Компания жүргізушілерге ақау жойылғанша автомобильдерін ғимараттардан алыс жерге қоюды ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасының (NHTSA) мәліметінше, кері қайтару науқаны 720 796 автомобильді қамтиды. Мамандар көліктердің су сорғысына жалғанған электр қосқышынан ақау анықтаған. Оған су кірген жағдайда қысқа тұйықталу болып, өрт шығуы мүмкін.
Мұндай қауіп қозғалтқыш өшірілген кезде де сақталады. Сондықтан АҚШ билігі көлік иелеріне ақау толық жойылғанша автомобильдерін ашық тұрақтарға, ғимараттар мен басқа көліктерден алыс жерге қоюға кеңес берді.
Аталған автомобильдер 2024 жылы да дәл осы мәселеге байланысты кері қайтарылған. Алайда сол кезде жүргізілген жөндеу жұмыстары ақауды толық жоймаған. Компанияның мәліметінше, бұрын жөндеуден өткен көліктерде өрт шығуы мүмкін он оқиға тіркелген. Әзірге осы ақаудан адамдардың жарақат алғаны немесе жол-көлік оқиғасы болғаны туралы ақпарат жоқ.
Кері қайтару науқанына 2012–2016 жылдары шығарылған BMW 3 Series және 5 Series, 2012–2015 жылдардағы X1, 2012–2016 жылдардағы Z4, 2013–2017 жылдардағы X3 модельдері кіреді.
Сондай-ақ 2014–2016 жылдары шығарылған 2 Series және 4 Series көліктерінің бірқатар нұсқасы, 2015–2018 жылдардағы X4 және 2016–2018 жылдардағы X5 xDrive40e модельдері де қамтылған.
Қазіргі уақытта компания ақауды жою жолын әзірлеп жатыр. Жөндеу жұмыстары BMW-дің ресми дилерлік орталықтарында тегін жүргізіледі.
Көлік иелеріне хабарлама жіберу 25 желтоқсаннан басталады. Сол күннен бастап жүргізушілер автомобильдің сәйкестендіру нөмірі арқылы оның кері қайтарылатын көліктер тізіміне енген-енбегенін тексере алады.
Әзірге бұл шара АҚШ нарығындағы автомобильдерге қатысты жарияланды. Оның Қазақстандағы BMW көліктеріне қатысы бар-жоғы жөнінде ресми ақпарат жоқ.
