Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқылы, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл тетік Қор тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаудың арқасында болашақ аналарға сәбиінің дүниеге келуіне алаңсыз дайындалуға мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін бұл төлемді тағайындау жұмыс берушінің міндетіне кіретін. Бұл ретте төлем тек жүктілік пен босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша төленетін қаражатпен шектелді.
Іс жүзінде мұндай жағдай еңбек нарығында әйелдердің құқығының жасырын шектелуіне алып келді.
Алдағы шығындарды болдырмауды көздеген кейбір жұмыс берушілер бала тууды жоспарлап жүрген әйелдерді жұмысқа қабылдаудан бас тартқан немесе олармен еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайлар кездесетін.
Бұл төлемді Қор арқылы жүзеге асыруға көшіру жағдайды түбегейлі өзгертті.
Осылайша, мемлекет бизнестің тікелей қаржылық жүктемесін азайтты. Ал жұмыс істейтін әйелдер бүгінде ресми еңбек қызметіне және өздері үшін төленген әлеуметтік аударымдарға негізделген қосымша қаржылық қолдау алады.
Әлеуметтік төлемді кімдер және қашан ала алады?
Әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және өздері үшін жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар төлеген әйелдерге тағайындалады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар әлеуметтік аударымдарды өздері аударады.
Төлем тағайындауға жүктіліктің 30-аптасынан бастап рәсімделетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негіз болады.
Әлеуметтік төлемді алу үшін Қорға осы парақ берілген күннен бастап 12 ай ішінде өтініш беру қажет.
Әлеуметтік төлем мөлшері қалай есептеледі?
Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу кезінде ақпараттық жүйе екі негізгі көрсеткішті ескереді.
Болашақ ананың ресми табысы. Жүйе әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар есептелген орташа айлық табысын негізге алады.
Бұл ретте есепке алынатын айлық табысқа шектеу қойылған: ол 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл сома 595 000 теңгені құрайды.
Декреттік демалыстың ұзақтығы. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай тиісті коэффициент қолданылады. Қалыпты босану кезінде (126 күн) коэффициент 4,2-ні, ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда (140 күн) 4,67-ні құрайды.
Ядролық сынақтар жүргізілген аймақтарда тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.
Егер босанғаннан кейін асқынулар туындаса және қосымша 14 күнге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілсе, Қор әлеуметтік төлем мөлшерін автоматты түрде қайта есептейді.
Жұмыс берушінің рөлі
Егер әйелдің нақты жалақысы әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс мөлшерінен, яғни 7 ЕТЖ-дан асып кетсе, айырмасын жұмыс беруші өтей алады. 2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты есепке алынатын табыстың шекті мөлшері 770 000 теңгеге дейін ұлғаяды.
Еңбек кодексіне сәйкес, компаниялар еңбек немесе ұжымдық шартта жұмыскерге орташа жалақысының толық мөлшеріне дейін қосымша төлем төлеу тәртібін қарастыра алады.
Бұл – бала дүниеге келген кезде әйелдің табысынан айырылмауына мүмкіндік беретін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі.
Артық құжатсыз рәсімдеу
Төлемді алу үшін табысы туралы анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар туралы барлық мәлімет мемлекеттік дерекқорлардан алынады.
Электрондық еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін ақпараттық жүйе әйелдің әлеуметтік төлем алуға құқығын автоматты түрде тексеріп, оны тағайындау үшін болашақ анаға проактивті форматта SMS-хабарлама жібереді.
Өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге немесе ХҚКО-на жүгінуге болады.
Биылғы жылдың 10 айында жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 130,1 мың отбасы алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 144,6 млрд теңгені құрады.
Осылайша, ресми жұмыспен қамтылу болашақ аналарға өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірінде сенімді қаржылық қорған бола алады. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі өзара ұштасады.
Қордың босанғаннан кейін де ана мен баланы қалай қолдайтыны, атап айтқанда, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлемді қалай алуға болатыны туралы Еңбек министрлігі келесі материалда толығырақ түсіндіреді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
