2026 жылғы 20-22 қараша аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында және «Astana Ballet» театрының сахнасында «Temps Lié» кәсіби хореографиялық оқу орындарының IV халықаралық фестивалі өтеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шара академияның 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Академия – Орталық Азиядағы көпдеңгейлі хореографиялық білім берудің толық циклін жүзеге асыратын алғашқы әрі жалғыз оқу орны. Фестиваль халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, педагогикалық тәжірибе алмасуға және әлемдік хореографиялық қауымдастыққа интеграциялауға бағытталған.
Фестивальдің салтанатты ашылуы 20 қараша күні сағат 19:00-де «Astana Ballet» театрының сахнасында өтеді.
Көрермендер бұл кеште Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері орындайтын Мариус Петипаның Рикардо Дриго музыкасына қойылған «Раушан гүлі мен көбелектің романы» («Роман бутона розы и мотылька») балетін тамашалай алады.
Ашылу салтанатының алдында сағат 16:30-да «Бидегі бірлік: әлемдік хореография мектептерін дамытудың перспективалары» атты халықаралық форум өтеді.
Фестивальдің екінші күні сағат 17:00-де қонақ қатысушылардың гала-концертімен жалғасып, әлемнің жетекші бейінді жоғары оқу орындары мен академиялары өз бағдарламаларын ұсынады. Олардың қатарында Бейжің би академиясы, Борис Эйфман би академиясы, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі, Бразилиядағы Үлкен театр мектебі, Венгрия би университеті және басқа да хореографиялық мектептер бар.
Фестиваль аясында Астанаға әртүрлі елдерден хореографиялық өнер қайраткерлері мен сарапшылар келеді. Олардың қатарында танымал венгр хореографы Тамаш Тополянски, италиялық балетмейстер әрі халықаралық деңгейдегі педагог Ирма Кардано, америкалық танымал хореограф Норберт де ла Круз, Жапониядағы «Sofia Ballet Academy» көркемдік жетекшісі Мичиё Косака және басқа да өнер майталмандары бар.
Фестивальдің шарықтау шегі 22 қараша күні сағат 17:00-де «Astana Ballet» театрының сахнасында өтетін «Академия түлектерінің шоқжұлдызы» атты қорытынды гала-концертімен түйіндейді.
