Астанада AIFC Diplomatic Day – дипломатиялық миссия басшыларының «Астана» халықаралық қаржы орталығына сапары аясында Қазақстан инвесторлары қауымдастығының (ҚИҚ) «Қазақстан: инвестициялық навигатор» атты талдамалық баяндамасының таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырды. Оған Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаһандық өзгерістер жағдайында экономикалық дипломатияның рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық бағыттардың бірі ретіндегі позициясын нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Сондай-ақ министр инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жаңа халықаралық әріптестіктер орнату мақсатында еліміздің дипломатиялық корпуспен және шетелдік инвесторлармен ашық өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.
Баяндаманы ҚИҚ Басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов таныстырды. Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Халық Банкінің басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Қауымдастық мүшесі әрі Ұлттық баяндаманың дайындалуына қолдау көрсеткен серіктес Дәурен Сартаев қатысты.
Кездесу шет мемлекеттердің елшілерімен тікелей диалог орнатуға, Қазақстанның инвестициялық ахуалы, негізгі экономикалық үрдістері және халықаралық капитал тарту перспективалары туралы өзекті ақпаратты жүйелі түрде таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
«Қазақстан: инвестициялық навигатор» баяндамасын Қазақстан инвесторлары қауымдастығы Dasco Group компаниясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның, Halyk Bank-тің және «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен әзірледі. Құжатта ресми статистика, халықаралық зерттеулер, компанияларға жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері, сондай-ақ сарапшылармен, бизнес иелерімен және топ-менеджерлермен өткізілген 25-тен астам тереңдетілген сұхбаттың қорытындылары жинақталған. Баяндама инвесторлар үшін практикалық бағдар және Қазақстанның инвестициялық саясатын халықаралық деңгейде таныстыру құралы болып табылады.

Баяндамада инвестициялық жағдайды айқындайтын негізгі ұзақмерзімді жеті тренд атап өтілді. Олардың қатарында жаһандық экономиканың фрагментациясы және Қазақстанның өңірлік жеткізу тізбектеріне интеграциялануы үшін туындайтын жаңа мүмкіндіктер; ауқымды технологиялық өзгерістер мен цифрлық инфрақұрылымға сұраныстың артуы; Орталық Азияның қарқынды дамуы; шикізаттық емес өсім орталықтары ретіндегі «цифрлық ұрпақ» пен мегаполистердің рөлі; инфрақұрылымды жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігі бар.
Таныстырылымның жеке бөлімі Қазақстанға инвестиция салудың жеті негізгі себебіне арналды. Олар елдің бәсекелестік артықшылықтары мен халықаралық капитал тарту мүмкіндіктерін көрсетеді.
Инвестициялық ландшафттың өзгеруіне де ерекше назар аударылды. Инвестициялар дәстүрлі индустриялық өңірлерден тұтыну мен демографиялық өсім орталықтарына – мегаполистер мен оңтүстік өңірлерге қарай белсенді түрде ауысуда. Астана, Алматы және Шымкент қалалары елдегі негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның шамамен 25%-ын шоғырландырады. Бұл ретте оңтүстік өңірлерде өсім қарқыны жоғары.
Баяндаманың дипломатиялық корпус алдында таныстырылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытқа сәйкес келеді. Мемлекет басшысы бірнеше рет: «Мемлекет шетелдік инвестицияларды ынталандыру, іскерлік белсенділікті арттыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және жетілдіру саясатын жалғастырады. Біздің стратегиялық бағытымыз қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруды және елде бизнесті кедергісіз жүргізу үшін институционалдық негіздерді нығайтуды көздейді», – деп атап өткен болатын.
Қазақстан инвесторлары қауымдастығы халықаралық қоғамдастық арасында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы объективті әрі өзекті ақпаратты ілгерілету және шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
