Ақмола облысында сайлауалды үгіт-насихат науқаны қарқын алып келеді.
Көкшетауда «Әділет» үміткерлері ұстаздармен білім сапасын, студенттермен отбасы құндылықтарын талқылады
фото: баспасөз қызметінен алынды
119
оқылды

Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жүр. Көкшетауда «Әділет» партиясының кандидаттары Құралай Жұмабекова мен Ерлан Закирьянов №18 мектеп-лицейі мен Азаматтық қорғау колледжіне барды. Лицейде әңгіме білім сапасы мен жасанды интеллектіні сабақта қолдану төңірегінде өрбісе, колледжде отбасы құндылықтары, жастардың құқықтық және қаржылық сауаты сөз болды.

"Смартфонды сабақта қалай тиімді пайдалануға болады?".  "Жасанды интеллект мұғалімнің қай жұмысын жеңілдете алады?" Лицейдегі әңгіме педагогтердің күнделікті жұмысына қатысты осы сауалдардан басталды. Бұдан бөлек, әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау мәселесі көтерілді.

Ерлан Закирьянов бұл тақырыптарды Президент Жолдауында айтылған міндеттермен байланыстыра отырып, инклюзивті білім беру саласында маман жетіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи мектептер салумен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, жаңа оқыту әдістерін меңгеруіне мүмкіндік беру қажет.

«Әр бала сапалы білім алуға тиіс. Болашақ ұрпақты тәрбиелейтін – ұстаздар. Сондықтан мұғалімдердің жасанды интеллектіні меңгеріп, оқытудың заманауи әдістерін қолдануы маңызды», – деді «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Ерлан Закирьянов.

Ол аударма жасауға мүмкіндік беретін қазақ тілінің заманауи электронды сөздігін әзірлеу мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты. Мұндай сөздік оқушылар мен ұстаздарға сөз мағынасын нақтылап, жаңа терминдерді бір жерден табуға көмектесер еді.

Құралай Жұмабекова елде талқыланып жатқан реформалардың оқушылардың болашағына қалай әсер ететінін мұғалімдердің де білгені маңызды екенін айтты.

«Жолдауда көтерілген мәселелер де, сайлауалды бағдарламамыздағы ұсыныстар да өскелең ұрпаққа қатысты. Сауатты, саналы жасты тәрбиелеп отырған – сіздер. Бағдарламамыздағы ұсыныстар мұғалімдер мен дәрігерлерге, кәсібін енді бастаған азаматтарға және жұмысшы мамандықтарының иелеріне де қатысты», – деді «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Құралай Жұмабекова.

Азаматтық қорғау колледжінде ұстаздармен бірге жоғары курс студенттері де пікір алмасты. Болашақ түлектермен өз құқығын білу, қаржыны дұрыс басқару және отбасын құруға дайындық жайы талқыланды. Жұмабекова өзі ашқан бала асырап алуға ниетті ата-аналар мектебі туралы айтып, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен қыздарға қандай қолдау көрсетілетініне тоқталды.

«Алда өз отбасыларыңызды құрасыздар. Болашақ өмірлеріңізді қалай құрғыларыңыз келетінін қазірден ойлаған жөн. Біз шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген жастарға шеберлік сабақтарын өткіземіз. Онда болашақты жоспарлау мен қаржыны сауатты басқару жайын талқылаймыз», – деді Құралай Жұмабекова.

Колледждегі әңгіме азаматтық жауапкершілік тақырыбымен түйінделді. Өз құқығын білу және қала мен облыс өміріне араласу студенттер үшін де маңызды екені айтылды.

№18 мектеп-лицейі мен Азаматтық қорғау колледжіндегі жүздесулерге Көкшетау жастарының болашағы ортақ арқау болды. «Әділет» партиясының үміткерлері педагогтермен және студенттермен білім сапасын арттыру жолдарын, сондай-ақ түлектердің өз құқығын біліп, қаржысын сауатты басқаруының маңызын талқылады. Үміткерлер дауыс беру құқығы бар қатысушыларды сайлауалды бағдарламалармен танысып, саналы таңдау жасауға шақырды.

Дайындаған: «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Беспалинов Б.М.

Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.