Ауыл шаруашылығы мен өндірістен бастап, көлік-логистика, туризм және сервистік қызметке дейінгі бірнеше саланы қамтитын бұл бастамалар аймақ экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және елді мекендердің әлеуетін дамытуға бағытталған. Ендігі маңызды міндет – мақұлданған жобаларды қағаз жүзіндегі жоспардан нақты өндіріске айналдыру.
Экономиканың дамуы тек өндірілген өнімнің көлемімен немесе бюджетке түскен кіріспен өлшенбейді. Оның артында жаңа кәсіпорындар, тұрақты жұмыс орындары, дамыған инфрақұрылым, бәсекеге қабілетті бизнес және халықтың әл-ауқаты тұрады. Ал осының барлығына қозғаушы күш болатын тетіктің бірі – инвестиция.
Инвестиция тарту қай кезеңде де ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі саналады. Әсіресе экономикалық әлеуеті зор, табиғи ресурстары мен өндірістік мүмкіндіктері жеткілікті өңірлер үшін оның маңызы айрықша. Себебі инвестиция – жаңа өндіріс ашудың ғана емес, тұтас аумақтың экономикалық келбетін өзгертудің мүмкіндігі. Осы тұрғыдан алғанда, Абай облысында мақұлданған жаңа инвестициялық жобалар өңірдің даму бағдарында маңызды орын алады. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында жалпы құны 8,4 млрд теңгені құрайтын тоғыз жоба қаралып, қолдау тапты. Олардың нәтижесінде 695 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Әрбір жаңа жұмыс орны – бір отбасының тұрақты табыс көзі, еңбекке қабілетті азаматтың өз кәсібін табуына жасалған мүмкіндік, жастардың туған жерінде қалып, болашағын қалыптастыруына берілген жол. Сондықтан инвестициялық жобалардың әлеуметтік маңызы экономикалық тиімділігімен қатар қарастырылуы керек.
Салалардағы серпін
Абай облысының инвестициялық саясаты үшін маңызды мәселелердің бірі – экономиканың түрлі салаcын қатар дамыту. Себебі бір немесе бірнеше салаға ғана тәуелді экономика сыртқы нарықтағы өзгерістерге, баға құбылуына және өзге де факторларға осал болуы мүмкін. Ал өндіріс пен қызмет көрсету бағыттарын кеңейту өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттырады. Мақұлданған тоғыз жобаның ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, табиғи тасты өңдеу, қонақүй бизнесі мен жол бойындағы сервисті қамтуы да осы мақсатпен үндеседі. Жобалардың географиялық ауқымы да назар аудартады. Инвестициялық бастамалар Семей қаласы, Аягөз, Жарма, Мақаншы және Бесқарағай аудандарында жүзеге асырылмақ. Бұл инвестициялық белсенділіктің облыс орталығымен шектелмей, аудандарға да бағытталып отырғанын көрсетеді. Өңірдің экономикалық дамуы үшін мұндай географиялық әртараптандырудың маңызы зор. Өйткені аудан экономикасы жанданбайынша, облыстың жалпы даму қарқынын тұрақты деңгейге көтеру қиын. Әр елді мекеннің өзіне тән мүмкіндігі мен артықшылығы бар. Бірінде ауыл шаруашылығының әлеуеті басым болса, енді бірінде көлік-логистика немесе туристік бағыттарды дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан.
Міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әр ауданның экономикалық ерекшелігіне сай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.
Абай облысының экономикалық әлеуетін сөз еткенде, ең алдымен ауыл шаруашылығы саласына тоқталуға тура келеді. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қалыптасқан шаруашылық дәстүрлері аграрлық секторды дамытудың кең мүмкіндіктерін қалыптастырып отыр. Дегенмен бүгінгі нарық жағдайында ауыл шаруашылығын тек шикізат өндірумен шектеу жеткіліксіз. Негізгі міндет – өндірілген өнімді терең өңдеп, оның қосылған құнын арттыру. Бұл бағытта өңдеу кәсіпорындарын ашу, өндірістік тізбекті қалыптастыру және дайын өнімді ішкі-сыртқы нарыққа шығару маңызды.
Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы инвестициялар шаруалардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары арасындағы экономикалық байланысты нығайтады. Бір жағынан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұрақты өткізу нарығы қалыптасса, екінші жағынан, өңдеу кәсіпорындарына қажетті шикізат көзі қамтамасыз етіледі.
Мақұлданған жобалар қатарында көлік және логистика саласының болуы да кездейсоқ емес. Бүгінде өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігі өндіріс көлемімен ғана емес, өнімді тұтынушыға қаншалықты жылдам әрі тиімді жеткізе алатынымен де айқындалады. Көлік-логистика жүйесі дамыған жағдайда кәсіпорындардың нарыққа шығу мүмкіндігі артып, тауар тасымалының тиімділігі жақсарады. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпкерлік бастамаларға жол ашады. Абай облысы үшін логистикалық инфрақұрылымды дамыту – өңірлік экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе өндіріс пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған жағдайда тасымалдау, сақтау және жеткізу қызметтеріне деген сұраныс та арта түседі. Ал жол бойындағы сервисті дамыту – осы экономикалық байланыстың тағы бір маңызды бөлігі. Қазір сапалы қызмет көрсету инфрақұрылымы тек жол үстіндегі қолайлылықты қамтамасыз етумен шектелмейді. Ол шағын және орта бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпкерлердің табыс табуына мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобалардың тағы бір бағыты – табиғи тасты өңдеу. Бұл сала өңірдің өндірістік әлеуетін кеңейтуге және табиғи ресурстарды экономикалық айналымға тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Табиғи шикізатты дайын өнімге айналдыру – кез келген өңір үшін экономикалық тұрғыдан тиімді бағыт. Себебі өңделген өнімнің нарықтағы құны жоғары болып, өндірістің қосылған құн қалыптастыру мүмкіндігі артады.
Бұған қоса, өңдеу өндірісі жаңа мамандықтарға сұраныс туғызып, жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Заманауи технологияларды меңгерген жұмысшылар мен техникалық мамандарға деген қажеттілік те арта түседі. Демек, өндірістік жобалардың маңызын тек инвестиция көлемімен бағалау жеткіліксіз. Олардың өңірде технологиялық дағдылардың қалыптасуына, еңбек өнімділігінің артуына және жергілікті өндірістік тізбектің кеңеюіне қосатын үлесін де ескерген жөн.
– Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініші уақытылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуге тиіс, – деді Берік Уәли.
Шын мәнінде, бұл – жергілікті атқарушы органдарға жүктелген маңызды міндеттің айқын көрінісі. Себебі инвестордың жобасын мақұлдау бір бөлек те, оны толық іске асыруға қажетті жағдай жасау бір бөлек.
Маңызды міндеттер бар
Кейде жақсы бастама инфрақұрылымның дайын болмауы, құжат рәсімдеу кезіндегі кідірістер немесе мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі салдарынан тежеліп жатады. Мұндай мәселелер инвестициялық ахуалға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан инвесторлармен жұмыста жеделдік, ашықтық және жауапкершілік басты қағидаға айналуы керек. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, туындаған мәселенің шешімі нақты мерзіммен айқындалғаны жөн. Әсіресе аудан әкімдерінің рөлі ерекше. Өйткені инвестициялық жобалардың едәуір бөлігі аудан аумақтарында жүзеге асырылмақ. Жергілікті жерде туындайтын мәселелерді ең алдымен сол аумақтың басшылығы біледі. Демек, инвестордың жұмысын сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылымға қол жеткізуіне жәрдемдесу және мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру жергілікті биліктің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі болуы тиіс. Инвесторға қолайлы жағдай жасау дегеніміз – тек жеңілдік ұсыну емес. Бұл – сөз бен істің бір жерден шығуы, қабылданған шешімдердің уақытылы орындалуы және кәсіпкердің заңды мүддесіне құрметпен қарау.
Бүгінде тұрақты жұмыспен қамту мәселесі өңірлер үшін аса өзекті. Әсіресе жастардың еңбек нарығына араласуы, кәсіби мамандардың сұранысқа ие болуы және ауыл тұрғындарының табыс көзін арттыруы – экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа өндіріс орындары мен қызмет көрсету нысандарының ашылуы осы мәселелерді шешуге белгілі бір деңгейде мүмкіндік береді. Ең бастысы, жұмыс орындары жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болып, кадр даярлау мәселесіне де назар аударылуы керек. Инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалағанда жұмыс орындарының санымен қатар олардың тұрақтылығы, еңбек жағдайы, жалақы деңгейі және жергілікті мамандарды тарту мүмкіндігі де ескерілгені жөн. Сонымен бірге жаңа кәсіпорындардың пайда болуы ілеспе кәсіпкерлік салаларына да оң әсер етеді. Бір өндіріс орнының жұмысы тасымалдау, жөндеу, жабдықтау, тамақтандыру және басқа да қызмет түрлеріне сұраныс туғызуы мүмкін. Осылайша, бір инвестициялық жобаның айналасында бірнеше шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Абай облысында мақұлданған тоғыз инвестициялық жоба – аймақтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама. Жалпы құны 8,4 млрд теңге болатын жобалар мен 695 жаңа жұмыс орнының жоспарлануы өңірде кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Мұның тағы бір маңызды тұсы – инвестициялық бастамалардың бірнеше аудан мен қаланы қамтуы. Бұл облыстың экономикалық дамуын аумақтық тұрғыдан теңгерімді етуге, аудан орталықтарымен қатар ауылдық елді мекендердің де әлеуетін пайдалануға жол ашады. Алайда алдағы кезеңде ең маңыздысы – осы бастамалардың нақты нәтижесін көру. Жобалар уақытылы жүзеге асып, өндіріс орындары іске қосылып, жұмыс орындары ашылғанда ғана инвестициялық саясаттың тиімділігі айқындалады. Бүгінде өңірлер арасындағы бәсекелестік те күшейіп келеді. Әр облыс инвестор тартуға, өндірістік әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыруға ұмтылады. Мұндай жағдайда Абай облысы үшін өзінің табиғи, өндірістік, ауыл шаруашылығы және көлік-логистикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды.
Инвестицияның басты мақсаты – қаржы тарту ғана емес, сол қаржы арқылы экономиканың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру. Егер әрбір жоба жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға және ауыл-аймақтың әлеуетін арттыруға қызмет етсе, онда оның қайтарымы да еселене түседі.
Абай облысының бүгінгі инвестициялық бастамалары осындай үлкен мақсаттармен сабақтас. Ендігі міндет – қолға алынған жобаларды жүйелі жүзеге асырып, жоспарланған нәтижеге қол жеткізу. Өйткені өңірдің өркендеуі бір күнде қалыптаспайды. Ол – нақты жобалардың, жауапты шешімдердің, іскерлік бастамалардың және ортақ еңбектің жемісі. Ал инвестиция – осы жолдағы маңызды қозғаушы күш. Бүгінгі 8,4 млрд теңге инвестиция мен 695 жұмыс орны – ертеңгі экономикалық өсімнің әлеуеті. Ең бастысы, бұл әлеует нақты іске айналып, Абай облысының әрбір тұрғыны сезінетін игілікке ұласуы тиіс.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
