Отырыста жұмыс барысын автоматтандыру, цифрлық платформалардың тиімділігі және озық мектептердің тәжірибесін білім беру саласына енгізу мүмкіндіктері сөз болды. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін партия жанынан адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе құрылған.
– Президент мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуды тапсырды. Алайда цифрландыру олардың жұмысын үнемі жеңілдете бермейтінін көріп отырмыз. Қағаз жүзіндегі есеп көбіне электронды форматқа көшірілгенімен, мұғалімдердің міндеттері сол күйі қалып отыр. Педагог ең алдымен бала оқытып, тәрбиелеуге көңіл бөлуі керек, – деді Ержан Жылқыбаев.
Ал Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов бір топ депутат мұғалімдердің артық қағазбастылығын азайтуға бағытталған арнайы заң жобасын әзірлегенін айтты.
– Заң жобасын Үкіметке жолдамас бұрын озық мектептердің тәжірибесін зерделеуді жөн көрдік. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайтуға көмектесетін цифрлық шешімдерді анықтағымыз келді. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер нақты тәжірибеге негізделуі маңызды, – деп атап өтті ол.
NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектептердегі цифрландыру тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, зияткерлік мектептерде мұғалімдерді аттестаттау үдерісі толық автоматтандырылған.
Көшпелі отырыста айтылған ұсыныстар мен мектептердің тәжірибесі заң жобасын жетілдіру кезінде ескерілмек. Құжатты Үкіметке жолдағанға дейінгі жұмыс Құрылтайда жалғасады.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
