Биылғы жылдың 28 қазанында Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қосылатынын жеткізді. Енді, соның аясында бүкіл еліміз бойынша әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы жаңартылады.
Осыған байланысты Алматы көріктендірудің жаңа ережесіне құрылыс алаңдарына қойылатын талаптар енгізілгенін ескеру керек. Бұл құжат елді мекен аумағын көріктендірудің республикалық үлгілік қағидасына сәйкес әзірленіп, қалалардың қазіргі заманғы қажеттілігін көрсетеді. Өзгерістің бірі - құрылыс жұмысын жүргізу орындарын күтіп ұстау жөніндегі шараларды күшейтілді.
Бұл туралы Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкенов хабарлады.
Айтуынша, меншік иелері құрылыс алаңдарын қоршауының дұрыстығы мен тазалығын қадағалап, өзге жазулар мен суреттер, хабарландыру мен жарнама жазылған парақшалар болмауға тиіс.
- Сондай-ақ, жалпы қала жолы ластанбас үшін құрылыс алаңында қатты жабыны бар кірме жолдар жабдықталуы қажет. Құрылыс-жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін көріктендіру элементінің бұзылған тұтастығы мердігерлік ұйымның есебінен қалпына келтірілуге тиіс. Сондай-ақ, қоқысты тасымалдауға және сусымалы жүктерді брезентпен немесе басқа материалмен жаппай, ашық күйінде әкетуге тыйым салынады, - деді ол.
Ал уақытша құрылысқа қойылатын талап бойынша, құрылыс орнын жинаған соң иесі бұрын алып жатқан жер учаскесін қалпына келтіруге және көріктендіруге міндеттеледі. Уақытша құрылыстың меншік иелеріне күнқағар мен шатыр салуға, ыдыс пен тауарды негізгі емес нысанның жанына және оның шатырына жинауға тыйым салынады. Сонымен қатар, оларға өртке қарсы алшақтықты жабдықпен немесе қалдықпен толтыруға болмайды.
«Бұл ереже «Таза Қазақстан» республикалық акциясын өткізу идеясына енгізілген қаланың қажеттілігін көрсетеді. Әрбір адам өзінің жеке учаскесін, үй маңындағы аумақты күтіп ұстаса, тазалық мәдениетін қалыптастырады», - дейді Дулат Әшкенов.
Бекітілген ережеге түсініктеме берген қаланың мәслихат депутаты Диана Ерлан қабылданған шаралар Алматыда өмір сүру сапасына оң әсер ететінін атады.

Оның айтуынша, көріктендірудің жаңа ережесі қаланың өзгелерге үлгі болуына көмектеседі. Оған қоса, әрбір тұрғын тазалық пен тәртіпті сақтаудағы рөлін түсіне түседі. Сол себепті бірлескен күш-жігердің арқасында барлығына шынымен де қолайлы жағдай жасау мүмкін.
Ал бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылыс нысандары пайдалануға берілмес бұрын қолжетімділік талаптарына сәйкестігі тексерілетінін мәлімдеді. Әсіресе, аумақтық департаменттеріне пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін растау үшін 562 өтініш түсіп, оның 147-сі бойынша сәйкестік декларациясы келісілген. Бұл – барлық өтініштің 26%-ы. Ал 259 өтінішке, яғни 46%-ына келісім берілмеген. Қалған өтініштер әлі қаралып жатыр.
Келісім берілмеуінің негізгі себептерінің бірі нысандардың құрылыс нормалары мен ережелерінде белгіленген қолжетімділік талапбына сәйкес келмеуі. Мысалы, кейбір пандустың тұтқасы жоқ немесе олар дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ ғимараттардың есігі тар. Мұндай кемшіліктер азаматтардың ғимаратқа қауіпсіз кіріп-шығуына және еркін қозғалуына кедергі келтіреді.
Соның ішінде еліміздің Көлік министрлігі кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мәселелерін талқылады. Яғни, анықталған бұзушылықтар туралы жедел ақпарат алмасуға және бірлескен профилактикалық шаралар қабылдау назарға алынды.
Оның үстіне, жаз кезінен бастап, Алматыда тұрғындардың өтінішін қарау тәртібі күшейтілген болатын. Олар бірыңғай 109 байланыс орталығы арқылы тұрғындардың өтінішін қарау сапасын арттыруға басымдық берді. Соның нәтижесінде Алматыда тұрғындармен кері байланысты жақсартып, азаматтардың өтінішін жедел қарау шаралары күшейтілмек.
Сондай-ақ қала басшылығына көтерілген мәселелерді жедел шешу, мемлекеттік қызмет сапасына басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру және атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды дер кезінде хабардар ету міндеттелді.
