Ақмола облысында 86 жастағы қария көлігімен бірге жол жиегіндегі орға түсіп кетіп, бір тәулік бойы жақындарымен байланыса алмай қалған.
Бір тәулік бойы орда қамалып қалған: Ақмола облысында 86 жастағы қарияны полицейлер қалай тапты?
116
оқылды

Жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне оралмағанына алаңдаған туыстары дабыл қағып, полицияға жүгінген. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары жоғалған қарияны аман-есен тауып, отбасына тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінде болған. Анатолий Захарович есімді 86 жастағы қария өзіне тиесілі ВАЗ-2107 автокөлігімен жолға шыққан. Алайда сапары сәтсіз аяқталып, жүріп келе жатқан көлігі жолдан шығып, жол жиегіндегі орға түсіп кеткен.

Өздігінен көліктен шыға алмаған егде жастағы ер адам жақындарына хабар беруге де мүмкіндік таппаған. Жалғыз тұратын қарияның үйіне оралмағанын байқаған туыстары келесі күні телефон арқылы да байланыса алмаған соң қатты алаңдап, Сандықтау аудандық полиция бөліміне хабарласқан.

Хабар түскен бойда полицейлер іздестіру жұмыстарына кіріскен. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, қария мінген көліктің қозғалыс бағытын анықтаған. Осылайша, оның ықтимал жүрген жолы қалпына келтіріліп, іздеу жұмыстары нақты бағытта жалғасқан.

– Көп ұзамай іздестіру нәтижесін берді. Полицейлер жол жиегіндегі ордан ВАЗ-2107 автокөлігін тапқан. Көліктің ішінде бір тәулікке жуық уақыт бойы сыртқа шыға алмай отырған 86 жастағы Анатолий Захарович болған, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тәртіп сақшылары қарияға қажетті көмек көрсетіп, оны туыстарына аман-есен тапсырды. Сонымен қатар көлікті ордан шығаруға да жәрдемдесті. Қарияның немересі полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, қиын сәтте отбасының жанынан табылып, қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізген.

– Сандықтау ауданының полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені, қиын жағдайда қолдау білдіріп, бізбен бірге болғаны және қажетті көмектің бәрін көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді», – дейді ол.

Айта кетейік, Ақмола облысында егде жастағы адамдарға қатысты мұндай оқиғалар бұрын да болған. Биыл шілде айында Зеренді ауданында жидек теруге шығып, орман ішінде адасып кеткен 77 жастағы зейнеткерді құтқарушылар тауып алған еді. Бұл жолы да дер кезінде көтерілген дабыл мен полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 86 жастағы қарияның өміріне қауіп төндірген жағдай қайғылы аяқталған жоқ. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.