Бұл қызметте әрбір есептің дәлдігі, әрбір құжаттың дұрыстығы мен әрбір шешімнің жауапкершілігі айрықша мәнге ие. 5573 әскери бөлімінің қаржы қызметінің офицері, лейтенант Нағима Тәңірбердіқызының кәсіби жолы – мамандыққа адалдық пен әскери қызметке деген жауапкершіліктің үлгісі.
Қаржы саласы сырт көзге сандар мен есеп-қисаптан тұратын жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда әскери бөлім жағдайында оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі жауынгердің әлеуметтік қамтамасыз етілуінен бастап, бөлімнің күнделікті қызметінің үздіксіз жүруіне дейінгі көптеген маңызды мәселе қаржы қызметінің сауатты ұйымдастырылуына байланысты. Мұнда ұқыптылық пен тиянақтылық қана емес, жоғары жауапкершілік, кәсіби біліктілік және сенім де қажет.
Нағима Тәңірбердіқызының қаржы саласына келуіне өмірлік жағдайлар мен отбасылық шешімдер әсер еткен. 2000 жылы мектепті тәмамдаған соң жоғары математик мамандығын таңдаған ол бес жылдық оқуын аяқтап, 2006 жылы дипломын қолына алады. Студенттік жылдары болашақ жары, сол кездегі әскери капитан Данабек Байғұлбаевпен шаңырақ көтереді. Отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінен бастап әскери қызметтің ерекшелігін жақыннан танып, бірде-бір орында тұрақтап қалмайтын әскери отбасының көшпелі тіршілігіне бейімделеді.
Еңбек жолын Шымкент қаласындағы №39 мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Алайда жолдасының қызмет бабымен Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтына, қазіргі академиясын ауысуы жас отбасының өміріне жаңа өзгеріс әкеледі. Солтүстік өңірге қоныс аударған кезеңде кейіпкеріміз отбасына көңіл бөліп, балаларының тәрбиесімен айналысады. Кейін 2012–2016 жылдары Әскери академияның оқу бөлімінде қызметші болып еңбек етеді.
Отбасының өмірінде тағы бір маңызды кезең 2016 жылы басталды. Жолдасының қызмет бабымен Қарағанды қаласына қоныс аударғаннан кейін Нағима Тәңірбердіқызы жұмысынан өз еркімен босап, отбасымен бірге көшеді. Осы тұста оның кәсіби бағытына да өзгеріс енеді. 2010–2013 жылдары қаржы мамандығы бойынша сырттай білім алып, екінші жоғары білімін меңгерген ол енді алған білімін тәжірибемен ұштастыруды мақсат етеді.
Сандардың артында – адам тағдыры мен әскери бөлімнің тұрақтылығы
Қаржы қызметінің жұмысы – тек есеп жүргізу немесе құжаттарды реттеумен шектелмейді. Оның әрбір бағыты әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Қаржы маманының жұмыс күні мұқият жоспарлаудан, құжаттарды зерделеуден, есеп-қисапты жүргізуден және қаржылық мәліметтердің дұрыстығын тексеруден басталады.
Әскери қызметшілердің тиісті төлемдерін есептеу, қаржылық құжаттардың уақытылы әрі талапқа сай рәсімделуін қадағалау, қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатысты есептерді дайындау – осы саланың жауапты міндеттерінің қатарында. Мұнда ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Себебі бір цифрдағы қателік те есептің дұрыстығына әсер етуі мүмкін.
Әскери бөлімнің қаржы қызметінде заңнама талаптарын сақтау, қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және әрбір операцияның негізділігін тексеру ерекше маңызға ие. Ал бұл міндеттерді сапалы орындау үшін маманнан тек теориялық білім емес, тәжірибе, ұқыптылық пен үнемі ізденіс талап етіледі.
Нағима Тәңірбердіқызы үшін де жұмыстағы басты ұстаным – жауапкершілік пен дәлдік. Өйткені қаржы саласында сенімге ие болу үшін әрбір істің есебін білу, әрбір құжатқа мұқият қарау және өз міндетіңе адал болу қажет. Әсіресе, әскери ортада қаржы қызметінің жұмысы жалпы бөлімнің қызметтік міндеттерін орындауына тікелей ықпал етеді.
Ол қаржы саласында еңбек етіп келе жатқанына он жылға жуық уақыт болғанын айтады. Осы жылдар ішінде алғашқы жұмыс тәжірибесінен бастап, офицерлік қызметке дейінгі жолдан өтті. Әр кезең оған жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға мүмкіндік берді.
Қызмет пен отбасы – өмірінің қос тірегі
Әскери қызметтің ерекшелігі – тек бір адамның емес, тұтас отбасының өмір салтына әсер етуінде. Әсіресе, әскери қызметшімен бірге бірнеше қалада тұрып, әр ортаға бейімделу, бала тәрбиесі мен кәсіби дамуды қатар алып жүру үлкен төзімділікті қажет етеді.
Нағима үшін отбасы – өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Бос уақытын жақындарына арнап, отбасымен бірге демалғанды ұнатады. Ал жеке қызығушылықтарына келсек, кітап оқу, ән айту, би билеу және ат спорты оның сүйікті істерінің қатарында.

Оның өмір жолына көз жүгіртсек, мамандық таңдау мен әскери қызметке келу бір сәтте қабылданған шешім емес екенін аңғаруға болады. Бұл – өмірлік жағдайлармен ұштасқан ізденістің, білімге деген ұмтылыстың және жаңа мүмкіндіктерді қабылдай білудің нәтижесі.
15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні қарсаңында қаржы саласының мамандарының еңбегіне назар аудару да бекер емес. Теңге – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің маңызды нышаны. Ал оны тиімді пайдалану, қаржылық тәртіпті сақтау мен есептің дәлдігін қамтамасыз ету – осы сала мамандарына жүктелген жауапты міндет.
Нағима Үсенбаеваның қызмет жолы – бір мамандық аясында қалып қоймай, алған білімін жаңа салада шыңдап, әскери қызметтің жауапты бағытына өз үлесін қосқан жанның еңбек тарихы. Оның күнделікті жұмысы көпшілікке көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда әрбір дұрыс есептің, уақытылы рәсімделген құжаттың және сауатты қаржылық шешімнің артында үлкен жауапкершілік тұрғаны анық.
Өйткені әскери бөлімнің сенімді қызметі тек саптағы жауынгерлердің дайындығымен ғана емес, олардың артындағы жүйелі әрі мінсіз ұйымдастырылған жұмыспен де өлшенеді. Ал сол жұмыстың маңызды буыны – қаржы қызметі. Әр теңгенің есебінде үлкен жауапкершілік жатқанын жақсы түсінетін Нағима өз міндетін осы ұстаныммен атқарып келеді.
