Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған тың бастама жүзеге асырылуда.
Түркістанда «Малшылар ауылы» құрылды
149
оқылды

Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде Қазақстанда баламасы жоқ «Малшылар ауылы» жобасы қолға алынды. Оның басты ерекшелігі – жеке-жеке жұмыс істеп келген шағын шаруа қожалықтарын бір өндірістік жүйеге біріктіріп, мал өсіруден бастап, бордақылау, сою, өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық тізбекті қалыптастыру. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба ауыл шаруашылығындағы кооперацияны дамытудың жаңа үлгісіне айналмақ.

Жобаға 40 гектар жер бөлініп, 74 шаруа қожалығына 50 сотықтан жер телімі қарастырылған. Кешен бір мезетте 25 мың басқа дейін мал бордақылауға бейімделген. Қазір 39 қораның құрылысы жүргізілуде. Толық қуатына шыққанда жылына 25 мың бас мал бордақыланып, 5 мың тонна ет өндіру жоспарланған. Мұнда сағатына 120 басқа дейін қызмет көрсететін орталықтандырылған мал сою желісі, 1 000 текше метрлік тоңазытқыш қоймасы және ветеринариялық-санитариялық зертхана жұмыс істейді. Сонымен бірге мамандарға арналған қызметтік инфрақұрылым мен қонақүй де қарастырылған.

Жобаның маңызды ерекшелігі – өндірістің бірде-бір кезеңі назардан тыс қалмайды. Мал союдан қалған қан, сүйек пен ішкі ағзалар арнайы цехта қайта өңделіп, балық шаруашылығына арналған жем өндіруге пайдаланылады. Ал малшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында кешен аумағында жалпы ауданы 4 мың шаршы метр болатын 74 типтік тұрғын үй салу көзделген. Балаларды мектепке тасымалдау мәселесі де ескерілген. Бұл бастама тек ет өндірісін ұлғайтуға емес, ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашуға, шағын шаруалардың табысын арттыруға және ауылдық аумақтардың әлеуетін күшейтуге бағытталған. Ең бастысы, малшыға қолайлы жағдай жасап, ауылдағы еңбекті экономикалық тұрғыдан тиімді кәсіпке айналдыруға мүмкіндік береді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы