Жиынға «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы Еркін Сүйіндіков, кәсіпорын қызметкерлері мен партия мүшелері қатысты.
«Әділет» партиясы «ҚазТрансОйл» ұжымымен Жолдау міндеттерін талқылады
91
оқылды

Бүгін «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Атырау мұнай құбыры басқармасында «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев еңбек ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиынға «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы Еркін Сүйіндіков, кәсіпорын қызметкерлері мен партия мүшелері қатысты.

Басқосуда күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру болды. Осы бағытта баяндама жасаған Бейбіт Мырзағалиев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларға тоқталып, олардың өндіріс саласы үшін маңызын атап өтті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар талқыланды.

Әсіресе экономиканы әртараптандыру, өндірісті технологиялық жаңғырту, цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру, мұнайды терең өңдеу және отандық өндірісті дамыту мәселелеріне тоқталды. 

Сонымен қатар еңбек адамының жағдайы, жалақыны көтеру, кәсіби біліктілікті арттыру, өндірістік қауіпсіздік, сапалы білім мен медициналық қызмет, ауызсу және тұрғын үй мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша партия мүшелері Тарас Қасымов атындағы мұнай айдау станциясы резервуар паркінің инженері Бейімбет Жалғасов пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жабдықтармен жиынтықтау қызметінің бастығы Артур Тасуньян Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, өндіріс саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер жөнінде ойларын ортаға салды.

Жиында «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының бастауыш партия ұйымы төрағалығына Нұрлыбек Ғизатовтың кандидатурасы ұсынылды. Жиналысқа қатысушылар ұсынысты қолдап, оны ұйым төрағасы етіп сайлады.

Нұрлыбек Ғизатов – журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, ақпарат кеңістігінде тәжірибе жинақтаған, кәсіби жауапкершілігі жоғары маман. Ол бұған дейін журналистика саласында еңбек етіп, бүгінде «ҚазТрансОйл» АҚ-да жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп келеді. 

Сонымен қатар бастауыш партия ұйымының бюро мүшелері сайланды. Бұл ұйым жұмысының жүйелі жүргізілуіне, партиялық бастамалардың жүзеге асуына және мүшелердің ұсыныстарын ортақ талқыға салуға мүмкіндік береді.

Жиын соңында басқарма бастығы Еркін Сүйіндіков сөз алып, басқосуда көтерілген мәселелер мен алдағы міндеттерге тоқталды. 

Осылайша, кездесу Жолдауда белгіленген міндеттерді талқылаумен ғана шектелмей, партияның өндірістік ұжымдардағы жұмысын жүйелеуге бағытталған нақты ұйымдастырушылық қадамдармен түйінделді.