Әлқисса, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалім құқығын кеңінен қорғауға жол ашылған. Оған дейін ұстаздар сайлау науқанына атсалысып, көше тазалауға, аулаларды абаттандыруға, әртүрлі есеп әзірлеуге көп тартылатын. 2019-2023 жылдары мұндай тәжірибеге біртіндеп тыйым салынды. Мұғалімнің жұмысына заңсыз араласып, ар-намысына тигендер әкімшілік айыппұл арқалайтын болды.
Алайда заң қабылданғанымен, мектептегі бюрократия түгел жойылған жоқ. Қағаз есептің орнын цифрлық есеп басты. Рас, бүгінде педагогтердің міндетті құжаттары 4-5 тармақпен ғана шектелген. Мәселен, пән мұғалімі күнтізбелік-тақырыптық жоспарды (КТЖ) электронды түрде жүргізеді. Ал қысқамерзімді сабақ жоспарын (ҚМЖ) өзіне ыңғайлы үлгімен толтыруға құқылы. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) нәтижелері электронды журналға жазылады. Сынып жетекшісі тәрбие жұмысын жоспарлап, оқушылар мен ата-аналарға қатысты құжаттарды рәсімдейді.
Дегенмен мектеп басшылығының талабы онымен таусылмайды. Ұстаздан қосымша анықтамалар, үлгерім кестелері сияқты қисапсыз есептер сұралады. Яғни құзырлы министрлік ресми құжаттар тізімін азайтса да, мектеп ішінде бейресми бюрократия сақталған. Заңда көрсетілмеген талаптар қалыпты жұмыс тәртібіне айналған. Қазір мектептерде ҰБДҚ, Kundelik, BilimClass, edus.kz, E-portfolio, «Педагог» платформалары қатар қолданылады. Бірі мектеп пен оқушы туралы статистика жинаса, екіншісі балалардың бағасын, сабақ тақырыбын, үй тапсырмасын тіркейді. E-portfolio, «Педагог» жүйелері мұғалімдерді аттестаттауға арналған. Бұған E-Otinish сияқты мемлекеттік мониторинг платформаларын қосыңыз.
Мәселе тек жүйелердің көптігінде емес, өзара байланысының әлсіздігінде. Сынып жетекшісі оқушының жеке деректерін, ата-анасының жұмыс орны, әлеуметтік жағдайын әуелі Kundelik немесе BilimClass-қа енгізеді, кейін ҰБДҚ-ға қайта көшіреді. Арасында аудандық білім бөлімінің Google Forms сауалнамасын толтырып, Excel кестесіне мәлімет жазуы мүмкін. Цифрлық жүйелердің өзі үнемі тұрақты жұмыс істемейді. Платформа баяуласа, сервер бұзылса немесе интернет нашарласа, мұғалім жұмысын уақытында аяқтай алмайды. Сондықтан үйіне барған соң да компьютерге телміріп отыруға мәжбүр. Кейбір өңірде ұстаздар мен ата-аналардың жүйеге кіру белсенділігі бақыланып, рейтинг түзіледі. Кейде платформаға әдейі кіріп, көрсеткішті қолдан көтеру де мұғалімдерге тапсырылады. Мұның бәрі «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабына қайшы. Соған қарамастан, ұстаздарды халық санағына қатысуға, әскери есептегі азаматтардың тізімін нақтылауға, сайлаушыларды тексеру үшін үй-үйді аралауға жұмсайтын жайттар бар. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылу, посттарға лайк басу, пікір қалдыру, скриншот арқылы есеп беру талап етілетін кездер бар. Демалыс күндері концерт, форум, спорт жарыстарына көрермен жинауға да сол баяғы мұғалімдер жегіледі.
Педагог мәртебесінің тағы бір өлшемі – қауіпсіздік. Қоғамда мұғалімді балағаттау, мазақтау, ұрып-соғу секілді келеңсіз құбылыстар кездеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып: «Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек», – деді.
Жалпы, әлеуметтік желіде оқушылардың мұғалімді жәбірлегені жайлы жаңалықтар көп шығады. Бірақ ІІМ және Оқу-ағарту министрлігі бұл жөнінде бірыңғай статистика жариялаған емес. Ондай оқиғалар негізінен ұсақ бұзақылық яки денсаулыққа жеңіл зиян келтіру тәрізді жалпы құқықбұзушылықтар есебінде тіркеледі. Нақты статистика болмағандықтан, мәселенің ауқымын да, оған қарсы шаралардың нәтижесін де бағалау қиын.
OECD ұйымының TALIS зерттеуінде Қазақстанда ұстаздарды қорлау көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден төмен делінген. Алайда мұны проблема жоқ деген белгі деп қабылдау – түбірімен қате. Өйткені мұғалімдер түрлі себеппен ол туралы айтудан бас тартып жатады.
2023-2025 жылдары Астана, Алматы қалаларында, Ақтөбе, Түркістан облыстарында жоғары сынып оқушыларының ұстазға қол көтергені, дөрекі сөйлеп, сыныптан қуғаны таспаланған видеолар тарады. Ең сорақысы, сол жағдайларда мектеп әкімшілігі мәселені алдымен өз ішінде шешуге тырысқан. Тек қоғам назары ауғаннан кейін ғана іске полиция араласып, ата-аналарға айыппұл салынған.
Мұғалім мен ата-ананың жанжалы көбіне баланың бағасына, тәртібіне немесе сабақ үстінде телефон ұстауына байланысты туындайды. Әлбетте, ата-ананың баласы үшін алаңдауы орынды. Бірақ мәселені педагогке қысым көрсетіп шешуге болмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, мұғалім кәсіби міндетін атқарып жүргенде оны балағаттаған, қорлаған немесе әдепсіз мінез-құлық танытқан адамға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген. Құқықбұзушылық бір жылда қайталанса, айыппұл 40 АЕК-ке дейін өседі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылады. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің дерегінше, 2023-2025 жылдары осы бап бойынша ондаған ата-ана жауапқа тартылған.
Демек, заңда гәп жоқ. Гәп – ұстаздардың осы заң тетіктерін еркін пайдаланбауында. Мектеп басшылығы көп ретте ата-ананың министрлікке, әкімдікке не прокуратураға шағымдануынан қорқып, мұғалімге түсініктеме жаздырады, тіпті кешірім сұратады.
Оқушының сабақтан тыс уақытта жасаған әрекеті үшін педагогтің жазықсыз жапа шегуі – өз алдына бөлек әңгіме. Демалыс күндері немесе жазғы каникул кезінде бала заң бұзса не жазатайым жараланса, сынып жетекшісіне, мектеп әкімшілігіне сөгіс берілетін жағдайлар бар. Алайда заң бойынша мұғалім баланың өмірі мен денсаулығына оқу-тәрбие процесі кезінде ғана жауапты. Керек десеңіз, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 70-бабында баланы тәрбиелеуге, оқытуға, оның мінез-құлқына ата-ана жауапты екені тасқа басқандай таңбаланған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында ата-аналық міндетін орындамаған азаматтарға 10-20 АЕК көлемінде айыппұл бекітілген. Құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл 15-30 АЕК-ке дейін ұлғаяды, тағысын тағылар.
Әгәрәки 14-16 жасқа толмаған оқушы мұғалімді тілдесе немесе оның денсаулығына зиян тигізсе, әкімшілік айыппұлды ата-анасы төлейді. Ал Қылмыстық кодексте ауыр және аса ауыр қылмыстардың кейбіріне жауапкершілік 14 жастан, басқа қылмыстарға 16 жастан басталады.
Мұғалімнің де жауапкершілігі бастан асады. «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6 және 15-баптарына сәйкес, ол кәсіби әдепті сақтауға, оқушының ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, сабақ барысында қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Оқушыны ұрғаны немесе балағаттағаны анықталса, педагог жұмыстан босатылып, Әкімшілік не Қылмыстық кодекске сай жазалануы ықтимал. Мектеп директоры да қауіпсіз орта қалыптастыруға жауапты. Педагог құқығы бұзылғанда шара қолданбауға, оқиғаны жасыруға басшылықтың қақысы жоқ.
Айтпақшы, ұстаздар мектептегі Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңеске жүгінуге құқылы. Бірақ кеңес директордан толық тәуелсіз емес. Әсіресе мәселе басшының өзіне қатысты болса, бейтарап шешім шығару қиямет-қайым. Мұндайда педагог Оқу-ағарту министрлігіне E-Otinish-пен шағымдана алады. Алда-жалда күш көрсету, бопсалау немесе қорлауға ұшыраса, полицияға хабарлап, прокуратураға арыздану тетігі бар.
Енді бір сәт әлемдік тәжірибеге үңілейік. АҚШ пен Ұлыбританияда мұғалімге қол көтеру, қоқан-лоқы жасау ауыр құқықбұзушылық санатына жатқызылады. Тәртіп бұзған оқушы сабақтан уақытша шеттетіледі немесе мектептен шығарылады, ата-анасының мойнына қомақты айыппұл жүктеледі. АҚШ-тағы NEA, Ұлыбританиядағы NEU кәсіподақтары ұстаз құқығы қорғалмаса, мектеп әкімшілігіне қарсы сотқа шағымданып, ереуіл жариялауға дейін барады. Оңтүстік Кореяда 2023 жылы «Мұғалім құқықтарын қорғау туралы» заңдар пакеті қабылданған. Содан бері ата-аналар педагогтің жеке телефонына қоңырау шала алмайды, өтініштерін мектептің ресми арнасымен ғана жолдайды. Жайдан-жай шағым түсіргендерге де қатаң жаза дайындалған. Біздегі ұстаздар WhatsApp топтарында тәулік бойы ата-аналардың хат-хабарын амалсыз аңдып отыратынын ескерсек, бұл тәжірибеден үйренеріміз көп.
Осы орайда мұғалімнің психологиялық саулығы да – маңызды мәселе. Сабақ түсіндіру, дәптер тексеру – ұстаз жұмысының бір бөлігі ғана. Ол күнде әртүрлі баламен тіл табысып, әртүрлі ата-анамен сөйлесіп, өз эмоциясын ылғи тұншықтыруға мәжбүр. Жағымсыз жағдай ұзаққа созылса, кәсіби қажу синдромына әкеп соғады. OECD-нің TALIS зерттеуінде қазақстандық педагогтердің шамамен 15-20 пайызы жұмыста қатты күйзеліске түсетіні айтылған. Бұл көрсеткіш OECD елдерінің орташа деңгейіне жақын. Әйткенмен біздің мұғалімдер стрестің негізгі себептері ретінде әкімшілік есептілік, негізсіз тексеру, ата-аналардың шағымдарына жауап беру сияқты факторларды атаған. Яғни ұстазды сабақтан бөлек қосымша міндеттер шаршатады екен.
Мысалы, Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің 2020-2024 жылдардағы зерттеуінде Маслачтың кәсіби қажу сауалнамасы жүргізілген. Сонда респонденттердің 30-40 пайызында эмоциялық сарқылудың орташа және жоғары деңгейі байқалған. Бұл еңбек өтілі 10-15 жылдан асқан педагогтерде жиірек кездескен.
Әрине мұғалімнің мұң-зары түсінікті. Кешке әкімшіліктен тапсырма келсе, демалыста ата-аналар хабарласса, WhatsApp тобында да болмашы мәселелер талқыланса, бұған тексерістер, ашық сабақтар, БЖБ мен ТЖБ қорытындылары, ата-аналардың шағымдары қосылса, ол қажымай кім қажысын! Күнде 25-35 оқушымен жұмыс істеп, әрқайсысына көңіл бөлу де оңай емес. Психологтар бұл құбылысты «эмоциялық еңбек» (emotional labor) деген терминге телиді. Мұғалім сырт көзге сабырлы көрінгенімен, ішкі күйзелісін үнемі тұмшалап ұстайды. Соның кесірінен уақыт өткен сайын оқушыларға, әріптестеріне, жұмысқа деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
Facebook желісіндегі Ustaz және «Қазақстан мұғалімдері» секілді ірі пабликтерді оқысақ, педагогтердің мамандық ауыстыруды немесе жекеменшік репетиторлық жұмысқа көшуді көп ойлайтынын аңғарамыз. Себебі оқу орталықтарында мұғалім негізінен пән үйретумен айналысып, әкімшілік есептен құтылады. Мұндай үрдіс мемлекеттік мектептердің кәсіби кадрлардан айырылу қаупін күшейтеді.
Тіл-көзіміз тасқа, кейінгі жеті жыл бедерінде Қазақстанда 1,1 миллион оқушыға арналған 1 342 мектеп салыныпты. Бірақ осынау білім ошақтары ұлағатты ұстаздарымен ғана құнды. Ендеше мұғалім мәртебесін сылдыр сөзбен емес, оған лайықты жағдай жасаумен дәлелдейтін уақыт жетті.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ
