Сыр шаһарында 600 мың кітап қорын сақтауға арналған заманауи Президенттік кітапхана бой көтермек.
Жаңа кітапхана – оқырманның ордасы
122
оқылды

Тәулік бойы жұмыс істеуге бағытталған жаңа нысан өңірдің мәдени-рухани өміріне тың серпін береді деп күтілуде. Алайда жаңа ғимараттың мүмкіндігі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қаншалықты ықпал етеді? Жаңа рухани орталық жеке балалар кітапханасына деген қажеттілікті өтей ала ма?

Құрылыс қарқыны қалай?

2026 жылдың алғашқы айында Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана саласын дамыту мә­се­лесіне ерекше тоқталған болатын. Соңың не­гізінде Қызылорда қаласынан Астана мен Ал­маты қалаларына арналған жоба негізінде Президенттік кітапхана үлгісіндегі заманауи кітапхана ғимаратын салу жобасы әзірленгені мәлім. 

Қазір Қызылорда қаласында Президенттік кі­тапхана үлгісіндегі заманауи нысанның ор­на­ласу аумағы нақтыланып, құрылыс жұмыс­тары­ның алғашқы сатысы басталды. Жалпы ауда­ны 13 мың шаршы метр болатын бірегей жо­баның жалпы құны 20 миллиард теңгеге ба­ға­ланып отыр. 

Өз кезегінде жаңа кітапхананың қазіргі жайы мен алдағы жоспарлары төңірегінде Әб­ділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әм­бебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Айгүл Жанғабыловадан сұрап көр­дік. Оның айтуынша, Қызылордада зама­науи үлгідегі жаңа кітапхана салу бастамасы уа­­қыт талабынан туындаған маңызды міндет са­­­­налады.

«Бүгінде кітапхана білім мен ғылымның, мә­дениет пен шығармашылықтың тоғысқан ор­талығына айналып тұр. Соған сәйкес,  зама­науи кітапхана оқырманға дәстүрлі кітап қоры­мен қатар электронды ресурстарды пайда­лану­ға, ғылыми ізденіспен айналысуға, пікір ал­ма­суға және шығармашылық қабілетін дамытуға мүм­кіндік беруі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Қызылордадан Пре­зи­­­­денттік кітапхана үлгісіндегі нысанның ірге қалауы облыстың мәдени инфрақұрылымын да­мытуға қосылған үлкен үлес деп есептеймін. Әсі­ресе жаңа нысанда заман талабына сай жаб­дықталған балалар мен жастарға арналған кеңіс­тіктердің, электронды оқу залы мен за­манауи зертханалардың қарастырылуы көңіл қуан­тады. Бұл жас ұрпақтың кітап оқуға қы­зығушылығын арттырып қана қоймай, олардың жаңа технологияларды меңгеруіне де жол аша­ды.

Ең бастысы, жаңа кітапхана мазмұны бай, кі­тап қоры үнемі жаңарып отыратын, білікті ма­мандар жұмыс істейтін, оқырман үшін тар­тымды рухани орталыққа айналатынына сенім зор», – дейді Айгүл Есенқызы.

Мәліметке сәйкес, кітапхана құрылысына Президент саябағы аумағынан 3 гектар жер те­лімі бөлінген. Ғимарат цокольді қабатымен қо­са есептегенде, төрт қабатты құрайды. Жал­пы 600 мың кітап қорын сақтауға арналған ру­хани орталықта 400 мың кітап, 100 мың мер­зімді басылым және ноталар, карталар, дис­сер­тациялар, авторефераттар секілді 100 мың түрлі ба­сылым болады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жаңа кітапханада оқырман­дарға арналған 18 зал қарастырылған. Олардың қатарында 200 орындық оқу залы, кітап көрмесі мен галерея, ғылыми-зерттеулер, әлем әдебие­ті, өнер әдебиеттері, сирек кітаптар мен қол­жаз­­балар залдары, балалар әдебиеті бөлімі, элек­тронды оқу залы, коуоркинг орталығы, Media Lab және подкаст студиясы бар. Сондай-ақ 200 орындық конференц-зал, мәжіліс залы, құ­жаттарды қалпына келтіру және баспа өнім­дерін әзірлеу зертханалары, 17 қызметтік ка­бинет орналасады. Media Lab пен подкаст з­а­лын­да заманауи бағдарламалар әзірлеу және жа­санды интеллект бағытында жұмыс жүргізу мүм­кіндігі қарастырылған.

Ең бастысы, тәулік бойы жұмыс істейтін кі­тап­хана жылына 50 мың оқырманға қызмет көр­сетеді деп күтілуде. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Қайта оралған қуаныш

Тарихқа көз жүгіртсек, 1997 жылы экономи­ка­лық және әлеуметтік қиындықтарға байла­ныс­ты Қызылордада облыстық балалар кітап­ханасы мен Н.Островский атындағы облыстық жа­сөспірімдер кітапханасы өз жұмысын тоқ­тат­қаны мәлім. Кейіннен бұл қос кітапхана Әб­ділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғы­лыми кітапханасына біріктірілді. Содан бері Сыр өңірінің кішкентай оқырмандарына кітап­ханалық қызмет көрсету осы мекеменің арнайы бө­лімі арқылы жүзеге асырылып келеді.

Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда об­­­­лыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бал­а­лар бөлімі меңгерушісі Маржанкүл Айгиси­но­ва­­ның айтуынша, алдағы уақытта жаңа за­ма­науи кітапханадан балаларға арналған ор­та­лық жұмысын үйлестіру назардан тыс емес. Заман та­лабына сай жабықталатын жаңа нысанда ба­лаларға арналған кеңістіктің қарастырылуы құп­тарлық бастама екенін алға тартады.

«Баланың кітапқа деген қызығушылығы кіш­кентай кезінен қалыптасады. Сондықтан кітап­хана ең алдымен балаға жайлы, қызықты әрі танымдық орта болуы керек. Қазір біздің бө­лімде бүлдіршіндерден бастап жасөспірім­дер­ге дейінгі оқырмандарға қызмет көрсететін төрт зал жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Бал­дыр­ғандар залы», оқу залы, балалар абонементі мен «Еркетай» ойын-сауық алаңы арқылы жас жеткіншектерді кітап әлеміне тартуға тыры­самыз. Сонымен қатар түрлі жоба мен үйірме ұйым­дастырып, балалардың шығармашылық қа­білетін дамытуға көңіл бөлеміз. Биылдың өзін­де кітапхана іргесіндегі балалар бөлімінде 90 іс-шара өткізіліп, оған 3 295 бала қатысты. Бұл – балалардың кітап оқуға, танымдық шара­ларға қызығушылығы бар екенін көрсетеді. Жал­пы, келешекте жаңа кітапхана іргесінен де осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге кө­теру­ді мақсат тұтып отырмыз», – дейді Мар­жан­күл Тұрғынбайқызы.

Шынында да, облыстық кітапхана жанын­да­ғы балалар бөлімі жас оқырмандармен жүйелі жұ­мыс жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішін­де түрлі әдеби-танымдық кездесу, шығар­ма­шылық үйірмелер мен ойын-сауық шаралары ба­лалардың кітапханаға деген қызығушылығын арт­тыруға септігін тигізіп тұрғаны байқалады. Алай­да мәселенің екінші қыры бар.

Негізінен, балалар мен жасөспірімдердің кі­тап оқуға деген талғамы, ақпарат қабылдау ерек­шелігі мен танымдық сұранысы ересек­тер­ден өзгеше. Сондықтан олармен жұмыс іс­теу­дің өзіндік әдістемесі, арнайы әдеби қор мен тұ­рақты бағдарламалар қажет. Бұл ретте дербес ба­лалар кітапханасының мүмкіндігі әлдеқайда кең екенін көпшілік жоққа шығармайды.

Осы тұста өңірде арнайы бөлім мен дербес балалар кітапханасының қажеттігі әлі де сезіліп тұрғаны жасырын емес.  Өйткені жеке мекеме ре­тінде жұмыс істейтін кітапхана балалар әде­биетін жинақтауға, жас ерекшеліктеріне қарай оқу бағдарламаларын әзірлеуге, шығармашы­лық ортаны қалыптастыруға және аудандық кі­тап­ханалармен байланыс орнатуға кең мүм­кін­дік туғызар еді.

Қалай дегенде де, 1997 жылдан бері шеші­мін таппай келе жатқан бұл мәселені қайта қа­­рас­тыратын уақыт жеткен сияқты. Жаңа кітап­­хана бірінші кезекте өңірдің рухани кеңіс­ті­гін кеңейтуге берілген үлкен мүмкіндік. Ен­деше осы мүмкіндікті балалар әдебиетін да­мы­туға, жас оқырманның талғамына сай дербес ба­лалар кітапханасының жұмысын жаңғыртуға ба­ғытталған нақты бастамалармен толықтыру қа­­­­жеттігі өздігінен сұранып тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы