CNBC материалына сүйенген Aikyn.kz Нью-Йорктің технологиялық өрлеуінің себептері мен жаңа үдерістің қала экономикасына ықпалын түсіндіреді.
CBRE компаниясының 2026 жылғы тамызда жарияланған есебіне сәйкес, Нью-Йорк агломерациясында технология саласының 394 300 маманы жұмыс істейді. Ал Сан-Франциско шығанағы маңындағы өңірде олардың саны 375 730 адамды құрайды.
2022–2025 жылдары Нью-Йорктегі технологиялық жұмыс орындары 30 640-қа көбейсе, Сан-Франциско өңірінде керісінше, 23 900-ге қысқарған.
Бірақ бұл Кремний алқабы технологиялық көшбасшылықтан айырылды деген сөз емес. Мамандар шоғырлануы, біліктілік және инновациялық әлеуетті бағалайтын жалпы рейтингте Сан-Франциско әлі де бірінші орында. Нью-Йорктің басты артықшылығы – экономикасының сан салалы болуы.
Tech ұйымының дерегінше, Нью-Йорктегі технология мамандарының небәрі 35%-ы IT компаниялары мен стартаптарда еңбек етеді. Ал 64%-ы банк, медиа, жылжымайтын мүлік және басқа да дәстүрлі салаларда.
Ұйым басшысы Джули Сэмюэлстің айтуынша, бұрыннан қалыптасқан қаржы және жылжымайтын мүлік салаларының қызметі бүгінде технологияларға барған сайын тәуелді болып келеді. Жасанды интеллектінің дамуы бұл сұранысты еселей түсті. Банктер қаржылық талдау мен тәуекелдерді бағалауға, медиа компаниялар ақпарат өңдеуге, ал кәсіпорындар күнделікті жұмыстарын автоматтандыруға қабілетті мамандар іздеуде.
Технологиялық алпауыттар да Нью-Йорктегі қызметін күшейте бастады. OpenAI Манхэттенде 8,4 мың шаршы метр кеңсе жалдаса, Anthropic 2026 жылдың соңына қарай қаладағы қызметкерлер санын мың адамнан асыруды жоспарлаған.Нью-Йоркке қоныс аударғандардың бірі – 25 жастағы бағдарламашы Эрин Салливан. Оклахома университетін тәмамдаған ол Bank of America компаниясына жұмысқа орналасқан. Салливанды мегаполистің мүмкіндіктері мен қоғамдық көлік жүйесі қызықтырған.
«Метроға отырып, қаланың кез келген жеріне жете алу маған ғажайып көрінді», – дейді ол.
Бірақ қаланың тартымдылығының көлеңкелі тұсы да бар. Жоғары жалақы алатын мамандардың өзі Нью-Йорктегі қымбатшылыққа тап болады. Ал олардың көптеп қоныстануы тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысын одан әрі өсіріп жіберген. Джули Сэмюэлс технологиялық өрлеудің игілігін тек IT мамандар емес, бүкіл қала тұрғындары көруі тиіс деп есептейді.
Нью-Йорк тәжірибесінен маңызды өзгерісті байқаймыз. Бүгін технологиялық орталық атану үшін тек IT компанияларын шоғырландыру жеткіліксіз. Ең бастысы, цифрлық технологияларды экономиканың барлық саласына енгізіп, жаңа жұмыс орындары мен нақты экономикалық құндылық қалыптастыру.
