Маңғыстаудағы жерасты мешіттері мен киелі орындардың ЮНЕСКО тізіміне қосылуы Қазақстанның Азия елдері арасындағы рейтингте 13-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Қазір еліміздің дүниежүзілік мұралар тізімінде жеті нысан кірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көрсеткіш бойынша еліміз Моңғолиямен тең, алайда рейтингте одан бір саты жоғары көтерілген. Ал Азия елдері арасында бірінші орынды Қытай иеленген. Биыл 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында елдің тізіміне 61-нысан енген. Ол – Цзиндэчжэнь қаласының өнеркәсіптік мұрасы. Онда X-XIX ғасырлар аралығында фарфор өндірісі дамып, біртұтас өндірістік жүйе қалыптасқан.
ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының номинация бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо Қытайдың дүниежүзілік мұралар тізіміне қосқан үлесін ерекше атап өткен.
– Қытай нысандарының құндылығы олардың санымен ғана емес, алуан түрлілігімен ерекшеленеді, – деді ол.
Екінші орында – Үндістан. Сол сессия барысында оның 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тізімге енген. Аңыз бойынша Будда ағартушылыққа жеткеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан екен.

Қызығы, биыл ЮНЕСКО тізіміне рейтингтің басына басқа елдердің де мұралары ілікті. Мысалы, Ираннан Аламут қамалы мен оған байланысты қорғаныс құрылысы, ал Жапониядан ежелгі Асука-Фудзивара астанасы енді. Ал биылғы сессияны қабылдаған Оңтүстік Корея рейтингте 17-орынға тұрақтады.
Талап бойынша, ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін әр мемлекет жыл сайын бір ғана нысан ұсына алады. Сондықтан көшбасшы елдер мен өзге мемлекеттер арасындағы алшақтықтың қысқаруы баяу жүріп жатыр.
Қазақстанның жетінші нысаны – Маңғыстаудың жерасты мешіттері
Қазақстан 25 шілдеде Маңғыстаудың жартасқа қашалған мешіттері мен киелі орындары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгеннен кейін жеті нысанға иелік етті. Жаңа нысанның құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері кірді.
Вице-президент Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін атаған болатын.
Айтуынша, жерасты мешіттері құлшылық ететін орын ғана емес, білім мен ағартушылықтың орталығы болған.
«Бұл жартастар халқымыздың тарихи жадын, ата-бабаларымыздың өсиетін сақтап тұр», – деді Ерлан Қарин.
Алдағы уақытта еліміз қандай нысан ұсынбақ?
Айта кетсек, Қазақстанның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген алғашқы нысаны – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Кейін тізімге Таңбалы петроглифтер мен «Чанъань – Тянь-Шань дәлізі» аясындағы Ұлы Жібек жолының нысаны қосылды. Сондай-ақ еліміздің табиғи мұралары да халықаралық деңгейде мойындалып, Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдерін қамтитын «Сарыарқа», Батыс Тянь-Шань және Тұранның қоңыржай белдеуіндегі шөлдер кірді. Аталған мұраның кейбірі Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан және Түрікменстан аумағын да қамтиды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ЮНЕСКО деңгейінде таныту үшін жаңа номинациялар әзірлеуді тапсырған. Олардың қатарында Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері кіреді. Оның үстіне, Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізімінің алдын ала тізіміне енген. Бұл – нысанды негізгі тізімге ұсынудың алғашқы кезеңі. Ел алдымен мұраны алдын ала тізімге енгізіп, содан кейін ғана толыққанды номинациялық құжаттама әзірлеп, ЮНЕСКО-ға өтінім бере алады.
