Құрылтайда өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті.
Өңдеуші секторға қолдау күшейеді
108
оқылды

Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның төрағалығымен өткен отырыста Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова депутаттар алдында баяндама жасады.

Талқылауда Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мемлекет басшысы Үкімет алдына өңдеу секторын жедел дамыту, экономиканы әртараптандыру және еліміздің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру міндетін жүйелі түрде қойып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұның терең мән-маңызы бар.

– Өзімізде металл да, мұнай мен газ да, басқа да табиғи байлықтар жеткілікті. Соған қарамастан біз шетелден кең көлемде құ­рал-жабдық, қосалқы бөлшектер, өнер­кәсіптік материалдар мен дайын бұйымдар сатып алуды жалғастырып келеміз. Мұндайда «Қолымызда осыншама зор байлық бола тұра неліктен оны төл өндірісімізді жолға қою мен отандық технологиялық желілерді өркендетуге барынша жұмсамай отырмыз?» деген орынды сауал туады. Міне, осы жерде қазақстандық өнімдерге ішкі сұранысты арттыру мәселесі алдыңғы қатарға шығады, – деп атап өтті Дания Еспаева.

Құрылтай Төрағасының орынбасары осы міндетті тиімді іске асыру құралдарының бірі ретінде болашақ өнімді кепілді өткізуді қамтамасыз ететін ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар тетігін атады. Отандық кәсіпорындар үшін бұл тетік өндірістік процестерді жүйелі жоспарлауға, инвестиция тартуға, заманауи технологияларды енгізуге, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Дания Еспаева Президент 2020 жылғы Жолдауында реттелетін сатып алулардың әлеуетін отандық өнеркәсіпке барынша бағыттап, мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушы­лардың кепілді сатып алуын жолға қоюды тапсырғанын еске салды. Ал биылғы Жол­дауында Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті мемлекеттік және квазимем­лекеттік сатып алуларға барынша тарту міндетін қойды. Осы орайда, оның айтуынша, сатып алуларға бөлінетін қомақты қаржының басым бөлігі ұлттық экономиканың игілігіне жұмсалуы тиіс. Бұл ретте кепілдендірілген тапсырыс берілгенде өнім сапасының жоғарылығы, сатып алудың ашықтығы, адал бәсеке және тараптардың ортақ жа­уапкер­шілігі басты орында тұруы қажет.

Сонымен қатар Құрылтай Төрағасының орынбасары Үкіметтің, даму институтта­рының, ұлттық компаниялар мен бизнес-қауымдастықтың іс-әрекеттерінің өзара үйлесімділігі ерекше маңызды екенін атап өтті. Мемлекеттің өнеркәсіптік саясаты қолдау тетіктерін ұсынуға ғана емес, ең алдымен нақты, өлшемді көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізуге бағдарлануы қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 14,5%-ға өсті. 2023 жылдан бері инвестиция 2 еседей ұлғайып, жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 661 инвестициялық жоба іске асырылды. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсті. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

– Іске қосылған кәсіпорындарда шамамен 6 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, оның үштен бірі экспортқа шығарылды. Жаңа кәсіпорындар негізінен құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және тамақ өнеркәсібі салаларында ашылды. Ең көп инвестиция машина жасау саласының үлесінде – шамамен 1 трлн теңге. Тамақ өнеркәсібіне – 760 миллиард теңгеден астам қаржы салынды, – деді министр. Ерсайын Нағаспаев жаңа өндірістерді іске қосумен қатар экономиканы әртараптанды­руға бағытталған стратегиялық маңызы бар ірі жобалар да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, осындай 17 жоба қолға алынды. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, агро­химия және түсті металлургия салаларындағы жобалар да жүзеге асырылуда.

Министрдің айтуынша, отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың сатып алуы кезінде отандық өнімге басымдық беру. 2026 жылдың бірінші жартыжылды­ғының қорытындысы бойынша осындай сатып алудың жартысынан астамы, яғни 7,5 трлн теңгесі қазақстандық жеткізу­шілердің үлесіне тиесілі. Алайда тауар сатып алудағы отандық өнімнің үлесі әзірге 33% шамасында болып отыр. Бұл отандық өндірістің даму әлеуеті айтарлықтай зор екенін көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жалпы өңдеу өнеркәсібінің 13%-ын құрайды. Қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі – майлы дақылдарды қайта өңдеу. Биылғы қазан айының соңындағы жағдай бойынша өсімдік майын өндіру көлемі 938 мың тоннаға жетіп, 24,1%-ға өсті. Жалпы осы кезеңде агроөнеркәсіп кешеніндегі азық-түлік өндіру көлемі 3,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға жоғары.

Өз кезегінде «Бәйтерек» ұлттық инвести­циялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым 2025 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін қолдауға шамамен 5,9 трлн теңге бағытталып, 5,7 мыңға жуық жо­ба қамтылғанын айтты. Бұл жобаларды жү­зеге асыру 23 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға, импортты алмастыратын және экс­порт­­­қа бағытталған өнім өндірісін ұлғай­туға, сондай-ақ отандық шикізатты терең өңдеуді дамытуға және қайта өңдеу деңгейі жоғары өнім шығаруды арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы Наталья Годунова қосымша баян­дамасында отырысқа қатысушылардың назарын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне аударды, оны арттыру жөнінде ұсыныстар айтты. Депутаттың пікірінше, басты мәселе қол жеткізілген экономикалық нәтижелерге байланысты болып отыр.

– Біздің дерегіміз бойынша, 2010 жылдан бері өңдеуші секторды қолдауға бюджет пен Ұлттық қордан кемінде 10 трлн теңге бағытталды. Осы кезеңде оның ЖІӨ-дегі үлесі 11,3%-дан 12,8%-ға дейін өсті. Яғни небәрі 1,5 пайыздық тармаққа артты. Мұндай өсім мемлекеттік қолдаудың ауқымына сай келе ме? Өйткені экономика­ның тұрақтылығын көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі – өңдеуші сектордың экономикадағы үлесі. Дәл осы көрсеткіштің оң динамикасы құрылымдық өзгерістердің жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Бұл міндет ұлттық стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде белгіленген, – деп атап өтті салалық комитет төрағасы.

Наталья Годунова өңдеу өнеркәсібін қолдау тетіктерінде қаржыландыру және шикізатпен қамтудан бастап, кәсіпорындар­дың жобалық қуатына көшуі мен өнімін өткізуді ұйымдастыруға дейінгі кезеңдерде жүйелі олқылықтар бар екенін де атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен даму институттарының жұмысын үйлестіруді күшейтіп, мемлекеттік қолдаудың түпкілікті нәтижелері үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар ол кейінгі бес жылдағы өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне кешенді бағалау жүргізуді ұсынды. Оның қорытын­дысы бойынша тиімсіз қолдау құралдарын қаржыландыруды қайта қарау, сондай-ақ жобаларды іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде кәсіпорындарды қолдаудағы олқылықтарды жою қажеттігін айтты.

Талқылау барысында Құрылтай депутаттары бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, отандық өнімге тұрақты сұраныстың болуын қамтамасыз ету, ірі тапсырыс берушілердің елішілік құндылықты дамытудағы жауапкершілігі, офтейк-келісімшарттардың тиімділігі мен олардың жаңа өндірістер ашудағы рөлі, сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бағдарла­масы аясында құрылыс материалдары өндірісін кеңейту мәселелері қозғалды. «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партиялық фракцияларының өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды.

Депутаттардан барлық сұрақтары мен ұсыныстары жинақталып, ұсыным түрінде Үкіметке жолданады. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне технологиялық тұрғыдан күрделі өнім өндірушілердің мемлекеттік ынталандыру шараларын алу жөніндегі өтінімдерін басым тәртіппен қарастыру тетіктерін әзірлеу ұсынылды. Басқа ведомстволарға берілген ұсынымдар отандық өңделген өнімнің өткізу нарықтарын кеңейту, азық-түлік өнімдерін мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ офтейк-келісімшарттар негізінде іске асырылатын жобаларды қаржылық сүйемелдеу мәселелерін қамтыды.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева қорытынды сөзінде ұсы­нымдарды іс жүзіне асырудың маңыздылы­ғына тоқталып, Құрылтай олардың орында­луына пәрменді парламенттік бақылауды қамтамасыз ететінін атап өтті. Оның ай­туынша, депутаттар қол жеткізілген нәти­­­желерді бағалау үшін алдағы уақытта бұл мәселеге қайта оралады. Басты нәтиже – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, бәсекеге қабілетті өнім шығару, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу болуға тиіс. 

Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Құрылтай депутаттары Наталья Годунова мен Алмат Әбдікешов, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова жауап берді.