Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы іске қосылған SMS-хабарлама арқылы бас тарту тетігін 200-ден астам адам пайдаланған.
«Өз күнімді өзім көремін»: қазақстандықтар неге әлеуметтік көмектен бас тартады?
фото: www.istockphoto.com
150
оқылды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлері жаңа тәсілмен тағайындалатыны белгілі. Ел ішінде бұл мәселе дау тудырды. Десе де, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартып жатқандар жоқ емес. Жәрдемақыдан бас тартқандар кімдер? Олар қандай себеппен мемлекет көмегінен бас тартты? Бұл тетік әлеуметтік қолдауды әділ бөлуге қаншалықты ықпал етеді деген сұрақтарға жауап іздедік, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 Әлеуметтік көмектен бас тартқандардың қатары көбеюде

  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы іске қосылған SMS-хабарлама арқылы бас тарту тетігін 200-ден астам адам пайдаланған. Тіпті, ведомство мұндай шешім қабылдағандардың қатары біртіндеп артып келетінін жеткізді.

«Мұндай шешімді отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өзіне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, одан гөрі оны шын мұқтаж отбасыларға беруін қалады. Олардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, өз отбасын қамтамасыз ете алатындар да бар», – делінген министрлік хабарламасында.

Олардың мәліметінше, бұрын  аталған жәрдемақылар азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалатын. Кейбір жәрдемақыны  азамат өтініш бермесе де, бірден рәсімделіп жататын. Оның үстіне, биылғы жылдан бастап жәрдемақыдан өз еркімен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген.

 «Көмек сұрауды намыс көрдім»

 Кей отбасылар өмірінің қиын кезеңін өткеріп, ахуалы жақсарған соң әлеуметтік көмектен бас тартқаны бар. Бірі айналасынан ұялса, кейбірі амалсыздан бұл қадамға барғаны да жоқ емес. Енді буреулер мұндай көмекті басына ауыртпалық түскендегі қолдау деп түсінеді. Соның бірі – Қалауша Садықова, көпбалалы  ана. Бүгінде ақтөбелік келіншек өз кәсібін ашқан.

– Шүкір, алты баланы өсіріп-жеткізіп отырмыз.  Мемлекеттік көмектің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Кәсібімді енді бастағанда осы қолдаудың пайдасын көрдік. Қазір кәсібім өрге басты, отбасымды өзім қамтамасыз ете алатын күйге жеттім. Сол себепті көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарттым. Кезінде мен секілді қиын жағдайда жүрген отбасы аз емес, аз да болса соларға көмек болсын, – дейді Қалауша Садықова.

Сондай шешімді қабылдаған тағы бір жан – Азамат Нұрмұхамбетов. Айтуынша, ол I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлға ретінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алып келген.

– Әр адамның өмірлік жағдайы әртүрлі, кейде ойламаған жерден қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Өзім алып жүрген жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарттым. Өйткені бұл көмек ауыр жағдайға тап болған жандарға қажеттірек, – дейді Азамат Нұрмұхамбетов.

Алматылық жалғызбасты ана да бір кездері әлеуметтік көмекті алғанын, кейін жағдайы түзелген соң одан бас тартқанын айтты.

– Декреттік демалыстан шыққан кезде жұмыс істеген мекемем жабылып қалды. Бірақ уақыт жұмыс іздеп сандалдым. Сол кезде табыс көзі болмағаным үшін әлеуметтік көмекке берілетін жәрдемақыны алдым. Басында соған тіркеліп, көмек сұрауды намыс көрдім. Өзімнің шарасыз екенімді мойындағым келмеді. Шыны керек, төлемнің көмегі тиді, десе де іштей өзімді жайсыз сезінетінмін. Бір жылдан кейін өз кәсібімді ашып, дөңгелетіп алған соң, бұл көмектен өз еркіммен бас тарттым, – деді Жанар есімді келіншек. 

 Көпшілігі өзінің  жеке мәселесін өзгеге жария еткісі келмейді

 Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы КММ «Алматы» ауданы бойынша отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің маманы Сәттігүл Төлеубайқызы да соңғы кезде әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартқан азаматтардың жиілегенін сөз етті. Бірақ соның басым бөлігі - жеке мәселесін ашып айтадан қашады екен.

– Біздің орталықта әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартқан азаматтар жиі кездеседі. Азаматтар туралы енгізілген деректер дербес дерек болғандықтан, жария етілмейді. Олардың саны нақты әрі тұрақты емес, – деді Сәттігүл Төлеубайқызы.

Оның айтуынша, олардың саны 10-15-ке жуықтаған. Орталық әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартқандар жайлы есеп жүргізіп, FSM Social қосымшасы арқылы ортақ базаға енгізіп отырады. Тіпті, онда азаматтың әлеуметтік көмектен бас тарту себебі де көрсетіледі.

 – Бұл шешімді әр отбасы өз жағдайына байланысты қабылдайды. Кей азаматтар «өз мәселемді өзім шешем» деп те ұсынылған көмектен бас тартып жатады. Оның тағы бір себебі – өздерінің жеке мәселесін өзгеге жария болғанын қаламайды. Тіпті, орталықтан ұсынылған көмекті де қажет санамайды. Көпшілігі отбасының ішкі жағдайына байланысты көмек алудан бас тартады.  Соған қарамастан мамандар түсіндіру жұмысын толығымен жүргізіп, азамат осы жолы бас тартса да келесі жолы қайта жүгіне алатынын ескертіп, түсіндіреді. Біздің мақсат – әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, олардың отбасылық жағдайын зерделеп, қиын өмірлік жағдайға тап болса, содан шығуына көмектесу, – дейді ол.  

Психолог Айсұлу Жақыпованың айтуынша, кей адам  әлеуметтік көмек алуды намыс көрсе, енді бірі қоғам тарапынан айыпталуға қорқады дейді.

– Біздің мәдениетте ересек адам кез келген өмірлік қиындықты тек өз күшімен еңсеруі тиіс деген жаңсақ пікір қалыптасып, түп тамырымызға тереңдеп, дендеп кеткен. Өзгеден көмек сұрап, қолдау көргенді адам психикасы мұны уақытша дағдарыс ретінде емес, өзіндік пәрменсіздік пен жеке жеңіліс деп қабылдайды.

Бұған қоса, қоғам тарапынан айыпталу қорқынышы да ауыр қысым көрсетеді: адам айналасының алдында «жолы болмаған» немесе «масыл» деп таңбаланғысы келмейді. Тіпті, ұяттан өз амандығы мен әл-ауқатын құрбан етіп, шынайы мұқтаждығын жасырады.  Мысалы, «мемлекеттен көмек сұрау – әлсіздік» деген түсінік адамның қоғамда орнын жоғалтуға дейін әкеледі. Осындай стереотиптің салдарынан қажетті көмегін дер кезінде алмай, мәселесін ушықтырып алады. Өйткені адам бүкіл күшін айналасына бәрі жақсы деген жаңсақ пікір қалыптастыруға жұмсайды, – деді Айсұлу Жақыпова.

 Әлеуметтік көмек «әлсіздерге берілетін қайыр-садақа» ма?

 Оның айтуынша, әлеуметтік мәртебеден ұялу адамның шешіміне ықпал етеді. Адам қымсынған сайын өз құқығын қорғауға, өмір сапасын жақсарту қабілетін бірден бұғаттап отырады. Ал проблемасына салғырт қараудан немесе сөзге қалудан қорыққан адамдар мәселеден мүлде қашуды дұрыс көреді. Адам тиісті төлемдер мен қызметтерді рәсімдеуден немесе сұрақ қоюдан қымсынып, үйреншікті қарым-қатынас ортасынан оқшаулана бастайды. Бұл созылмалы күйзеліске, жалғыздық сезіміне және «тығырыққа тіреліп, жалғыз қалдым» деген сенімді ұялататынын жеткізді.

– Ол үшін Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау тақырыбының айналасындағы ақпараттық мәтінді түбегейлі өзгерту қажет. Әлеуметтік көмек «әлсіздерге берілетін қайыр-садақа» ретінде емес, қиын-қыстау кезеңде бой түзеп алуға арналған уақытша ресурс, мемлекеттік сақтандыру және қалыпты құрал ретінде насихатталуы тиіс. Бұған параллельді түрде қолдау көрсететін институттың өзінде құпиялықты, азаматтарға деген шынайы ізет пен құрметті қамтамасыз ететін жоғары сервистік мәдениетті дамыту маңызды. Көмек алу процесі қаншалықты ашық, әрі өзгеге білінбесе, оны жағымсыз таңбалануы да соншалықты жылдам жойылады, – деді Айсұлу Жақыпова.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова әлеуметтік саясаттың табысы оның қанша қаражат үнемдегенімен емес, қоғамдағы сенімді қаншалықты нығайтқанымен өлшенетінін қозғады.

Айтуынша, әлеуметтік көмектен бас тарту мәселесіне біржақты қарауға болмайды. Мұнда азаматтардың көмек алуға құқығы бола тұра, одан өз еркімен бас тартуы мен мемлекеттің белгілі бір санатқа жатқызылған адамдарға қолдау көрсетпеуі – екі бөлек мәселе. Екеуінің де әлеуметтік себептерін зерттеу маңызды.

– Әлеуметтік картаның негізгі мақсаты – халықты бай-кедей деп бөлу немесе азаматтарға белгілі бір таңба тағу емес, әр отбасының нақты жағдайын анықтап, қажетті қолдауды уақытында көрсету. Өйткені отбасының тұрмысы бір ғана табыс көрсеткішімен өлшенбейді. Мәселен, тұрақты табысы жоқ, бірақ ауылда үйі немесе ескі көлігі бар отбасы мүлік көрсеткіштері бойынша әл-ауқаты жоғары санатқа енгізілуі мүмкін. Алайда оның күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қаражаты болмауы ықтимал.

Тағы бір маңызды мәселе – азаматтардың әлеуметтік көмектен тыс қалуы. Кейде отбасының жағдайы қысқа мерзімде күрт өзгеруі мүмкін: асыраушысы ауырады, жұмысынан айырылады немесе отбасында күтпеген қиындықтар туындайды. Ал цифрлық жүйе бұрынғы кезеңдегі деректерге сүйеніп, оның қазіргі жағдайын толық көрсете алмауы мүмкін. Сондықтан азаматтың нақты мұқтаждығын ескеретін, шешімді қайта қарауға мүмкіндік беретін тетік қажет, – дейді ол.  

Айсұлу Молдабекова әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартудың себептерін де бөлек зерттеу керек деп санайды. Ол тек жағдайының жақсарғаны ғана емес, ақпараттың жеткіліксіздігі, құжат жинаудың қиындығы, жеке деректердің жария болуынан қауіптену немесе әлеуметтік көмек алуға қатысты қоғамдық көзқарас әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекет азаматтарға қандай қолдау түрі тиесілі екенін түсіндіріп қана қоймай, оны алуды барынша қолжетімді етуі тиіс.

– Меніңше, әлеуметтік картаны азаматтардың құқығын шектейтін автоматты сүзгіге айналдыруға болмайды. Ол отбасының осал тұстарын анықтап, жұмыспен қамту, медициналық, психологиялық және тұрғын үй көмегін үйлестіретін құрал болуы керек. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі бюджеттен қанша қаражат үнемделгенімен емес, қанша отбасының қиын жағдайдан шығып, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік алғанымен өлшенуі керек, – деді ол.

 Әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны жұмыспен қамту керек

 Ал экономист Ләззат Нұрғалиқызы әлеуметтік көмектен бас тарту өздігінен жақсы немесе жаман деп қарастыруға болмайды деп санайды.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының табысын кедейлік шегіне дейін толықтырғанымен, қолма-қол ақша азаяды. Яғни, азық-түлік, коммуналды төлем және балаларға қатысты шығынды жабу қиындай түседі. Қарыз алу, жинақты жұмсау ықтималдығы да туындауы мүмкін.

– «Бір тиынның екі жағы бар» дегендей,  бұл жерде де мерзімнің екі жағы бар. Отбасы жұмысқа тұрып, тұрақты табыс тапса, жағдайы жақсарады. Ал жұмысқа тұра алмаса, аз айлыққа жұмыс істесе күнкөріс шегінен шыға алмайды. Сол себепті әлеуметтік төлемнен бас тарту  өздігінен жақсы немесе жаман емес. Оның нәтижесі адамның жұмысқа орналасуы мүмкіндігіне және еңбек нарығына байланысты, –  дейді ол.

Ләззат Нұрғалиқызы мемлекеттік қолдаудың мөлшері азаматтың оны алуына ынталандыра түсетініне сенімді. Десе де, бұл экономиканың жұмыс істемеу ынтасы деп  отыр. Өйткені елдегі айлық әлеуметтік көмек мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің айырмасы ретінде есептелетінін айтты.

– Егер азаматтың жалақысы төмен болса, онда көмек табысы өскенменен өзгеге берілетін көмек азаяды. Салдарынан кейбірі жұмыс істегеннен гөрі көмек алу тиімді деп ойлауы мүмкін. Әсіресе, ресми немесе төменгі жалақымен жұмыс істейтіндер үшін ұтымды болып көрінер. Дегенмен  Қазақстанда ынталандыру әсері шектеулі. Өйткені салыстырмалы түрде айлық есептік көрсеткіштен әлеуметтік көрсеткіш 9-12 мың теңге шамасында алынып отыр, – деді Ләззат Нұрғалиқызы.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмектің орнына жұмыспен қамту және табысты арттыру бағдарламаларына тұрмысын түзегісі келетін әрбір азамат қатысуы міндетті.

– Елімізде ондай бастамалар қолданылып жатыр. Әлеуметтік көмек тек кедейлікті азайтып, әлеуметтік шиеліністі төмендетіп қана қоймай, тәуелділік қалпын тудырады және бюджетке ауыртпалық әкелуі де мүмкін. Ал жұмыспен қамту тұрақты табыс, өзін-өзі қамтамасыз етіп, ел экономикасына да үлес қосады. Өйткені кез келген табыс тапқан азамат елімізде салық төлейді. Бұл дегеніміз – еліміздің бюджетіне қосылатын қаржы. Жұмыс орындары жеткіліксіз болса, адам қорғалмай қалуы мүмкін. Сондықтан қалайда оларды қысқа мерзімде қорғап, ұзақ мерзімге тәуелсіз болу үшін мемлекет тарапынан жұмыс тауып беруі – азаматтарымызға өте қажет. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар. Ең дұрыс жолы әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны жұмыспен қамту және біліктілікті арттыру бағдарламаларымен тығыз байланыста болуы керек. Түйіндей айтсақ, тұрақты шешімге қол жеткізу үшін адамның өз табысы болуы қажет, – деді ол.  

Сөз түйініне айтар болсақ, әлеуметтік төлем тек мұқтаждықты өтеудің құралы емес, адамның дербес өмір сүруіне мүмкіндік беретін уақытша қолдау болуы керек. Бірі тұрмысын түзеп, тұрақты табыс тауып, мемлекет көмегінсіз күн көруге дайын болса, енді бірі әлеуметтік көмекті қажет еткенімен, оған қол жеткізуде қиындығына тап болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігі жәрдемақы алушылардың санымен ғана емес, олардың әл-ауқатын жақсартып, өз күнін өзі көруге жағдай жасай алуымен өлшенген дұрыс. Әйткенмен айналаның сөзі, ұят пен намыс, «жәрдемақы алушы» деген жағымсыз қоғамдық көзқарастың әсері әлі де бар. Сол себепті мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік қолдауды әлсіздік емес, қиын кезеңнен шығуға көмектесетін заңды құқық ретінде қабылдау мәдениеті қалыптасқаны жөн...