Қызылордада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, заңсыз кортеж ұйымдастырған 8 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соңғы уақытта жол бойында көліктерімен түрлі қауіпті әрекеттерге баратын жүргізушілердің әрекеті қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Әсіресе, жол қозғалысы ережелеріне бағынбай, кортеж ұйымдастырып, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіреді.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын анықтаған. Нақты айтқанда, желілерде таралған бейнежазбаны мұқият зерделеу нәтижесінде заңсыз кортежге қатысқан 8 жүргізушінің жеке басы нақтыланған.
Жол бойында құқық бұзушылар Қызылорда қаласының 20–25 жас аралығындағы тұрғындары екені белгілі болды. Тексеру нәтижесімен лларға маневр жасау қағидаларын бұзу, авариялық жағдай туғызу және жол қозғалысы талаптарын сақтамау деректері бойынша әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар сот шешімімен үш азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл арқалады.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға, өзара сыйластық танытып, жауапкершілікті сезінуге шақырады. Әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазбалар арқылы анықталған құқық бұзушылықтар да назардан тыс қалмайтынын мәлімдейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
