Жақында Алматыдағы Нархоз университетінде өткен Mind for Peace халықаралық конференциясы аясында Оксфорд университетіндегі Oxford Martin AI Governance Initiative бастамасының аға кеңесшісі, халықара­лық дипломатия және жасанды интел­лектіні басқару саласының сарапшысы Сэм Доузпен (Sam Daws) осы тақырып төңірегінде сұхбат құруға мүмкіндік туды.
Сэм Доуз: Қазақстанның цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтуға мүмкіндігі зор
78
оқылды

Бүгінде оның халықаралық дипло­матия саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар. Сэм Доуз бізге жасанды интеллектінің жаһандық қауіпсіздікке әсері мен Қазақстанның бұл саладағы болашағы туралы айтып берді.

– Сэм мырза, қазіргі уақытта жасанды интеллектінің игілігімен қатар, көлеңкелі тұстары да байқа­ла бастағандай. Сіздіңше, алдағы уақытта жасанды зерде әлемдік қауіпсіздік пен экономикаға қалай әсер етеді? 

– Иә, жасанды интеллект адамзатқа көптеген мүмкіндік сыйлағанымен, белгілі бір қауіп­терді де қатар алып келеді. Ең әуелі ол экономиканың дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Жасан­ды интеллект денсаулық сақтау, азық-түлік өндірісі, өнер­кәсіп және мемлекеттік қызмет көрсету салаларын дамытуға көмек­теседі. Әсіресе ғылым мен медицинадағы мүмкіндігі зор. Ақылды технологияның көмегі­мен бұрын қол жеткізу қиын бол­ған ғылыми жаңалықтар ашылып, жаңа шешімдер пайда болуы мүмкін. Ал мемлекеттер мен ком­паниялар осы жетістіктерді көп­тің игілігіне жарата алады. Десек те, оның азаматтық және әскери салаларда туындауы мүмкін қауіп­ті тұстарын назарда ұстауға тиіс. Қазір жасанды интеллект технологиялары әлем елдерінде бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Ең озық үлгілері АҚШ пен Қытайда жасалып, кейін өзге мемлекеттерге таралады. Сон­дық­тан бүгінде әлем елдерінің көбі жасанды интеллектіге қатыс­ты ережелерді өздері белгілемейді, керісінше, өзгелер белгілеген ережелерді қабылдайды. Біз бір­ле­се әрекет ете алатын маңызды алаңдардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы. Қазақстан бұған дейін де БҰҰ аясында су ресурс­тарын басқару, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер бойынша ха­лық­аралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Меніңше, Қазақстан жасанды интеллект саласында да осындай маңызды рөл атқара алады. Өйткені Қазақ­стан – АҚШ жетекшілік ететін Pax Silica бастамасына да, Қытай құрған WAICO ұйымына да қаты­сатын әлемдегі жалғыз мемлекет. 

– Қауіпсіздік демекші, әскери салада бұл мәселенің салмағы зор. Технология адамзат игілігіне қыз­мет етуі үшін әлем елдері қандай ортақ қағидаларды ұстануы мін­детті? 

– БҰҰ жанындағы ғылыми сарапшылар тобы жасанды ин­тел­лектіге қатысты қауіптердің үш негізгі түрін анықтады. Соның бірі – бұл технологияның теріс пиғылды адамдардың қолына түсуі. Террористік немесе ұйым­дас­қан қылмыстық топтар жасан­ды интеллекті  кибершабуылдар ұйымдастыруға, биологиялық қару жасауға немесе басқа да қауіпті әрекеттерге пайдалануы мүмкін. Мұндай жағдайда біз басқа салалардың тәжірибесінен сабақ алуымыз керек. Мәселен, өзара сенім деңгейі төмен сала­ларда да келісімдер жасалып, сен­імді нығайту шаралары қа­был­данған. Бұл кәдімгі қару-жарақ­қа, киберқауіпсіздікке, биологиялық және ядролық қару­ға қатысты салаларда да жүзе­ге асырылған. Қазіргі басты  мәселе – білім мен ақпарат алма­су. Мысалы, биологиялық қауіп­сіздік саласында елдер бір-бірінің зертханаларына барып, тәжірибе алмасуға болады. Ал ядролық қауіпсіздік бағытында арнайы халықаралық бақылау тетіктері бар. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ядролық нысандарды тексеруге арналған жүйесі жұмыс істейді. Осындай тәжірибені жасанды интеллект саласында да қолдануымыз керек. Алайда мұны жүзеге асыру әлде­қай­да күрделі. Себебі жасанды интеллект – бейбіт мақсатта да, әскери бағытта да қолданылатын әмбебап технология. Оның соғыс жағдайында пайдаланылуы үлкен алаңдаушылық туғызады. Қазір­дің өзінде әскери қақтығыстарда дрондардың кеңінен қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Менің­ше, бұл жерде бұлжы­майтын бір қағида болуға тиіс: адам өмірін қиюға қатысты шешімді ешқашан жасанды интеллектінің өзіне қалдыруға болмайды. Мұндай шешімді қабылдау процесіне міндетті түрде адам қатысып, соңғы шешімді өзі қабылдауға тиіс. Қазір бұл мәселе халықара­лық деңгейде де кеңінен талқы­ла­нып келеді. Соның бірі – Ни­дер­ланд пен Оңтүстік Корея бас­та­машы болған «Әскери сала­дағы жауапты жасанды интел­лект» бастамасы. Соның аясын­дағы кездесулер Испанияда да өтті. Ал 2027 жылы кезекті кездесу алғаш рет Африка құрлығындағы Кенияда ұйымдастырылады. Осы орайда тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. АҚШ пен Қытай арасында жасанды интел­лекті ядролық қаруға қатысты шешімдер қабылдау процесі­нен шеттету жөнінде нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Адамзат мұндай қаруды қайта қолданатын жағдайға ешқашан тап болмайды деп үміттенеміз. Бұл бағытта АҚШ пен Қытай арасында екі­жақ­ты диалог қалыптасқан. Алдағы уақытта осы талқылауға ядролық қаруы бар өзге мемле­кеттер де қосылады деп сенеміз. 

– Әлемде жасанды интеллект технологияларын дамытуда көп­те­ген елдің мүмкіндігі әлі де шектеулі. Мұндай теңсіздік дамы­ған және дамушы мемлекеттер ара­сындағы алшақтықты одан әрі ұлғайтпай ма?

– Расында, жасанды интел­лектінің дамуы әлемдегі цифрлық теңсіздікті одан әрі күшейтуі мүмкін деген болжам бар. Бұл мәселе әсіресе Африка елдері үшін өзекті. Өйткені құрлықтағы кейбір мемлекеттерде электр энергиясы тұрақты берілмейді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жеткілікті дамы­маған. Ал Қазақстан мұндай алшақтыққа тап болмау үшін ең алдымен қолда бар ресурстарын тиімді пайдалануы қажет. Мәсе­лен, жасанды интеллектіге қа­жетті есептеу инфрақұрылымын дамытып, суперкомпьютерлерді пайдалануға кететін шығындарды Орталық Азия мемлекеттері ара­сында бөлісуге болады. Сондай-ақ аймақтағы елдердің тілдік дере­ктерін біріктіріп, Түркі мем­лекеттері ұйымымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Мұны тиімді пайдалану керек. Тағы бір маңызды бағыт – отан­дық стартаптарды қолдау. Мемле­кет стартаптарға салықтық жеңіл­діктер беріп, жастардың жаңа жобалар жасауына қолдау көрсету қажет. Оларды шетелдік әріптес­термен тәжірибе алмасуға, бірле­сіп жұмыс істеуге ынталандырған жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері аз емес. Мен қазіргі уақытта Қазақстанның Оңтүстік Кореямен тығыз ынтымақтастық орнатқанын көріп отырмын. Одан өзге, Жапониямен, Қытай­мен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен де байланыс бар. Бұдан бөлек, Қазақстан үшін тағы бір маңызды қадам – БҰҰ аясындағы халықаралық бастамаларға бел­сен­ді қатысуы. Қазір БҰҰ дең­гей­інде жасанды интеллектіге қа­тыс­­ты ортақ саясатты қалып­тас­тыру жөнінде талқылаулар жүріп жа­тыр. Қазақстан да бұл жұмысқа өз үлесін қосып келеді. 

– Қазақстан келешекте АҚШ пен Қытай сияқты алпауыттармен иық тірестіре ала ма? Еліміз технологиялық көштен қалмау үшін қандай қадамдарға басымдық бергені дұрыс?

– Иә, әрине. Қазақстан OpenAI немесе DeepSeek сияқты ең озық жасанды интеллект модель­дерін әзірлемеуі мүмкін. Бірақ жасанды интеллект қолдан­ыла­тын көптеген салада айтарлықтай инновациялар жасай алады. Мен Қазақстанның физикалық әлемде әрекет ететін жасанды интеллекті, өндіріс пен робототехникадағы жасанды интеллект технология­ларын кеңінен енгізуге әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. Екін­шіден, мемлекеттік қызметтерге, медицина мен денсаулық сақтау­ға, ақылды қалаларға, автомат­тандырылған көлік құралдарына, заң қызметтері мен білім беру саласына арналған мамандан­ды­рылған жасанды интеллект жүйе­лерін әзірлей алады. Оның үстіне, аталған бағыттың көбінде әлем­дегі ең қуатты жасанды интеллект модельдерін жаңадан әзірлеудің қажеті жоқ. Оның орнына АҚШ пен Қытайда жасалған, параметр­лері немесе бастапқы коды ашық модельдерді алып, оларды жер­гілікті қажеттілікке бейімдеуге болады. Осы орайда Қазақстан­ның ұстанымын ерекше атап өт­кім келеді. Бұл – жасанды интел­лект саласында тек бір техно­­ло­гиялық алпауытқа тәуелді бол­мауға ұмтылуы. Қазақстан Батыс елдерінің де, Қытайдың да тех­нологияларын қатар пайдалануды таңдады. Алайда технологиялық даму туралы сөз қозғағанда тағы бір маңызды мәселені естен шығармаған жөн. Ол – ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау. Мен жасан­ды интеллект дәуірінде қазақ тілінің дамуына ерекше көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Бұл Қазақстанға ғана емес, Орта­лық Азиядағы өзге мемле­кеттерге де қатысты. Тәжік, түрік­мен, қырғыз және аймақтағы басқа да тілдердің болашақта кеңінен қолданылуы маңызды. Ол үшін осы тілдердегі деректерді толық жинақтап, ауқымды тілдік корпус қалыптастыру қажет. Бұл дерек­тер жаһандық жасанды интеллект модельдерін оқытуға көмектесуі тиіс. Сонымен қатар алгоритмдер Қазақстан мен Орталық Азияның өзіндік мәдени ерекшеліктерін түсінетіндей әзірленуі керек. Қазақстанның ана тілін жасанды интеллект жүйелеріне кеңінен енгізу арқылы цифрлық кеңіс­тіктегі орнын нығайтуға мүмкін­дігі бар деп есептеймін.

– Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына да үлкен өзгеріс әкелетіні айтылып жүр. Бұл өзгерістен кім ұтады, кім ұтылады? Еңбек жолын енді бастаған жас­тарға оның әсері қандай болмақ?

– Еңбек нарығында елеулі өзгеріс болары анық. Бірақ оның әсері әр салада әртүрлі көрініс таба­ды. Бұл өзгеріс қазірдің өзінде байланыс орталықтарының жұмысынан байқалып отыр. Филиппин, Вьетнам және Оңтүс­тік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде мұндай орталықтар кең таралған. Осы қызметтің барлы­ғын оңай автоматтандыруға бола­ды. Болашақта мұндай жұмысты адамның қатысуынсыз атқару мүмкіндігі артады. Тағы бір маң­ыз­д­ы мәселе – кәсіби қызметтің бастапқы сатысындағы жұмыс орындарының қысқаруы. Мыса­лы, заң, бухгалтерлік есеп және бизнес салаларында жас маман­дар атқаратын бірқатар міндетті жасанды интеллект орындайды. Сондықтан кейбір компаниялар бұрынғыдай көп қызметкер қабыл­дауға асықпайды. Сондай-ақ болашақта жүргізушілер мен кейбір басқа мамандық иелеріне сұраныс төмендеуі мүмкін. Бұл әсіресе еңбек жолын енді бастаған жастарға қиындық туғызады. Өзгерістің екінші қыры да бар. Жасанды интеллект кейбір жұ­мыс орындарын қысқартқаны­мен, жаңа мамандықтар мен қыз­мет түрлерінің пайда болуына ықпал етеді. Әсіресе робото­тех­ника, өндіріс және түрлі міндетті орындай алатын интеллектуалды жүйелер саласында жаңа мүмкін­діктер қалыптасады. Мысалы, үйлерде, кәсіпорындар мен қоғам­дық орындарда робот­тар­дың қауіпсіз жұмыс істеуін қамта­масыз ететін жаңа қызмет түрлері пайда болады. Келешекте адам­дардың интеллектуалды жүйе­лермен жұмыс істей білу қабілеті өзекті болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ