Радиостанса музыкалық эфирін жаңартып, жаңа бағдарламаларды іске қосады және виртуалды жүргізушілерді таныстырады.
Адамдар, музыка және жасанды интеллект: Radio NS жаңа кезеңге қадам басады
167
оқылды

Radio NS 16 қарашадан бастап ауқымды жаңартуды бастайтынын хабарлайды. Қазақстандағы ірі коммерциялық радиожелілердің бірі жаңа музыкалық тұжырымдамасын ұсынып, «Қайырлы тайм. Просыпайся, жаным!» атты таңғы шоуын іске қосады, авторлық бағдарламалар желісін кеңейтіп, эфирге жасанды интеллект технологияларын енгізеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңартудың басты мақсаты – Radio NS-тің тыңдарманға жақсы таныс болмысын сақтай отырып, оның үнін заманауи, мазмұнын алуан түрлі әрі аудиторияның қызығушылығына жақын ету. Жаңа тұжырымдаманың негізінде сапалы музыка, еркін қарым-қатынас, қазақстандық мәдени контекст және заманауи технологиялар үйлесім табады.

Перезапусктің негізгі бағыттарының бірі – музыкалық эфирді жаңарту. Radio NS Adult Contemporary (AC) форматына бағдарланады. Бұл – әуезді композицияларды, әр жылдардағы танымал хиттерді және бүгінгі музыкалық жаңалықтарды біріктіретін заманауи радио форматы.

Жаңартуға дайындық барысында радиостанса тұрақты тыңдармандарының қатысуымен зерттеу жүргізіп, олардың музыкалық талғамы мен күтулерін зерделеді.

Зерттеу нәтижелері жаңа плейлистің негізіне алынды. Осылайша, музыкалық эфирдегі өзгерістер тыңдарманға жаңа форматты таңу емес, ең алдымен, аудиторияның сұранысына берілген жауап болды.

Эфирде тыңдарман сүйіп тыңдайтын композициялар мен таныс музыкалық бағыттар сақталады. Сонымен қатар музыкалық репертуар жаңа хиттермен және отандық орындаушылардың шығармаларымен толықтырылады.

Жаңартудың тағы бір маңызды жаңалығы – «Қайырлы тайм. Просыпайся, жаным!» атты музыкалық-ойын-сауық таңғы шоуының іске қосылуы.

16 қарашадан бастап әр жұмыс күні сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін тыңдармандарды Сергей Ежов пен Динара Исмаилова қарсы алады.

Radio NS ізгі ниет пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын таңғы радио дәстүрін жалғастырады. Бағдарламада еркін әңгіме, әзіл-қалжың, өзекті тақырыптар, интерактивті ойындар, музыкалық тосынсыйлар мен тыңдармандардың қызықты оқиғалары қамтылады.

Шоудың ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінің табиғи үйлесімі, ұлттық нақыш пен заманауи қалалық мәдениеттің тоғысуы.

«Қайырлы тайм» – күнді жақсы көңіл күймен, күлкімен және таңғы қарбаласта жалғыз емес екеніңді сезінумен бастауға мүмкіндік беретін бағдарлама.

Қазақ тіліндегі хабар тарату көлемін арттыру жаңартылған Radio NS-тің басым бағыттарының біріне айналады. Атап айтқанда, күндізгі эфир негізінен қазақ тілінде жүргізіледі.

Сонымен қатар радиостанса музыка, мәдениет, күнделікті өмір және пайдалы ақпаратты біріктіретін авторлық бағдарламалар мен тақырыптық айдарлар желісін кеңейтеді.

Жаңа жобалардың қатарында:

  • Алекс Филатовтың авторлық айдарлары. Орталық Азияда қазақ әндерін ерекше орындау мәнерімен кеңінен танылған музыкант әрі орындаушы тыңдармандарға өзінің авторлық жобаларын ұсынады.
  • Мира Бергеннің бағдарламасы. Денсаулық, сұлулық және өмір салты тақырыптарына арналған жоба. Бағдарламада өзекті мәселелер, практикалық кеңестер және өмір сапасы туралы әңгімелер қозғалады.
  • Қанат Тасибековтің айдары. «Ситуативный казахский» жобасының авторы қазақ тілін күнделікті өмірдегі нақты жағдаяттар мен қарым-қатынас арқылы үйренуге көмектеседі.

Осылайша, Radio NS қазақ тіліндегі бағдарламалар санын арттырып қана қоймай, қазақ тілін күнделікті медиакеңістіктің табиғи бөлігіне айналдыруды көздейді.

Radio NS-тің кешкі және түнгі эфирінде AI-жүргізушілер пайда болады. Жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған виртуалды радио дауыстары музыкалық композицияларды таныстырып, эфирлік блоктарды сүйемелдейді және ақпараттық-ойын-сауық контенті арқылы тыңдармандармен байланыс орнатады.

Сонымен бірге AI-жүргізушілердің жұмысында нақты мамандардың үлесі сақталады: адамдар бағдарламаларды әзірлеуге, технологияларды баптауға және редакциялық сүйемелдеуге қатысады. Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыратын дербес жүйе емес, радио өндірісінің жаңа құралына айналады.

Radio NS таңғы шоу мен авторлық бағдарламаларда аудиториямен дәстүрлі тікелей қарым-қатынас форматын сақтай отырып, музыкалық хабар таратуда жаңа мүмкіндіктерді ашады.

Radio NS-тің жаңаруы – радиостанса қызметінің бірнеше бағытын қамтитын кешенді өзгеріс. Ол музыкалық бағдарламалауға, эфирлік безендіруге, авторлық контентке, тіл саясатына және тыңдармандармен өзара байланысқа қатысты болады.

«Біздің мақсатымыз – музыканы жай ғана өзгерту немесе тағы бір таңғы шоуды іске қосу емес. Біз заманауи адамның өміріндегі радионың рөлін қайта пайымдағымыз келеді. Сондықтан ең алдымен тыңдармандарымыздың талғамы мен қалауын зерттеуден бастадық. Олардың қандай музыка тыңдағысы келетінін және қандай контентке қызығушылық танытатынын түсіну біз үшін маңызды. Біз аудиторияның Radio NS-ті жақсы көруіне себеп болған құндылықтарды сақтай отырып, эфирге жаңа дауыстарды, технологиялар мен идеяларды енгіземіз. Біздің түсінігімізде болашақ радиосы – технологиялар адамға қызмет ететін, ал адам өзінің басты құндылығы болып қала беретін кеңістік», – дейді Radio NS бас директоры Махаббат Есен.

Бүгінде Radio NS желісіне 27 филиал кіреді. Радиостанса Қазақстанның 70-ке жуық қаласы мен елді мекенін қамтиды. Дамудың жаңа кезеңі радиостансаның ұлттық медианарықтағы позициясын нығайтуға, аудиториясын кеңейтуге және тыңдарманға жақын заманауи, технологиялық әрі эмоциялық медиакеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Radio NS. Жаңа үн. Таныс сезім.