Бұл туралы ол ҚМДБ-да «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Астана қаласының асабаларымен өткен «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты кездесуде айтты.
Бас мүфти қазақ тойындағы ысырап пен бейәдеп ойындарды сынға алды
133
оқылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ тойларындағы артық шығын, орынсыз бәсеке мен бейәдеп ойындар мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы ол ҚМДБ-да «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Астана қаласының асабаларымен өткен «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты кездесуде айтты.

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист әрі диктор Зейін Әліпбек, той жүргізушілері мен діни басқарма қызметкерлері қатысты.

Кездесуде тойдағы орынсыз ысырап, қымбатшылық, өзара бәсеке, аста-төк дастарқан мен әдепке жат ойындар талқыланды. Бас мүфтидің айтуынша, қазақ халқы ежелден қуанышын ағайын-туыспен бөлісіп, той жасауды дәстүрге айналдырған. Дегенмен бүгінде кейбір тойлар мақтан мен бәсекенің көрінісіне айналып барады.

– Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти тойдың тек көңіл көтеретін жиын емес, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тәрбие құралы екенін атап өтті.

– Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз, – деді ол.

Кездесу барысында асабалар да той мәдениетіне қатысты пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.