Ұлыбританиядағы RAF Mildenhall әскери базасынан америкалық ұшақтар басқа елдерге ауыстырылды. Америкалық әскери нысандарда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен, базаға тікелей шабуыл жасалатыны туралы нақты ақпарат жарияланбады.
Ираннан сескенген америкалықтар 9 әскери ұшағын Англиядан алып кетті
Англияның RAF Mildenhall базасынан тоғыз америкалық жанармай құятын Stratotanker ұшағы басқа базаларға ұшып кетті. Фото The Telegraph сайтынан алынды. Авторлығы: Jason Bye
64
оқылды

The Telegraph басылымының ақпаратына сүйенген Aikyn.kz америкалық әскери ұшақтарды басқа базаларға ауыстыру себептерін талдайды.

The Telegraph басылымы ұшу деректеріне талдау жүргізіп, дүйсенбі күні (9 қараша) Англияның Саффолк графтығындағы RAF Mildenhall базасынан тоғыз америкалық KC-135 Stratotanker жанармай құю ұшағы ұшып кеткенін анықтаған. Олардың бесеуі Германияға, үшеуі Испанияға, біреуі Шотландияға бағытталған. Германияда төрт ұшақ Шпангдалем базасына, біреуі Рамштайнға қонған. Испанияға жіберілген ұшақтар Морон әскери базасына орналастырылған.

Бұндай шешімге АҚШ билігіне Иран тарапынан келетін қауіп туралы ақпарат себеп болғанға ұқсайды. The Telegraph болса, RAF Mildenhall базасына тікелей қауіп болмағанын хабарлаған.

Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Иран аумағына қарсы әскери операцияларда пайдаланылатын кез келген базаны заңды нысана ретінде қарастыратынын мәлімдеген. Тегеран әсіресе Ұлыбританиядағы RAF Fairford базасын атап өткен. Бұл нысанды америкалық әскери ұшақтар Иранға қарсы операцияларда пайдаланған.

Қыркүйекте АҚШ осы базадан бомбалаушы ұшақтарын әкеткен болатын. Бұған әскери нысан маңында күдік тудырған террорлық әрекет себеп болған. Ұлыбританияның MI5 қарсы барлау қызметінің басшысы Кен Маккаллум кейінірек Фэрфордтағы жағдайдың жалғыз оқиға емес екенін меңзеген.

Қазір RAF Mildenhall және RAF Lakenheath базаларында қауіпсіздік деңгейі FPCON Charlie сатысына көтерілген. Пентагонның жіктемесінде бұл деңгей террорлық шабуыл ықтималдығын көрсететін барлау ақпараты болған жағдайда енгізіледі.

Соған қарамастан, британдық қауіпсіздік саласындағы дереккөздер Иранның Ұлыбританиядағы әскери базаға дрондар немесе жарылғыш заттар арқылы ауқымды шабуыл жасау мүмкіндігі шектеулі деп бағалайды.

RAF Mildenhall базасында АҚШ Әуе күштерінің Еуропада тұрақты орналасқан 100-ші әуеде жанармай құю қызметі орналасқан. Оның KC-135 Stratotanker ұшақтары әскери авиацияға әуеде жанармай құйып, жойғыштар мен бомбалаушы ұшақтардың алыс қашықтыққа ұшуына жағдай жасайды. Сондықтан бұндай техниканың басқа базаларға ауыстырылуы әскери операцияларды қамтамасыз ету жүйесі үшін маңызды саналады.АҚШ-тың Еуропадағы әскери қолбасшылығы болса, ұшақтардың нақты қандай себеппен көшірілгенін айтпай отыр. Ресми өкіл әскери техника оқу-жаттығуларға, операциялық міндеттерге және басқа да себептерге байланысты тұрақты түрде орын ауыстырып тұратынын мәлімдеген.

Бұл жағдай Иран мен АҚШ арасындағы шиеленістің Таяу Шығыспен шектелмейтінін көрсетеді. Тіпті тікелей шабуыл жасалмаған күннің өзінде ықтимал қауіп туралы ақпарат Вашингтонды әскери күштерін қайта орналастыруға және Еуропадағы базаларының қорғанысын күшейтуге мәжбүрлеуде.