрде көбейтіп, нәтижесінде авто­матты түрде орта бизнес санатына ауысады. Бұл ретте компаниялар шағын сегментке есептелген мем­ле­кеттік преференциялар мен жеңілдіктерден бірден айырыла­ды, бұл оларды өндірісті кеңейтуге ынталандырады. 26%-ға дейінгі мөлшерлемелері бар қымбат несиелер, реттеушілердің қысымы мен тиімсіз тексеру жүйесі жағ­дай­ды қиындатады.

Осы проблемаларды шешу үшін «Атамекен» ҰКП бұрын келі­сілген жеңілдіктерді уақытша сақтауға мүмкіндік беретін және жұмсақ салық режимін қамтама­сыз ететін «шағын – орта» өтпелі қолдау пакетін іске қосуды жөн санайды. Бұдан бөлек, палата мемлекеттік сатып алулардағы басым­дықтарды АЕК көлеміне қарай бөлуді, жеткі­зілімдер бо­йын­ша төлемнің 15 күндік мерзі­мін белгілеуді, Ұлттық тауарлар каталогын отандық өндірушілер тізілімімен үйлестіруді және ин­вес­тициялық қарыздарды субси­диялау мерзімдерін ұлғайтуды ұсынды.

Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Ерлан Сағынаев Үкімет дайындап жатқан бизнесті қолдау шаралары туралы айтты. Кешенді жоспар жобасы негізгі төрт бағыт­ты қарастырады. Біріншісі – ша­ғын бизнестің орта бизнеске көш­уін ынталандыру. Екіншісі – ұзақмерзімді қаржыландыруға қол жеткізу. Бұл ретте «Өрлеу» бағдарламасы бойынша кемінде жеті жыл мерзімге қарыз беру, үл­ес­тік және мезониндік қаржы­лан­­дыруды дамыту, сондай-ақ банк­­тер «Даму» қорының кепіл­дік­терін таныған кезде орта кәсіп­орын­дардың облигациялар нары­ғына шығу мүмкіндіктерін кең­ей­ту ұсынылады. Үшінші бағыт қуатты технологиялық жаңартуды және жабдықтың жеңілдетілген лизин­гін, өндірушілерге ҚҚС-ты жедел қайтару мен технологиялық аудит арқылы еңбек өнімділігін арт­ты­ру­ды көздейді. Төртінші блок тұр­ақ­ты сатуды қамтамасыз ету үшін ірі компаниялармен орта биз­нестің ынтымақтастығына қатысты.

Кешенді жоспардың басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі мен агроөңдеу болып белгіленді. Вице-министрдің айтуынша, не­гізгі мақсат – ЖІӨ-дегі орта биз­нес­тің үлесін кезең-кезеңімен 7 па­йыздан 15 пайызға дейін, ал бола­шақта 20 пайызға дейін арттыру. Нәтиже шағын бизнестен орташа бизнеске дейін өскен компаниялардың санымен өлшенеді.

Отырыс барысында талқылан­ған мәселелер бойынша Өнер­кә­сіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, Сауда және инте­грация бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, сондай-ақ Қар­жы вице-министрі Дәурен Кең­бейіл өз ойларын ортаға салды. Депутаттар экономиканың нақты секторы өкілдерінің де пікір-ұс­ын­ыстарына құлақ түрді. Атап айтқанда, Shaurma Food компа­ния­лар тобының жетекшісі Дми­тр­ий Инютин «Даму» қоры желісі бойынша қоғамдық тамақтану саласын қолдау шараларының қысқартылғанын айтты, моно­қа­лаларда бизнесті қолдау бағдарла­маларын қайта бастауға шақырды.

Талқылауды қорытындылай келе, комитет төрағасы Наталья Годунова Құрылтай атқарушы органдардан жан-жақты, нақты іске асырылатын және экономи­ка­лық негізделген қадамдар күте­тінін атап өтті.