Қазақстанда 729 азамат өзіне тағайындалған әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тартқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Министрліктің мәліметінше, биыл қазан айында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылған. Содан бері бұл қызметті 729 қазақстандық пайдаланған.
Жаңа қызмет мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес, материалдық жағдайы жақсы азаматтарға арналған. Олар өздеріне тағайындалған әлеуметтік төлемнен мемлекеттік мекемеге бармай-ақ, электронды түрде бас тарта алады.
Ведомство әлеуметтік төлемнен бас тарту міндетті емес екенін атап өтті. Мұндай шешімді әр азамат өз еркімен қабылдайды. Жаңа сервис жәрдемақы алушыларға ешқандай қосымша талап немесе шектеу енгізбейді.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемнен бас тартқан азаматтар кейін материалдық жағдайы нашарласа, мемлекеттік қолдауға қайта өтініш бере алады. Өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
Қызмет eGov Mobile қосымшасы мен электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді. Министрлік азаматтарды әлеуметтік төлемдерге қатысты күмәнді сілтемелерге өтпеуге және тек ресми сервистерді пайдалануға шақырды.
