16-19 қараша аралығында Италияның Милан қаласында Қазақстан киносының күндері өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара отандық фильмдерді шетел көрермендеріне танытуға және Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды.

CityLife Anteo кинотеатрында өткен ашылу салтанатына Қазақстанның Италиядағы елшілігінің, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының және отандық кино саласының өкілдері қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, көрерменге үш қазақстандық туынды ұсынылды. Олар – ана махаббаты мен қайсарлықты арқау еткен «Анаға апарар жол» тарихи драмасы, сақ патшайымы туралы «Томирис» фильмі және қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың өміріне арналған «Әміре» өмірбаяндық картинасы.

Миландағы көрсетілімдер отандық киноның халықаралық деңгейде танылуына, екі елдің мәдени байланысының кеңеюіне және шетелдік көрермендердің Қазақстан тарихы мен мәдени мұрасын жақынырақ білуіне ықпал етті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
