Қазақстанда инклюзивті білім беру мәселелері бойынша бұйрықты қабылдау кезінде Құрылтай депутаттарының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту жағдайларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстары ескерілді. Бұл туралы Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға арналған Үкімет сағатында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұйрықтың бастапқы жобасын қарау барысында депутаттар жеткілікті деңгейде ескерілмеген бірқатар маңызды мәселені анықтады.
Атап айтқанда, арнайы кабинеттер ашудың нақты шарттарын бекіту, педагог-ассистенттердің міндеттерін айқындау, сондай-ақ педагогтерді мінез-құлықты түзету мәселелері бойынша оқытуды қарастыру ұсынылды.
– Инклюзияға қатысты бұйрық жобасына бірқатар маңызды ұсыныс бердік. Біз бұл бұйрықта кабинеттерді ашудың нақты шарттарын, педагог-ассистенттердің міндеттерін және педагогтерді мінез-құлық түзету мәселелері бойынша оқытуды бекітуді ұсындық. Министрлік бұл ұсыныстарды ескеріп, бұйрықты қабылдады. Осы бұйрықтың артында 200 мыңнан астам бала тұр. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі, – деп атап өтті Динара Зәкиева.
Жалпы, Құрылтай депутаттары «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы 66 міндеттің 12-сі бойынша ұсыныстар берді. Олар міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
