Бұл бағыттағы басты міндет – кәсіпкерлердің санын көбейту ғана емес, олардың экономикалық әлеуетін арттыру, өндірісті дамыту және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Бүгінде кәсіпкерлік туралы сөз қозғағанда, көп жағдайда сауда және қызмет көрсету салаларын көз алдымызға елестетеміз. Бұл түсінікті де. Өйткені мұндай кәсіпте бастапқы инвестицияны қайтару мерзімі салыстырмалы түрде қысқа, тәуекелі де өндіріс саласына қарағанда төмен.
Алайда ел экономикасының ұзақмерзімді дамуы үшін тек тауарды сатып алып, қайта сатумен шектелу жеткіліксіз. Бізге өнім өндіретін, жаңа технология енгізетін, қосылған құны жоғары тауар шығаратын кәсіпорындар қажет. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – кәсіпкерліктің санынан сапасына көшу. Осы тұрғыдан алғанда, шағын бизнестің орта бизнеске айналуына жағдай жасау ерекше маңызға ие. Шағын кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамтып, нарықтың сұранысына икемді жауап береді. Ал орта бизнес өндірістік қуатты арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жаңа нарықтарды игеруге және экономиканың құрылымын өзгертуге мүмкіндік береді.
Бірақ кәсіпкердің өсуге деген ынтасы болуы үшін оған ең алдымен түсінікті әрі тұрақты ережелер қажет. Кәсібін кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтіп, өндіріс ашуға ұмтылған адам қосымша әкімшілік кедергілерге тап болмауға тиіс. Керісінше, мемлекет бизнестің іріленуіне, инвестиция тартуына және жаңа өндіріс орындарын ашуына ынталандырушы жағдай қалыптастыруы керек.
Президент ұсынған кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты мораторий мәселесіне де осы тұрғыдан қараған жөн.
Мораторийдің мәні тек кәсіпкерлерді тексеруден уақытша босату емес. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға, кәсіпкерлік мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге берілген мүмкіндік. Мемлекет әкімшілік қысымды азайтып, кәсіпкерге еркіндік берген жағдайда бизнес те өз жауапкершілігін терең сезінуге тиіс. Заң талаптарын сақтау, салық міндеттемелерін адал орындау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну – мұның барлығы тек бақылаушы органның талабы емес, әр кәсіпкердің қалыпты жұмыс қағидасына айналуы қажет.
Біздің мақсатымыз – тексеруден қорыққандықтан заң сақтайтын емес, жауапкершілікті өзінің іскерлік ұстанымына айналдырған кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі бақылаудың мүлдем болмауын білдірмейді. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына, тұтынушылардың құқықтарына және адал бәсекелестікке қатысты талаптар сақталуға тиіс. Бұл жерде маңыздысы – бақылаудың әділ, ашық және тәуекел деңгейіне сай жүргізілуі.
Менің ойымша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынастың жаңа кезеңінде екі тараптың да міндеті айқын болуы керек. Мемлекеттің міндеті – қолайлы жағдай жасау. Бизнестің міндеті – сол мүмкіндікті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Мемлекет тұрақты заңнамалық орта қалыптастырып, инфрақұрылымды дамытып, қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, адал бәсекелестікке жағдай жасауы қажет. Ал кәсіпкер осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өндірісін кеңейтуге, еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасына үлес қосуға ұмтылуға тиіс.
Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың нәтижесін де жаңаша бағалайтын уақыт келді. Біз қанша кәсіпкерге жеңілдік берілгенін немесе қанша қаржы бөлінгенін ғана есептеумен шектелмеуіміз керек. Қанша шағын кәсіпорын орта бизнес деңгейіне көтерілді? Қанша кәсіпкер саудадан өндіріске бет бұрды? Қанша жаңа өнім шығарылып, қанша тұрақты жұмыс орны ашылды? Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі қаншалықты артты? Міне, мемлекеттік қолдаудың шынайы тиімділігін көрсететін өлшемдер осылар болуға тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Құрылтай депутаттарының да жауапкершілігі жоғары.
Заң шығарушы орган ретінде біздің міндетіміз – кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін құқықтық нормаларды қайта қарау, салық және әкімшілік реттеудің тиімділігін арттыру, шағын бизнестің орта бизнеске өтуіне қолайлы заңнамалық негіз қалыптастыру. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесін бағалау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау және кәсіпкерлер көтеріп жүрген жүйелі мәселелердің заңнамалық шешімін табу да депутаттық қызметтің маңызды бағыттары болуға тиіс. Әсіресе өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берген жөн. Өйткені өндіріс орындарының ашылуы, жергілікті шикізаттың өңделуі, жаңа жұмыс орындарының құрылуы өңір экономикасының дамуына тікелей ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Біз кәсіпкерлікті тек жеке адамның табыс табу мүмкіндігі ретінде қарастырмауымыз керек. Кәсіпкерлік – елдің экономикалық қуатын арттыратын, қоғамның әл-ауқатына ықпал ететін маңызды күш. Сондықтан алдағы кезеңде мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге, түсінікті талаптарға және ортақ жауапкершілікке негізделуі қажет.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
