Анкарада Түркияның жетекші Әділет және даму партиясы (AK Parti) алаңында әйелдердің саясатта жетістікке жетуіне және өз өңірлеріндегі тұрмыс сапасын өзгертуіне ықпал ететін табысты жобалар таныстырылды.
«Әділет» тәжірибесі Анкарада таныстырылды
81
оқылды

«Ортақ тамыр – ортақ болашақ: Түркі әлемінің әйелдері» халықаралық бағдарламасы аясында Қазақстан делегациясы «Әділет» партиясының әйелдер қанаты қызметі, оның өңірлік құрылымдары, басым бағыттары мен әйелдер бастамаларын қолдау тетіктері туралы баяндады.

Панельдік сессияда Қазақ­стан делегациясы «Әділет» пар­тия­сы әйелдер қанатының ауқ­ымды өңірлік желіге және он басым бағыт бойынша жауап­кершілікті бөлуге негізделген ұйымдық моделін таныстырды. Сондай-ақ қатысушыларға Құ­рыл­тайдағы әйелдер үлесі туралы ақпарат ұсынылды. Бүгінде «Әділет» пар­тиясы фрак­ция­сы­ның құрамында 37 әйел депутат жұмыс істейді. Бұл жалпы фрак­ция мүшелері саны­ның 33,6%-ын құрайды. Осыл­айша, әйелдер фракциядағы депут­аттық ман­дат­тардың үштен бірінен аста­мын иеленіп, мемле­кеттік сая­саттың түрлі бағыты бойынша заң шығару қызметіне белсенді араласады.

Партияның әйелдер қанаты қызметіндегі негізгі бағыттардың қатарында әйелдер көшбас­шы­лығын ілгерілету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, денсаулық сақтау, ғылымды дамы­ту, инклюзияны қолдау және әйел­дердің өзін танытуына қажет мүм­кіндіктерді кеңейту қадам­дары бар. Өңірлерде, соның іш­інде ауылдық елді ме­кен­дерде тұрып жатқан әйел­дермен өзара ықпалдас­тыққа ерекше назар аударылады. Пар­тия өңірлік құ­ры­лымдар арқылы кері байланыс орнатады, ұсын­ыс­тар жинақтайды және партия мен заңнама деңгей­інде одан әрі қарауды қажет ететін мәселелерді айқындайды.

– Бүгінде «Әділет» партиясы­ның әйелдер қанаты – жай пікір алмасу алаңы ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі белсенді әйел­дерді біріктіретін кең ауқымды құрылым. Біз өңірлермен өзара ықпалдастық тетіктерін жетіл­діріп, цифрлық құралдарды да­мы­­тып, әйелдердің мүмкін­дік­терін кеңейтуге бағытталған жоба­ларды жүзеге асырып келе­міз, – деді «Әділет» партиясы Орталық аппа­ратының әйелдер қанаты қызме­тін қамтамасыз ету басқарма­сының басшысы Сай­ран­гүл Жұмаділова.

Осылайша, Анкарадағы ха­лық­аралық алаң түркі мемлекет­те­рін­дегі әйелдер көшбас­шы­лығы мен қоғамдық баста­маларды да­мыту және әйелдердің әлеуметтік-саяси үдерістерге атсалысуын кең­ейту мә­се­лелері бойынша тәжіри­бе алма­суға мүмкіндік туғызды.