Кездесу барысындағы басты тақырыптардың бірі – бизнес өкілдерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін 16%-дан 10%-ға дейін төмендету жөніндегі бастамасы.
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі: сауда саласындағы өзекті мәселелер бойынша жүйелі диалог басталды
Фото: Әділет
130
оқылды

Азық-түлік өнімдерінің салық жүктемесін азайту, цифрлық таңбалауға дайындалуы үшін кәсіпкерлерге қосымша уақыт беру және дүкен сөрелеріндегі қазақстандық тауарлардың үлесін арттыру. Бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында өткізген кездесуде осы мәселелер басты тақырыпқа айналды. Отырыс қорытындысы бойынша, барлық тараптың мүддесі ескерілген нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Талқылау жұмысын ашқан «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев сауда саласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттермен, атап айтқанда, инфляцияны тежеу, тұрғындардың табысын арттыру және отандық өндірісті қолдау міндеттерімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда саласы азық-түлік бағасынан бастап, жұмыспен қамтуға және табыс табуға дейінгі адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлердің үні естіліп, саладағы бастамалар жан-жақты қаралуы – аса маңызды.

«Іскерлік кеңес бизнес пен мемлекет арасында тікелей диалог орнату мақсатында құрылды. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге құлақ асу ғана емес, отандық өндірісті дамытуға, ішкі нарықты қорғауға және адал бәсекеге жағдай жасауға мүмкіндік беретін шешімдерді бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау», – деді ол.

Кездесу барысындағы басты тақырыптардың бірі – бизнес өкілдерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін 16%-дан 10%-ға дейін төмендету жөніндегі бастамасы. Сауда мәселесі жөніндегі салалық кеңес төрағасы Елбегі Әбдиевтің айтуынша, қазақстандық отбасылар шығынының 55%-дан астамы азық-түлікке жұмсалады. Сондықтан салық мөлшерлемесін төмендету қадамы тұтынушыларды қолдауға және азық-түлік инфляциясының әсерін бәсеңдетуге мүмкіндік берер еді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, ведомство бұл бастаманы қарастыруға дайын, алайда ол үшін бюджетке, өндірушілер мен тұтынушыларға тигізетін әсерін бағалап, жан-жақты есеп жүргізу қажет.

«Мөлшерлеменің өзгеруі бюджетке, өндірушілерге, тұтынушыларға және түпкілікті бағаға қалай әсер ететінін бағалау маңызды. Осындай талдау жасап алмай тұрып, шешім қабылдауға асықпаған жөн», – деді ол.

Партия Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Іскерлік кеңес алаңында жедел жұмыс тобы құрылатынын және осы топ тиісті талдау жүргізіп, бастаманы егжей-тегжейлі пысықтайтынын мәлімдеді.

«Сауда мәселесі өміріміздің көптеген саласы мен аспектісін қамтиды. Сондықтан әрбір бастаманы тұтастай ел экономикасының мүддесін ескере отырып қарастыру қажет. Сауда саласы ерекше әлеуметтік маңызға ие, себебі бұл бағытта шағын және микробизнес өкілдерінің басым бөлігі еңбек етеді. Осыған байланысты, өркениетті тәсілдерді, ашықтықты, азаматтардың қауіпсіздігін және жұмыспен қамту мәселелерін де ұмыт қалдырмау қажет», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Белсенді талқыланған тағы бір мәселе – киім-кешекті цифрлық таңбалау. Оны 1 желтоқсанда енгізу жоспарланған болатын. Алайда кәсіпкерлер белгіленген мерзімге дейін дайындалып үлгермейтіндерін айтуда. Себебі бұған қажет жабдықтарды сатып алу, есеп жүргізу жүйесін автоматтандыру және жұмыс үдерісін қайта құру керек.

«Біз таңбалауға қарсы емеспіз. Ол нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау және адал кәсіпкерлерді қолдау үшін қажет. Солай бола тұра, жаңа талаптарға дайындалу үшін бизнеске әлі де уақыт керек. Үнімізді жеткізуге мүмкіндік берілгені үшін партияға алғыс айтамыз. Бизнес-қоғамдастық құрылған жұмыс тобының қызметіне белсенді атсалысуға, қосымша талдау материалдары мен қажетті негіздемелерді ұсынуға дайын. Бүгінгі отырысқа дейін бізде сындарлы әрі тікелей диалог жүргізетін осындай алаң болған жоқ», – деді Елбегі Әбдиев.

Айжан Бижанова министрлік таңбалау жұмысын енгізу мерзімін кейінге шегеру мәселесін талқылауға дайын екенін растады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге тауарлардың түрлі санатындағы ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа талаптарға дайындалуға мүмкіндік беретін нақты әрі шынайы кесте әзірлеу маңызды. Бизнес өкілдерінің осы мәселе бойынша ұстанымы алдағы жұмыста ескеріледі.

Тағы бір маңызды тақырып – қазақстандық тауарларды ілгерілету. Кездесуге қатысушылар өнім түрлері мен өндіріс көлемі туралы ақпарат қамтылған отандық өндірушілердің бірыңғай тізілім құруды, сондай-ақ сауда желілерінде жергілікті өнімдердің үлесін арттыруды ұсынды. Ал шағын бизнес өкілдері үй іргесіндегі дүкендердің жұмыс істеуіне және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін сауда үстемесін реттеуге қатысты мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ талқылау жұмысына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастықтардың және ірі сауда желілерінің өкілдері қатысты. Олар қолданыстағы реттеу шаралары мен отандық бизнесті қолдауға бағытталған ұсыныстар бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі кәсіпкерлердің бастамаларын салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі түрде пысықтау жұмысын жалғастырады. Алдағы күндері партия алаңында бизнес өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесуі өтеді. Оның аясында сала өкілдерінің ұсыныстары жан-жақты зерделеніп, толықтырылады. Кейін олар тиісті министрлікке жолданады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.